Basty bet
Үш ауылда медпункт ашылды
Ауданымыздың барлық елдімекені медициналық мекемелермен қамтылды. Денсаулық сақтау саласының материалдық базасы жылдан-жылға нығайып, дамып келеді. Бұған дәлел – 16 желтоқсан күні аудандағы соңғы үш елді мекенде бірдей жаңа медициналық нысандардың ашылуы. Қызыларық ауылдық округіне қарасты Теріс-Ащыбұлақ ауылында да жаңа медициналық пункттің есігі айқара ашылды.
Мемлекеттік- жекеменшік әріптестік аясында тендерлік конкурс арқылы ұтып алған “Түркістан-құрылыс” ЖШС жаңа медпункттің құрылысын 26 млн. теңгеге өз қаражатына соғып, ауыл жұртшылығына пайдалануға берді. Медпункттің ашылу салтанаты еліміздің ұлы мерекесі – Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келді. Осы нысанның ашылу салтанатына жиналған жұртшылықтың көңілі ерекше көтеріңкі.
Нысанның салтанатты ашылуында аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев құттықтау сөз сөйледі.
– Еліміздің Президенті өз Жолдауында әлеуметтік салаға үлкен мән беріп отыр. Соның ішінде, әсіресе, денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Ауданымызда тек биылғы жылы сегіз медициналық нысан ашылып отыр. Одан басқа халықтың жағдайын жақсартуға, әл-ауқатын көтеруге көптеген игі істер атқарылуда,-дей келе, Әбдікерім Құлтайұлы ауыл тұрғындарын қуаныштарымен және еліміздің ұлы мерекесімен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.
Аудандық орталық аурухананың өкілі Хамза Оманов та жиналған жұртшылықты қуаныштарымен құттықтады.
– Медициналық пунктте соңғы үлгідегі заманауи медициналық қондырғылар орнатылады. Мұнда науқастар мен медициналық көмекке жүгінген азаматтарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық қажеттіліктер қарастырылады: жиһаздар, медициналық аппараттар мен құралдар, интернетке қосылған компьютер орнатылады,- деді ол.
Салтанатты жиынға қатысып отырған ауыл тұрғындары атынан аудан, облыс басшылығына, Үкімет пен Президенте алғыстарын айтып, ризашылығын білдірген, Қызыларық ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Садыров пен зейнеткер, көпбалалы ана, “Алтын алқа” иегері Дүйсекүл Мүсірепбекова сөйлеп, қуаныштарымен бөлісті. Сөз алып сөйлеген ауыл әкімі Марат Қасымбеков ауыл тұрғындарын қуанышпен құттықтай келе, осы медпункттің медбикесі Ләззат Хасеноваға нысанның символикалық кілтін мердігердің атынан салтанатты түрде тапсырды.
Дәстүрлі лента қию рәсімін өткізу аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев пен еңбек ардагері Серік Садыровқа тапсырылды. Лента қиылды, әжелер шашуларын шашты, жиналған көпшілік ғимараттың ішіне кіріп, қуаныштарын жасыра алмай, бір-бірін құттықтады.
Бүгінде Теріс-Ащыбұлақ ауылындағы 33 отбасында 169 адам тұрып жатыр. Бес келушіге арналып соғылған медпунктке су келіп тұр, жылыту жүйесі табиғи газға қосылған, бөлмелері кең, ашық әрі жылы. Бұл ауылға бекітілген Ақтөбе ауылдық округінің дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Индира Момынова медпункттің жұмысын қадағалап, келушілерді қабылдап отыратынын жеткізді. Жалпы медпунктте үш адам жұмыс істейді. Ауылда бастауыш мектептен кейін осы кішкентай ауылдың ажарын ашып отырған жаңа медициналық пункт екенін айтып, қуаныштарын білдірді. Өскелең ұрпақ үшін жасалынып жатқан игі істерге олар риза.
Ауыл тұрғындарының күшімен ұйымдастырылып, жиналғандарға құдайы тамақ таратылып, Құран оқылды.
***
Тәуелсіздік мерекесіне орай халыққа есігін айқара ашқан нысанның бірі – Кәріқорған ауылындағы медициналық пункт.
Медициналық пункт мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 26 млн теңгеге бес келушіге арналып салынып отыр. Нысанның құрылысын Ерғали Мелдебеков деген азаматтың иелігіндегі «Түркістан-құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.
Жиынға күннің суық ызғарына қарамастан ауыл қариялары мен жастар, денсаулық сақтау саласының ардагерлері жиналды.
Ауыл тұрғындарын мерекелерімен құттықтау үшін сөз кезегі халықтың қуанышымен бөлісуге арнайы келген аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбековке берілді.
-Құрметті ауыл тұрғындары! Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!
Тәлсіздік бұл – халқымыз үшін ең ұлы мереке. Тәуелсіздік, азаттықтан асқан бақыт жоқ. Сондықтан әрдайым тәуелсіздігімізді бағалай білейік. Жолымыз нұрлы, жастарымыздың рухы биік болсын!
Тәуелсіздік жылдары ауданымыздың өзінде қаншама жаңа нысандар ашылды. Соның бірі бүгін сіздердің ауылдарыңыздан ашылып отыр. Бұл дегеніміз – Үкіметіміздің халықтың денсаулығын алғашқы орынға қоятындығын білдіреді. Жаңа ғимараттарыңыз халықтың игілігіне қызмет ете берсін! Мұнда жұмыс істейтін ақ халатты абзал жандардың жұмысына табыс, абырой тілеймін! Аналар мен балалардың, жалпы ауыл халқының денсаулығын нығайтуда аянбай еңбек етіп, ел сенімін ақтай беріңіздер,- деді Естемес Аманбекұлы.
Келесі сөз кезегі ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаевқа берілді. Қария жаңа медициналық пункттің ашылуына атсалысқан барлық азаматтарға алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Медициналық пункттің құрылысын жүргізген мердігер компания «Түркістан-құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаржы директоры Жандос Мұхамедияұлы да ауыл тұрғындарын мерекелерімен құттықтап, медпункттің кілтін жалпы тәжірибелік медбике Айгүл Қорғанбаеваға салтанатты жағдайда тапсырды.
Ауыл тұрғындары ардақты ана Анар Нұржауқызы, Ұлтай Ердалимова, денсаулық сақтау саласының ардагері Алтынай Шыңғысбаева сынды аналарымыз бастап ішке кіріп, шашу шашып игі тілектерін білдірді. Ауыл тұрғындарын жаңа ғимаратпен аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Абзал Байтөриев таныстырды.
Бес кабинеттен тұратын медициналық пункт көп ұзамай керекті құрал-жабдықтармен жабдықталып, толық іске кірісетін болады.
***
Қаратас ауылында көптен күткен қуаныш орын алды. Тұрғындардың талап-тілегі мақұлданып, үстіміздегі жылы ауылда бес келушіге арналған медициналық пункттің құрылысы басталған болатын.
Міне, Тәуелсіздік күніне орай «Түркістан-құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Тұрғындар өз ауылынан осындай әлеуметтік нысанның ашылғанына дән риза. Енді алғашқы көмек осы медициналық пунктте көрсетілетін болады. Бір мезетте бес келушіні қабылдауға арналған нысанда барлық жағдай жасалған.
Медициналық пункттің ашылу салтанатына аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков, медицина қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиынды аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Әбілқасымұлы ашып, құттықтау сөз сөйледі.
– «Денсаулық – зор байлық» дейді дана халқымыз. Ең бірінші адамның денсаулығы жақсы болуы керек. Ол үшін ақ халатты абзал жандар аянбай еңбек етеді деген сенім мол. Осы ретте тұрғындардың денсаулығының жақсаруына септігін тигізу мақсатында үстіміздегі жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында сегіз ауылда медициналық пункттің құрылысы жүргізілген еді. Типтік денсаулық сақтау нысандары ауыл тұрғындары үшін өте ыңғайлы. Міне, бүгін тәуелсіздіктің ақ таңы атқан күні қуаныштың үстіне қуаныш қосылуда. Мерекелеріңіз құтты болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! – деді өз сөзінде.
Келесі кезекте сөз кезегі Күреңбел ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Алтынбек Қуанышевқа берілді. Ауыл қариясы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың есептік жиынына қатысып, көпшіліктің тілегін жеткізгенін айтты. Сонымен қатар, облыс әкімі тұрғындардың ұсынысына бей-жай қарамай, қуаныш сыйлағанына ризашылығын білдіріп, аталық ақ тілегін жеткізді.
Жаңа медициналық пункттің лентасын аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков пен ауыл ақсақалы Алтынбек Әбзелұлы қиды. Ғимараттың алтын кілтін мердігер Берік Ерденов фельдшер Динара Сәрсенқызына салтанатты түрде тапсырып, жұмысына сәттілік тіледі.
Тұрғындар әлеуметтік нысанның ішіне еніп, мәз-мейрам күйде ғимаратпен танысып, ризашылықпен тарқасты.
Гүлмира Дембаева,
Перизат Шымыртайқызы,
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
“Жаңа өмір”