Basty bet

«Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос»

Жамбыл облыстық «Aq jol» газетіне (21-қыркүйек, 2020 жыл) жарияланған Марат Құлибаевтың «Баукеңнің ескерткіші бір бұрышта қалып қойды немесе батырдың ескерткіші Б.Момышұлы ауылына кіре берісінде тұруы қажет» деген мақаласы мені ойға салып отыр. Мақаланы оқып шықсаңыз, ұяттан өлердей боп бетіңіз қызарады, төбеңізден жай түскендей тіліңізді жұтып қоясыз. Апыр-ай, осындай да жан болады екен-ау деп ойлайсыз. Аруағынан айналайын Бауыржан бабамыз бір Жуалының ғана батыры ма еді? Күллі қазақ біткеннің рухы, алдаспан ары, ұяты мен намысы емес пе? Енді келіп Бауыржан бабамызға ескерткіш қоюға жалпақ Жуалыдан жер жетпей, ХІХ ғасырда еліне пана болған, дана болған, ел бірлігі ұстанымы болған қазағын руға да, жүзге де бөлмеген Батырбек Датқа ескерткішінің орнына қоюды ұйғарып отыр екен. Даңқты Бауыржан Момышұлына Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында, Алматы, Тараз, Шымкент қалаларында еңселі ескерткіштер қойылған, басқа да елді мекендерде де ескерткіштері, бюсттері бар. Енді өз жерлестері Жуалының төрінен де тауынан да жер таппай, ұлтарақтай жерге таласып, біртуар ұлы тұлғасының тұрған ескерткішін алып тастап, Баукеңінің ескерткішін қоямыз дегені ақылға сия ма, арға дөп келе ме, ағайын?!

Бауыржан бабамыздың «Аспанда Құдай, жерде архив бар» деген сөзі жалғыз қазақты емес, адамзатты тәубесіне келтіретін сөз ғой. Батырбек Рысбекұлының кім болғанын басқалар білмесе де, исі Жуалы жұрты біледі. Білмесе бүгінгі күннің абызы, дария-қариясы Мекемтас Мырзахметұлын тыңдасын: «Әскери экспедицияны басқарған генерал Черняев алдымен Әулиеата қаласын күшпен басып алып, артынан Шымкент, Ташкент қалаларына шабуыл жасаған тұста қазақ датқаларымен тікелей араласа бастады. Оңтүстік Қазақстандағы қазақ датқалары Байзақ, Батырбек, Шоқай, Сапақ төртеуі де беделді, заман ағымын жақсы сезінген рубасылары болатын. Бұл датқалар ішінде Байзақ датқа мен Батырбек датқа өз заманындағы саяси әлеуметтік мәселелерге қызу араласып, халық тағдырына ара түскен қоғам қайраткері ретінде танылып, ел аузында айтылып жүрген аңыз әңгімелер желісіне арқау болған кейіпкерге айналған тұлғалар» [М.Мырзахметұлы «Халықтың болған панасы» «Батырбек датқа» тарихи-танымдық жинақ. Алматы 2012. 12-бет]
Патшаның генералы Черняев Әулиеатадан шығып, Шымкентті басып алуға келе жатқанда жолдағы жазықсыз халықты қынадай қырып, мақсатына жетпек болады. Бірақ Батырбек датқа сұм генералдың ойын алдын ала сезіп, жол бойындағы елді алысырақ тау бөктерлеріне көшіртіп қояды. «Өз билігіндегі халықты алдын ала біздің экспедиция әскерлері жүретін жол бойынан, ұрыс болатын желерден алысқа көшіріп жіберген» деген Черняевтің сөзі бұған дәлел [«Батырбек датқа» тарихи-танымдық жинақ. Алматы 2012. 40-бет]. Бүгінігі жуалылық азаматтардың ата-бабаларын сол кезде қорғап қалған Батырбек датқа болып тұр ғой.
Құлибаев мырза және сізді қолдаған азаматтар, сіздер жалғыз Батырбек бабаның әруағын емес, батыр Бауыржан Момышұлының да әруағын қатты ренжіткелі тұрғандарыңызды ойласаңыздар екен. Бауыржан дана (дана болмаса, батыр да бола алмайды) Батырбек датқаны «дана саясаткер, кемеңгер ел билеуші, стратег» деп пір тұтқан. «М.Қалдыбаевпен бір сұхбатында: Баукең «қазіргі елді, халықты басқарып жүрген кісілер Батырбек датқаның ел билеудегі даналығынан үлгі алса пайдалы іс болар еді» деген. Баукең елге келген сайын датқаның жатқан жеріне келіп, Құран оқып тұрған» екен»,- дейді. [«Батырбек датқа» тарихи-танымдық жинақ Алматы 2012. 28-бет]. Әруақты сыйлап, рухынан бата алған Бауыржан атамыз қырғын соғыстан сондықтан да аман-есен оралған шығар.
Мақала авторы М.Құлибаев «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Дүрәліұлы бұл мәселені көптен бері көтеріп жүргендердің бірі. «Мен жүрген жерімде Батырбек датқаның орнында Бауыржан Момышұлы ақбозат атымен тұруы керек деп айтып жүрем. Халық қолдағанмен кейбіреулер тыныш жүр деп, қиқаңдайды. Бірақ маған еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар, «ауылдың аты Бауыржан Момышұлы бола тұра, Баукеңнің ескерткіші елеусіз жерде қалып кетіпті. Осының өзінен-ақ сіздердің Батырды қалай құрметтейтіндеріңіз көрініп тұр» деп ұялтқан сәттері аз болмады» деп жазыпты. Аманжол Дүрәліұлы ағамыз «Батырбек Датқа» кітабында алты автордың бірі (А.Бекбосын, Н.Дәутайұлы, Е.Солтыбаев,А.Әбдуалы, Ж.Мұратай, А.Дүрәліұлы) болып «Батырбек датқаның есімі ескерусіз қала бере ме?» деп мақала жазған еді ғой. Мына үзінді ойдан шығарылмаған шығар деп ойлаймыз. «1992 жылы жазушы Ш.Мұртазаның 60 жылдығы Жуалы жерінде аталып өткенде осы тойға келген Асанбай Асқаров жеңіл көліктен түсіп, қарсы алған аудан, облыс басшыларына қарата: «алдымен Батырбек датқаның еліне сәлем берейік, дананың әруағы разы болсын» деп, қолын кеудесіне қойып, басын иіп сәлем берген, сонан кейін қарсы алушылармен амандасқан. Осы оқиғаға куә болған, тойға басшылық жасаған Жуалы ауданының құрметті азаматтары Жарылқасын Ергебеков, Аманжол Дүрәліұлылар әлі күнге осы оқиғаны таң қала әңгімелейді». [«Батырбек датқа» тарихи-танымдық жинақ Алматы 2012. 29-бет]
«1971 жылы Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Жамбыл облысына келгенде арнайы Чапаев колхозына келіп, ауыл іргесіндегі «Датқасазға» жақын жерге киіз үй тіктіріп, сол жерге түнеп шыққанын немен түсіндіруге болады?.. Димаш ағаның сол күні қасына ерген аудан басшылары мен ауылдың атқамінерлеріне қаратып айтқан: «Бұл өлке – қасиетті адам жерленген өлке. Мен бұны діндар әкемнен талай рет естіп өскен жанмын» дегенін бүгінгі көзі тірі ауыл ағаларының бәрі де ыстық ықыласпен естеріне алып отырады» [Талғат Талапұлы «Есімі елдің есінде» 149-бет].
Батырбек датқа ұлы ақын Абайдың әкесі Құнанбай, Аңдамас бай, кіші жүз Нұрпейіс, Мырқы байлармен бірігіп Қажылыққа барып, онда 1874 жылы Меккеге келетін қазақтар үшін қонақ үй (тәкие) салдырғанын, қаншама медреселер мен мешіттер салдырып, балаларды өз қаражатына тегін оқытқанын, Жуалы, Түлкібас, Сайрам, Талас аудандарында суармалы егіншілікті дамыту үшін су каналдарын қаздырып, тоғандар салдыртқанын, тал-ағаштар ектіргенін мүмкін автор білмейтін шығар. Баукеңнің сөзін ұмытпасын «Аспанда Құдай бар, Жерде архив бар» деген.
Сондықтан ешкімнің тұрған ескерткішін алмай-ақ Бауыржандай даңқты батырға Күйік асуынан шыға келгендегі тұғыры биік жерге аппақ арғымағына отырғызып ескерткіш қойса несі бар?
Қазақта «жауластырмақ жаушыдан, елдестірмек елшіден» деген қанатты сөз бар. ХІХ ғасырда қазақ еліне қияметті орнатқан патшалық Ресей және Черняевтей жауыздың ағайындар арасына салған алауыз арандатпа жаласынан бір Дулаттың екі баласының ұрпақтары осы кезге дейін бір-біріне қырын қарап келді. Тек 2012 жылы сол кездегі Жуалы ауданның әкімі Батырбек Құлекеевтің азаматтығы мен кісілігінің арқасында, тарихта орны бар, тәуелсіз ел болуды көксеп, сол жолда ерлік көрсеткен, қаһарлы Ресей патшалығына қарсы тұрған Батырбек Рысбекұлының атаның, рудың шеңберіндегі адам емес, Елдік Тұлға екенін танып, содан кейін Батырбек Датқаның басына кесене тұрғызуға да, ескерткіш қоюға да рұқсатын берген еді. «Көп түкірсе көл болады» дегендей рухты азаматтар материалдық қолдау көрсетіп, кесене де, ескерткіш те бой көтерді. Батырбек Құлекеев солай елді елдестіріп, көптің батасын алды.
Ендеше құдайдан қорық, әруақты сыйла деген атаның баласы емес пе едік?
Қайран Абай баба, «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деген сөзіңе құлақ асар қазағың бар ма екен?…

Гүлтас Сайынқызы,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор,
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны

Таңдаулы материалдар

Close