Basty bet
Тазалық – иманның жартысы
Б.Момышұлы ауылы Қ.Түрікбаев көшесінің тұрғындары осыны неге ескермейді?
Қоғамның тазалығы әрбір адамның өзінің жеке тазалығына мән беруінен басталады. Әр нәрсенің тазалығы бар. Тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткішінің бірі. Ол адамның денсаулығы, өң түсінің сүйкімділігі, өмір жасының ұзақтығы, тұла бойының сәнділігі, өз қадір-қасиетін бағалауы, айналасына тартымдылығы деген сөз.
Әрбір ата-ана да ұл-қыздарының өздеріне қарап тәрбие алатынын естен шығармағаны жөн. Осы себепті қазақта: «Сен баланы тазалыққа, әдептілікке тәрбиелеймін деп әуре болма, бала бәрібір саған ұқсайтын болады. Сен одан да өзіңді тәрбиеле. Ұл-қызың саған қарап өседі, бой түзейді»,- дегенін ескерсек игі.
Қоғамда көп көтерілетін мәселелердің бірі осы қоғамдық тазалық мәселесі. Бұл жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында да жазудай-ақ жазылып, айтудай-ақ айтылып келеді. Бірақ, айтылған сыннан қорытынды шығарып, сол арқылы өзімізді, айналамызды түзетіп жатқанымыз шамалы. Өзіңіз бір сәт тұратын ауылыңыздың сыртына шығып, сай-салаларды бір қарап шығыңызшы. Ондағы шашылған күл-қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды көрер едіңіз. Сонда оларды алыстан, басқа ауданнан кім әкеліп тастап жатыр деп ойлайсыз? Бәріне кінәлі өзіміз. Адамдардың көзін ала бере, кейде түнде ауыл сыртындағы белгіленбеген орындарға қоқыс тастап жатқандар бар. Оларға қашан тыйым болатыны әлі белгісіз.
Б.Момышұлы ауылындағы Н.Тұрысов көшесі мен Қ.Түрікбаев және Достық-1, Достық-2 көшелерінің ортасын үлкен сай бөліп жатыр. Тиісінше, сайдың орта тұсындағы автомобиль және жаяу жүргіншілер өтетін көпірдің тұсынан Достық көшесіне қиғаштап арық тартылған. Аталған көшенің тұрғындары ұзақ жылдан бері сол арық арқылы келетін суды бақша суы ретінде пайдаланып отыр. Былтыр Қ.Түрікбаев көшесінің тұрғыны (аты-жөнін атап көрсетпеймін) сайдағы бос жатқан жерді қоршап алып, заңсыз иемденген еді. Ол азаматша сол тұстан өтетін арықты топырақпен, басқа да тұрмыстық қалдықтармен жауып тастап, Достық көшесіндегі тұрғындарға екі аптадай арық суын бермей қойған болатын. «Бетпақ жеңеді, бейбақ көнедінің» кері келіп, бетпақпен айқайласуға ешкімнің батылы бармады. Есесіне біраз уақыттан кейін бұл мәселе Б.Момышұлы ауылының бұрынғы әкімі Көбейсін Хайралаповтың және тиісті бөлім мамандарының араласуымен тұрғындардың пайдасына шешілген болатын.
Ал ендігі айтайын деп отырғанымыз, Қ.Түрікбаев көшесінің тұрғын үйлері сайдың қабағында орналасқандықтан, осы көшедегі кейбір үй иелері тұрмыстық қалдықтарды және малдың қиын сайдың қабағына бей-берекет тастап келеді. Сайдың бойы құдды бір қоқыс тастайтын орын ба дерсің? Осыдан су жүретін арықтың табаны да күл-қоқысқа толып қалады. Оны жыл сайын көктемде тазалауға мәжбүрміз. Өзім Достық көшесінің тұрғыны болғандықтан, осы мәселемен жылда бетпе-бет келеміз. Үй иелеріне қоқыс тастамау жөнінде бірнеше рет ескертпе айтылған. Оған құлақ асып жатқан олар жоқ. Әкімшілік тарапынан да оларға ескертіліпті.
Өткен аптаның сенбісі күні көше тұрғындарымен бірге арық тазалауға шыққанымызда, арықтың іші тағы да тұрмыстық қалдықтарға, малдың тезегіне толып қалғанын көрдік. Бақша суғарудың уақтысы келіп, егілген көкөністеріміз қурап қалмауы үшін лаждың жоғынан үндемеген күйі тұрғындар тастаған күл-қоқысты арықтан тазалап шықтық. Әкімшілік судың жолына қоқыс тастағандарды айыппұлға тартуға болмас па еді?
«Тазалық – иманның жартысы» дегенді ескермей, сайдың қабағына қоқыс тастаған Қ.Түрікбаев көшесінің тұрғындарына қашан тыйым болар екен?
Беттегі суреттерді түсірген Сәбит КҮЗЕМБАЕВ