Basty bet
Жүзі нұрға, кеудесі жырға толы
Көпбалалы ана, ардагер ұстаз Анар Нұржауқызы үнемі айналасына шуағын шашып, көтеріңкі көңіл сыйлап жүреді. Әже он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері де. Әженің өнері жайлы бұған дейін газет бетінде бірнеше мақалалар жарияланған. Ол кісі ауданның қоғамдық өмірінің бел ортасында жүретін. Әжелер байқауы дейсіз бе, аудандық облыстық қолөнер көрмесі дейсіз бе, “Әжелер” ансамблінің концерті дейсіз бе барлығы да Анар әжесіз өтпейтін.
Әжеміз биыл 82-ге толды. Жақында Кәріқорған ауылына жолымыз түсіп, Анар әженің шаңырағына арнайы атбасын бұрдық.
Аллаға шүкір! Аңқылдаған ақ әже балаша қуанып, алдымыздан шығып қарсы алды. Ақ жаулықты ананы көріп біз де қуанып қалдық.
Анар Нұржауқызы 1938 жылы Түлкібас ауданында дүниеге келген. 7 сыныпты бітіргеннен кейін педагогикалық училищеге бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түседі. Училищені тамамдап, Түлкібас ауданында мұғалім болып еңбек жолын бастайды. Бастауыш сыныптан әрі тігіннен сабақ береді.
1959 жылы Келдібек Үсіпбеков деген азаматқа тұрмысқа шығады. Ол кісі де қазақ тілі пәнінің мұғалімі болады.
1967 жылы екеуі Кәріқорған ауылына ағайын-туыстың ортасына көшіп келеді.
-Балалармен жұмыс істегенді қатты жақсы көруші едім. Түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Мерекелерде балаларға түрлі сахналық киім тігіп беремін.
Мен ешқашан балаларға ұрыспайтынмын. Мақтап, жаймен түсіндіріп үйрететінмін.
Жалпы ұстаз болып 40 жылға жуық қызмет еттім. Жақында мектеп бітіргендеріне 55 жыл болған түлектер, яғни шәкірттерім басқосу жасап, мені қонаққа шақырды. Барлығы ата-апа болған. Өткен күндерден естеліктер айтып, бір қуанып, марқайып қалдым.
Жолдасым асаба болды. Қадірлі, көпшіл, ашық-жарқын мінезді жан еді. Ешқашан үйде болсын, сыртта болсын айқайлап, жаман сөз айтпайтын. Қатты ашуланғанда айтатын сөзі – “басы жоқ, мақау” деген сөз болатын.
Менде де солай. Қандай жағдай болса да ешкіммен ұрыспауға тырысатынмын. Біреуге ренжісем, отыра қалып өлең жазып, соны оқып, ашуымды тарқататынмын.
Жолдасым екеуміз бес ұл, үш қыз тәрбиеледік. Бір ұл, бір қызымызды қайын ағамызға бердік. Қайын ағамыз өте бір жақсы кісі еді. Бірақ тағдыр ғой. Солай жасауымызға тура келді.
Қыз күнімде енем болса деп тілейтінмін. Алла тілеуімді беріп, енем болды. Енең болған қандай жақсы. Ақылшың, көмекшің. Балаларды сол кісі тәрбиеледі.
“Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен. Біреу қылды дегенді шығарамын сөзімнен” демекші, әр адам өзінің мінезіне, іс-әрекетіне, ниетіне қарай өмір сүреді. Сыйлы болу үшін өзің де айналаңды сыйлай білуің керек. Ізетшіл, ынтымақшыл болған дұрыс. Балаларды да солай тәрбиелеу керек.
Қазір қолымда Дәурен-Айнұр есімді ұлым мен келінім бірге тұрады. Сегіз ұл-қызымнан 29 немере, 22 шөберем бар. Алланың мұнысына шүкір! Жастар аман болсын!
Ауылда ағайын-туыс, құда-жекжат арасында “көпті көрген қариясыз, сіздің жолыңыз” деп маған жаңа түскен келіндерінің басына орамал жапқызып, кішкентайларының тұсауын кескізіп, бесікке салдырып жатады. Мұның барлығы құрмет деп білемін. Өмірдің мәні бірінші денсаулық болса, екінші сыйластықта,- дейді Анар әже.
Анар Нұржауқызы газетіміздің тұрақты оқырманы. Жасы үлкен құрметті оқырмандарымыздың бірі Анар әжеміздің ақындық өнері де бар. Әже бізге “Келіндеріме” деген өлеңін оқып берді.
Дегенде келіндерім, келіндерім,
Бұйрық болып, келін болып бізге келдің.
Алланың мұнысына шүкіршілік,
Бірыңғай алтындарым мына менің.
Қарағым, келіндерім, келіндерім,
Жақсылықты сендерге мен тілеймін.
Үлкен-кіші туысты сыйлай білгін,
Көрген кезде иіліп сәлем бергін.
Тағы айтам, келіндерім, келіндерім,
Жақсы-жаман өмірді сендер көрдің.
Абысын-ажынменен тату болып,
Бір-біріңді құрметтеп, сыйлай білгін.
Гүлдей боп жайнап жүргін, келіндерім,
Немере, шөберені сендер де көргін.
Қосағыңмен қоса ағар тату болып,
Қажымастан, талмастан жүзге келгін! Қандай жақсы тілек. Осындай жүрекжарды тілекті естіген келін де тек жақсылыққа сай болуды ғана ойлайтын шығар. Мұның өзі үлкен тәрбие емес пе?!
Әжеміз өзі шығарған тағы бір өлеңін қазақтың алты ауызының мақамына салып айтып берді.
Айт дегенде өлеңді-ау айтқандаймын,
Ақынмын деп сіздерге ай-ау мақтанбаймын, ай сәулем-ай.
Қалағаның әжеден өлең болса ай-ау,
Өлең аяп сіздерден ай-ау ап қалмайын, ай сәулем-ай.
Аманбысың бәрің де,
Үлкен-кіші, кәрің де.
Өлең айтып, ән салайын,
Кәрі де болсам, әлі де ай-ау.
Құтты болсын құдалар, тойларыңыз,
Көтеріңкі болсыншы ойларыңыз, ай сәулем-ай.
Бала менен келінжан бақытты боп,
Орындалсын аңсаған ойларыңыз, ай сәулем-ай.
Есік алды гүліңіз,
Гүл ішінде жүріңіз.
Бала-шаға аман боп,
Жақсылығын, көріңіз-ай.
Өмір ел-жұрты сыйлап, құрметтеген жақсылармен, жақсы адамдармен сәулелі, тұғырлы.
Көкірегі ояу, рухы биік, жаны жайсаң, көңілі ашық Анар Нұржауқызындай ардақты, қазыналы анамызға деген жылы лебізімді “Жаныңда жүр жақсы адам” деп аяқтауды жөн санадым.
Перизат Шымыртайқызы,
«Jańa ómir»