Basty bet

Ауылдан жеткен ақпарат

Бауыржан Момышұлы
Қаңтардың 12-сі күні кешкісін ұйытқыған ақ түтек боранның салдарынан аудан аумағы арқылы өтетін «Тараз-Шымкент» бағытындағы тас жолы жабылып, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары қызмет өткерудің күшейтілген режіміне көшірілді. Төтеншеліктер Нұрлыкент ауылының тұсында жолда қалған Ақбастау ауылының екі тұрғынын қар құрсауынан шығарып, үйлеріне жеткізіп салған.
Ақсай
Жаңа жыл қарсаңында округке қарасты Диқан ауылындағы Шоқан батыр көшесі жарықтандырылып, Ы.Байділда және Жамбыл көшелеріндегі ескі үлгідегі шамдар жаңа шамдарға ауыстырылды. Сонымен Диқан ауылының көшелері толығымен жарықтандырылды.
Көкбастау
Өткен жылы «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Қосбөлтек ауылындағы Ә.Қойбақұлы көшесінің №47 үйінде тұратын Мәншүк Тойшыбаеваға ауыл жастары ұйымдаса отырып, жаңа баспана салып берген-ді. Алайда, белгілі себептермен тұрғын үйге жылу жүйесі кіргізілмеді. Үй иесі қыс мезгілінде ескі үйдің жылу жүйесі үйді жақсы жылытпайтынын, жаурайтынын айтты.
Округ әкімі Ержан Серкебаев Қосбөлтек және Көктөбе ауылдары жастарымен бірігіп, арнайы мамандардың көмегімен жаңа үйге жылыту жүйесін орнатып берді.
Қошқарата
Ауылдық мәдениет үйі мамандарының ұйымдастыруымен Абай атындағы орта мектептің ауласында саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Толағай» қыстық спорттық ойындардан, соның ішінде шаңғы тебуден жарыс өткізілді. Жарысқа 7 сынып оқушылары қатысып, I орынды Райымбек Порым, II орынды Нұрхат Жұмабай, III орынды Ернұр Керейбек жеңіп алды.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close