Basty bet
Комитеттің кезекті пленумы
Аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда «Білім қызметкерлері кәсіподағының Жуалы аудандық комитеті» филиалының кезекті пленумы болып өтті. Оған аудандағы мектептердің директорлары, бөбекжай-балабақша меңгерушілері, бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері мен бірқатар ұйым мүшелері шақырылды. Пленум жұмысына аудан әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжанов, «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ филиалы төрағасының орынбасары Берік Баймағамбетов қатысты.
Жиынды «Білім қызметкерлері кәсіподағының Жуалы аудандық комитеті» филиалының төрайымы Гүлнұр Қадырбек ашып, күн тәртібінде қаралатын мәселелерге назар аударды. Онда үш мәселе қаралды. Атап айтқанда, жергілікті кәсіподақтың жоғары тұрған кәсіподақ органдарының бағдарламалық құжаттары мен аудандық ұйымның V есеп беру-сайлау конференциясының шешімдерін орындау барысы мен алдағы міндеттері туралы. Филиалдың 2020 жылға арналған шығын сметасын бекіту туралы.
«Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ филиалы «Жуалы аудандық комитетінің» комитеті құрамына жолданған өкілді кері шақыру мен алмастыру туралы.
Алдымен аудандық комитет төрайымы Г.Қадырбек баяндама жасады.
– Жергілікті кәсіподақтың жоғары тұрған кәсіподақ органдарының бағдарламалық құжаттары мен аудандық ұйымның V есеп-беру сайлау конференциясының шешімдерін орындау барысы мен міндеттерін жүзеге асыруда аудандық комитет өз жұмысын жалғастыруда.
Комитетте 2019 жылғы қазан айындағы статистикалық есеп бойынша бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны – 74. Ал ондағы мүшелік саны 3945 адамды құрайды. Биыл бір мекеме, яғни №41 Төңкеріс бастауыш мектебінің қызметін тоқтату туралы аудан әкімдігінің қаулысы шыққан.
Әрбір мекемедегі бастауыш кәсіподақ ұйымына жинақ папкасы арналып, онда бастауыш кәсіподақ ұйымы туралы жалпы мәліметтер жинақталған. Аталған құжаттардың ішінде тарификациялық тізім бүгінгі күнге толық емес. Сала қызметкерлерін құқықтық қорғау, олардың мүддесі мен мұң-мұқтажынан үнемі хабардар болып, оны мезгілінде шешу жұмыстары бар.
Конференциядан бері жоспарлы сегіз атқару комитетінің жиналысы өткізілген. Комитеттің жиналысы барысында жұмыс жоспарын бекіту, ұжымдық шартты талқылау, жарғылық міндеттерді жүзеге асыруға ықпал ететін мәселелер, оның ішінде ынталандыру шаралары, кәсіподақ мүшелігінің есептілігін жүргізу мен кәсіподақтық құжаттарды рәсімдеу тәртібі, сауықтыру шараларының жоспары мен өткізу қорытындылары, сала өкілдерін әртүрлі дәрежедегі кәсіподақтық және өзге де марапаттарға ұсыну, әртүрлі кәсіби мерекелер және атаулы даталарды ұйымдастырып өткізу және оның нәтижелерін қарау, мерекелерге қаржы бөлу сынды мәселелер қамтылған.
Жеке және заңды тұлғалардың жазбаша және ауызша сұрақтарына және жеке қабылдауда болған кісілерге заңға сәйкес жауап берілді. Аталған арыздарда еңбек қатынастарын рәсімдеу, жұмыс және демалыс режимінің бұзылуы, еңбекақы төлеу мәселелері, әлеуметтік әріптестік пен ұжым шарттық қатынастар мәселелері бойынша және кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша 24 талап-арыз сотқа жазылған. Сотта өкілеттік ету көрсеткіші – 24. Құқықтық тақырып аясында оқылған лекциялар мен баяндамалар – 12.
Аудандық комитет жоспарында құқықтық үйірме жетекшілерінің, сондай-ақ тұрақты жұмыс атқаратын кәсіподақ активін оқыту мектебінің жұмыс жоспары әзірленген. Онда қамтылған мәселелер жарғылық міндеттерді жүзеге асыру мен құқықтық сауаттылықты арттыруға қажетті тақырыптар қамтамасыз етілген. Ауданда өткізілген сабақтар, пайдаланылған әдістемелік құралдар, үлестірмелі материалдар, фотосуреттер арнайы папкада жинақталған. Жыл басынан 12 семинар өткізілген. Аудандық филиалдың ақпараттық жұмысы, кәсіподақ қызметін насихаттау бағытындағы комитеттің тынысы республикалық «Еңбекші» және аудандық «Жаңа өмір» газетінде ұдайы жарық көріп тұрады,- деді Гүлнұр Қадырбекқызы.
Баяндамаға орай жарыссөзде Ақтөбе тірек мектебінің директоры Гүлнар Әбілдаева, «Аула клубының» директоры Ақбота Қаңтарбаева сөйлеп, мекемелердің күнделікті тынысын, сонымен бірге ұсыныстарын жеткізді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжанов сөйлеп, білім бөлімінің аудан және облыс әкімдерімен бекітілген индикаторлық келісімдерге сай атқарылып жатқан жұмыстарды, жалпы білім саласындағы өзгерістерді айтып өтті.
«Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ филиалы төрағасының орынбасары Берік Баймағамбетов проблемалық сұрақтарға жауап беріп, құқықтық тұрғыдан кеңестер бере отырып, әлеуметтік әріптестікті дамыту керектігіне баса назар аударды.
Пленум барысында күн тәртібіндегі өзге де мәселелер қаралып, ұсыныстар тыңдалды. Тиісті қаулылар қабылданды. Сонымен бірге жиында бірқатар мектеп басшылары мен мұғалімдер Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен және Алғысхаттарымен марапатталды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»