Basty bet

40 сарбаз Ант қабылдады

Жібек жолы көшесіндегі Бауыржан Момышұлының ескерткішіалдында көктемгі әскерге шақырылған жас сарбаздардың әскери Ант қабылдау рәсімі өтті. Жиынға аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, 91678 әскери бөлімінің жеке құрамы мен сарбаздардың ата-аналары қатысты.

Ескерткіш алдында 91678 әскери бөлімінің жеке құрамы мен жас сарбаздары әскери сапқа тұрғызылды. Шара ата-аналардың Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін насихаттау мақсатында қойылған әскери киімдері мен қару-жарақтарының үлгілерін тамашалаудан бастау алды.
Әскери бөлімнің қызметкерлері Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бөлім командирінің бұйрығымен даңқты қолбасшыны еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.
Әскери бөлімнің жауынгерлік туын енгізу үшін «Ту» тобы Мемлекеттік Туды ортаға әкелді. Жас сарбаздарды 91678 әскери бөлімнің командирі, майор Еркін Жоламанов құттықтады.
Құттықтау сөзден соң жас сарбаздардың жеке құрамы ескерткіш алдында взводқа бөлініп, екі қатарға сапқа тұрғызылды. Взвод командирлері әскери Ант қабылдаушыларды кезекпен саптан шақырып, жас сарбаздар әскери Ант мәтінін дауыстап оқып, Отан алдында адал қызмет етуге салтанатты түрде ант етті. Шара барысында 40 сарбаздың анты қабылданып, Мемлекеттік Әнұран орындалды.
Жас сарбаздарды құттықтау үшін сөз аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді.
– Барлық кезеңде де әскеріміз – еліміздің ұлттық қауіпсіздігінің тірегі, тыныштығымыздың сенімді кепілі және азаматтарымыздың саулығы, әлемдегі мемлекеттік беделдің өлшемі болып келеді. Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміз кәсіби армия ұйымдастырды, еліміздің тыныштығына толықтай жауап беретін әскери доктрина қабылдады.
Бүгінде біздің әскеріміз – барлық қазақстандықтардың мақтанышы.
Қарулы Күштер қатарындағы қызмет әскер қатарына шақырылатын әрбір азамат үшін үлкен міндетке, аға ұрпақтың батырлық және жауынгерлік дәстүрлеріне негізделген адамгершілік патриотизм мектебіне айналды.
Құрметті Отан қорғаушылар, еліміздің тыныштығы, жақындарымыздың қауіпсіздігі мен амандығы сіздердің қолдарыңызда. Сіздерге мықты денсаулық, бақыт тілеймін. Азаматтық борыштарыңызды абыроймен атқаруларыңызға тілектеспін! – деді Н.Әбілқасымұлы.
Жиында «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының заңгері, әділет полковнигі Жексенбай Салиев, ата-аналар Ақжарқын Тұрсынбекова мен Татьяна Едукова және ант қабылдаушы жас сарбаз Серікжан Алексеев сөз алып, қаруластарына антына адал болуға тілектестігін білдірді.
Мерекеге жиналған көпшіліктің назарына әскери бөлімнің жеке құрамының салтанатты шеруі ұсынылды. Кезек жас сарбаздардың қарумен қозғалыстағы дефилесіне берілді. Дефиледе жауынгерлер бір ай ішінде қару-жарақты қолданудың барлық әдіс-тәсілдерін үйренгендері көрініп тұрды. Ата-аналар келесі кезекте жас сарбаздар ротасының қоян-қолтық әрекеттерін тамашалады. Ант қабылдаушылар әскери бөлімнің өмірінде жауынгерлік сабақтар, соның ішінде, атыс және тактикалық-арнайы дайындық сабақтары, дене шынықтыру, қоян-қолтық төбелес, қоян-қолтық қарумен төбелес қимылдарын меңгергендерін көрсетті.
Көріністен кейін Е.Жоламанов ата-аналармен сұхбат жүргізіп, қойылған сұрақтарына тұшымды жауап берді.
Ант қабылдау рәсімі аудандық «Достық» мәдениет үйінде арнайы ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға ұласты. Концерт Азамат Амантұровтың «Адай» күйін орындауымен басталды. Мерекеде №1Балалар өнер мектебінің вокалдық-аспаптық ансамблі «Уходим», «Маки-маки» әндерін шырқады. Әскери бөлімнің ІІ сержанты Еркін Сапарбаев «Ана туралы жыр» әнін тарту етсе, Мәлік Мықтыбеков «Ана» атты көркемсөзді нақышына келтіріп оқыды. Сонымен қатар, «Жуалы» үштігінің «Туған жерім тамаша», «Жуалым» тағы да басқа патриоттық әндері шырқалды.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close