Basty bet

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДАҒЫ КАРАНТИН: ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАРДЫҢ ЖАУАБЫ

Карантиннің енгізілуіне байланысты тұрғындар мен кәсіпкерлер тарапынан көптеген сұрақтар түсуде, солардың ішіндегі бастысы – «Карантин режимінде қалай жүріп тұрамыз және қалай жұмыс істейміз?». Осыған орай Жамбыл облыстық жедел штабы азаматтардың жүріп-тұру ережесін реттейтін Шешім қабылдады.
1. Карантин кезінде үйден шығуға болады ма?
Аймақ тұрғындары егер емделуге немесе жұмысына баратын болса ғана және дүкендер мен дәріханаға бару үшін үйлерінен шыға алады.
Мүмкіндігінше үйге жақын маңдағы дүкендер мен дәріханаларға барған жөн. Егер олай болмаған жағдайда көлікпен төңіректегі дүкендер мен дәріханаларға баруға болады.
Жасы 65-тен асқан адамдарға үйден шығуына шектеу қойылған, ал кәмелетке толмағандарды үлкендер ертіп жүру керек. Тұрғындарға бөлек тұратын және күтімге мұқтаж егде жастағы туыстарын карантин кезінде үйлеріне алып келіп, уақытша болса да қарайласа тұруға кеңес береміз.
Саябақтарға, скверлерге, жағалауларға, балалар және спорт алаңшаларына баруға тыйым салынады. Ондай жағдайлар полиция нарядтарының бақылауына алынған. Үйдің қасында үй жануарларын серуендетуге болады.
2. Қоғамдық көліктер жұмыс істейді ме?
Карантин кезінде аймақтағы қоғамдық көліктер қозғалысы тоқтатылады.
Өндіріс циклы үздіксіз жұмыс істейтін ірі кәсіпорындардың жұмысшылары автобустармен немесе автомобильдермен тасымалданады.
Тек қана ресми тіркелген такси қызметінің жұмыс істеуіне рұқсат берілген. Полиция талап еткен жағдайда такси жүргізушілері такси паркінен берілген анықтаманы көрсетуі тиіс.
Оған қоса, егер такси жолаушылары бір отбасының мүшесі болмаса көлікке екеуден артық жолаушы отыра алмайды.
3. Жұмысқа жеке автокөлікпен баруға болады ма?
Жұмысы тоқтамаған кәсіпорындар мен бизнес субъектілерінің жұмысшыларына үйден жұмысқа белгіленген жұмыс кестесіне сай жеке көлігімен жүріп-тұруы рұқсат етілген.
Сонымен қатар жұмыс орнынан жұмыс кестесі көрсетілген анықтамасы болуы керек, сондай-ақ www.zhambylruksat.kz сайтында алдын ала өтініш беру немесе облыс әкімдігінің тиісті басқармасына хабарласу арқылы «Сергек» базасына деректерін енгізу керек. Өтінішті қарау мерзімі – 3 жұмыс күні.
Полиция қызметкерлері көліктерді тоқтату кезінде планшет арқылы «Сергек» базасынан деректерді және жүру уақытының жұмыс кестесімен сәйкестігін тексереді.
4. Медицина қызметкерлері жұмысқа қалай қатынайды?
Құқық қорғау және арнайы органдардың, медициналық мекемелердің, тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау қызметінің, Ұлттық санэпидсараптама орталығының, апаттық-құтқару кәсіби қызметінің қызметкерлеріне жұмысына және үйіне жұмыстан берілген анықтамасын немесе қызметтік куәлігін көрсетіп жеке көлігімен жүруіне болады.
5. Көшеде медициналық бетперде киіп жүру міндетті ме?
Тұрғылықты жерінен тысқары жерде жүрген кезде өңір тұрғындары жеке қорғаныс құралдарын, оның ішінде медициналық бетперделерді қолдану керек.
6. Көктемгі дала жұмыстарына жұмылдырылған шаруа қожалықтарының жұмысшыларына облыс аумағында жүруіне рұқсат етіледі ме?
Көктемгі дала және ауыл шаруашылығы жұмыстарына жұмылдырылған жұмысшылар ауылдық жерлерде жүрген кезде өзімен бірге жұмыс орнынан анықтама алып жүрсе жеткілікті.
Тараз қаласына жеңіл көлікпен кіру/шығу кезінде «Сергек» базасындағы деректері талап етіледі, сонымен бірге әр жолаушы жұмыс орнынан берілген анықтамасын көрсетуі тиіс.
«Сергек» базасына деректерін енгізу үшін міндетті түрде www.zhambylruksat.kz сайтында өтініш қалдыру керек немесе Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына 51-10-86 телефон нөмері арқылы хабарласу керек.
Егін шаруашылығына жұмылдырылған ауыл шаруашылық техникалары еш шектеусіз жүре алады.
Толық ақпаратпен www.ush.zhambyl.kz/ru/11382-2/ сілтемесі арқылы танысуға болады.
7. Аграршылар егін жұмыстарына қажетті қосалқы бөлшектер мен тыңайтқыштарды сатып ала алады ма?
Иә, ауыл шаруашылық техникаларын, өсімдікті қорғау дәрілік заттарын, тыңайтқыштарды, тұқым және құрылыс материалдарын сатумен айналысатын ұйымдар 06.00-ден 14.00-ге дейін жұмыс істейді.
8. Азық-түлік дүкендері қалай жұмыс істейді?
Супермаркеттер, шағын маркеттер және үйдегі дүкендер сағат 10.00 мен 20.00 аралығында ашық болады.
Барлық сауда дистрибьюторлары, көтерме сауда жеткізушілері, тауар өндірушілері аса қажетті тамақ өнімдері мен тауарлардың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуі тиіс.
Жеміс-жидек өнімдерінің көтерме сауда базарлары 06.00-ден 14.00-ге дейін жұмыс істейді.
9. Дәріханалардың жұмыс режімі шектеледі ме?
Дәріханалардың жұмыс режіміне ешқандай шектеу қойылмайды.
10. Туындаған сұрақтар бойынша қайда хабарласу керек?
Карантинге қатысты барлық сұрақтар бойынша бірыңғай байланыс орталығының 109 нөмеріне хабарласуға болады.

Таңдаулы материалдар

Close