Basty bet
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуі
Құрметті отандастар! ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең.
Қазақстан тəуелсіздік алғаннан кейін осы нəубеттің құрбандарын мəңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шараларды жүзеге асыра бастады.
1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды.
1 9 9 7 ж ы л ы Е л б а с ы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді.
Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет əкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды.
100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды.
Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ə.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары бар.
Отанын сатқандар əйелдерінің Ақмола лагері («АЛЖИР») сол жылдардағы қатыгездік пен жауыздықтың қара таңбасындай болды. Мұнда саяси тұтқындардың жақын туыстары, əйелдері мен балалары қамалды.
Бүгін біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мəжбүр болғандарды да еске аламыз. Бұл зобалаңның қасіретін үш миллионға жуық адам тартты.
Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі əрбір азаматтың жүрегіне жара салды.
Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды. Ата-бабаларымыздан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік алдық.
Бүгінде республика өңірлерінде «Қазақ халқына – мың алғыс» монументтері орнатылған. Бұл – қазақ жұртының ақ пейілі мен даналығына деген шексіз ризашылықтың белгісі.
Тарихи əділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым.
Біз жазықсыз жазаланғандардың əрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тəуелсіздіктен бастау алады.
Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз.
«Егемен Қазақстан» газеті,
№104, 1 маусым 2020 жыл