Basty bet
Ұлт болашағы – дені сау ұрпақ
Жақында «Мәңгілік ел» жастар саябағында «Жастар ресурстық орталығының» Бауыржан Момышұлы ауылы жастар ісі нұсқаушысы Элмира Сүйінбаеваның ұйымдастыруымен осындай тақырыппен «Street workout» турнирі өтті. Шараны «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов ашты.
-Бүгінгі өтіп жатқан іс-шараның маңызы мен мазмұны ауқымды. Себебі, жастар – қоғамның қозғаушы күші. Сонымен қатар еліміздің ертеңі, жарқын болашағы жастардың қолында екені баршамызға белгілі. Осы жас буын өкілдеріне мемлекет тарапынан барынша, яғни, білім алуға, дене шынықтырумен шұғылдануға, кәсіппен айналысуға тағы да басқа да жағдайлар жасалуда. Соның бірі де бірегейі бұқаралық спорт түрін дамыту үшін «Street workout» алаңшалары ашылу үстінде. Бүгінгі іс-шарамыз да дәл осы алаңшада өтетін болады. Ендеше, бүгінгі жарыс кіл мықтыдан кім мықтыны анықтайтын турнир болатынына сенім білдіремін, – дей келе, ол шараға қатысушы жастарға сәттілік тіледі.
Турнирдің мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыру, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, жасөспірімдер арасында көше спортының дәрежесін көтеру, бұқаралық спорттың одан әрі дамуына, өркендеуіне жағдай жасау.
Жарысқа әр ауылдық округтен белсенділік танытқан 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатысты. Турнирге қатысушылар спорттық киімде және шараға қатысуға мүмкіндігі барлығын дәлелдейтін дәрігердің анықтамасы арқылы қатысуға жіберілді. Жарысқа барлық ауылдық округтерден 47 жас қатысты. Олар белтемірге тартылу, қоссырықта (брусья) көтерілу, жерден көтерілу (отжимание) сайыстары бойынша жарысты. Ойынға №1 мектеп-гимназияның дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Дамир Рахымбек және №12 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Абылай Қалып төрелік етті.
Тартысты турнир өз мәресіне жетіп, қорытындысы жария етілді. Нәтижесінде, №30 Көктөбе орта мектебінің спортшысы Шынболат Мақашев I орын иеленсе, ал ІІ орын №29 орта мектебінің оқушысы Ерлан Қыпшақбайға бұйырды. Жарыстың жүлделі үшінші орынына №1 мектеп-гимназияның қатысушысы Владимир Вехов тұрақтады. Сонымен қатар №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің оқушылары Ақбота Дүйін – «Үздік спортшы», Нүрзия Назарова – «Ең жас спортшы» және турнирге төрелік еткен Абылай Қалып пен Дамир Рақымжан «Үздік төреші» номинацияларымен марапатталды.
Шараны «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов қорытындылап, ол жарысқа қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар тапсырды.