Basty bet
«Мен марттағы найзағай күркірімін»
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ағымдағы жылы қазақстандық ақын-жазушылардың шығармаларын өскелең ұрпаққа таныту мақсатында «15 мерейлі тұлға: Үлкен әдеби марафон» ұйымдастыруда.
Өткен бесенбі күні бұл шара Боралдай ауылдық округіне қарасты Ертай ауылындағы Ертай ауылдық кітапханасында жалғасты. Шара қазақ халқының рухани мәдениетінің ірі тұлғасы, жыр әлемінде өзіндік үнімен еніп, соңынан тұтас бір толқынды ерткен, қазақ поэзиясы тарихында бүтін бір дәуірдің кілті болған тұлға – Төлеген Айбергеновке арналды.
Поэзия сағаты заманының дара тұлғасы, ақын Төлеген Айбергеновтің туғанына 85 жыл толуына орай «Мен марттағы найзағай күркірімін» деп аталды.
Айта кету керек, сахна поэзия сағатына сай көз тартарлықтай әсем безендіріліп, кітап инсталяциясы да қыздың жиған жүгіндей болып рет-ретімен әдемі қойылған екен.
Шарада №18 М.Ғабдуллин атындағы орта мектептің 5-10 сынып оқушылары ақынның «Сағыныш», «Ана», «Туған елім», “Дала”, “О, адамдар”, “Мен марттағы найзағай күркірімін” өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқыса, кітапханананың тұрақты оқырмандары Руслан Өтегенов “Бір тойым бар” атты өлеңін, Асубай Бауыржан ақын естелігінен үзінді оқыды. Ал, кітапхананың тұрақты оқырманы Дәзмира Медербаева “Атамекен” әнін орындап, көпшіліктің назарын өзіне аударды.
Кітапханашы Гүлфира Жанысбекова «Сағыныш» деп аталатын кітап инсталяциясын, «Төлеген Айбергенов – заманының дара тұлғасы» атты әдістемелік құрал, «Өлеңмен өрілген өмір» библиографиялық көрсеткіш, «Ұлттық рухтың бұлбұлы – Төлеген Айбергенов» атты ауызша журнал, Төлеген Айбергеновке арналған ақпараттық жарнамалық флайермен таныстырып өтті.
Сонымен қатар, кітапхана әдіскері Фарида Сатанқұлова «Шынайы талант – мәңгілік ғұмыр» тақырыбындағы кітап көрмесіне шолу жасап, оқырмандарды кітап оқуға шақырды.
Шара соңында сөз алған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Салтанат Біләнқызы поэзия сағаты өз деңгейінде өткенін және көп еңбекті талап ететін мұндай шараға белсенділік танытып жүрген ауылдық кітапхананың кітапханашыларына ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ, шараның өтуіне бір атаның балаларындай атсалысқан оқушылар мен кітапхананың тұрақты оқырмандарына Алғысхаттар табыстады.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»