Basty bet

Еңбекпен келген абырой қашанда қымбат

Тамырсыз ағаштың жайқалып өсіп, шаршаған жанға сая болмайтыны сияқты қай халықтың болсын ежелден қалыптасқан өмір сүру дәстүрлері болады. Біздің қазақ халқында дала философиясы, атадан балаға мирас болып келе жатқан ізгі қасиеттердің жөні бөлек. «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда барады» демекші, ата-бабалар дәстүрінің өміршеңдігін, ұрпақтар сабақтастығын қазіргі заманның беталысынан да анық байқауға болатындай.

Адам мәңгі жасамайды. Мәңгі жасайтын оның ісі, жақсы қасиеттері, артында қалған тәрбиелі ұрпағы болмақ. Еңбекпен жеткен абырой да, жетістік те қымбат. Осы орайда аудандағы үлкен елдімекендердің бірі саналатын аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында түтін түтетіп, ұлағатты ұрпақ өрбітіп отырған Байсеріковтар жанұясының еңбек пен өмір сүру салты жайында әңгімелемекпіз. Бүгінде әулеттің алтын діңгегіне айналып отырған Сапарбек Байсеріков ветеринария саласының құрметті ардагері. Бүгінде жасы 70-тен асқан атпал азаматтың жас ұрпаққа айтары мол.
Сапарбек те алдыңғы толқын ағалардың жолын қуып, саналы ғұмырын мал шаруашылығына, оның ішінде аса маңызды саналатын мал дәрігерлігі саласына арнады. 40 жылға жуық аталған салада жұмыс істеп, зейнет демалысына шықты. Оның әкесі Сауыт Дөңбайұлы 1925 жылы Тоғызтарау ауылында туған екен. Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, Тоғызтарау ауылдық округі мұндаға дейін Жуалы ауданына бағынысты елдімекен болған. Аталған ауылдық округтің аудан орталығынан шалғай орналасуына байланысты жергілікті тұрғындардың өтінішімен Тоғызтарау ауылдық округі Жамбыл ауданының құрамына берілді. Бұл округ жер жағдайы жөнінен Билікөл ауылдық округіне жақын орналасқан.
-Әкемнің анасы – әжем Айзада Байсалова тоғыз құрсақ көтерген кісі болатын. Онда қиын заман. Ұжымдастыру, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, сонымен бірге, ел ішінде белгісіз ауру жайлағын жылдары болу керек, әжемнің көрген перзенттері бірінен соң бірі шетіней берген. Оның себебін ешкім білмейді. Соңында тоғыз баладан жалғыз менің әкем ғана тірі қалған екен. «Осы баламның көрер жарығы бар екен» деп отырушы еді әжем жарықтық.
Әжем өте адуынды кісі еді. «Билікөл» совхозының Тоғызтарау бөлімшесінде сауыншы болып жұмыс істеді. Еңбекте озат болатын. 1936 жылы еңбек озаттарына арналған Мәскеу қаласына «ВДНХ» деп аталатын еңбек көрмесіне шақырту алған екен. Алайда әжем денсаулығына, отбасы жағдайына байланысты Мәскеуге бара алмай қалады. Мен үйдің үлкенімін. 1948 жылы туғанмын. Тұңғыш немересі болған соң ба өмірге келісімен-ақ мені әжем жарықтық бауырына басыпты. Мен әжемнің тәрбиесінде болып, әкемді ағай, ал шешемнің атын атайтынмын.
Әкем әжемнің жалғыз баласы болғандықтан оны ерте үйлендірген екен. Бізге жақын жерде орыстардың шағын ауылы болатын. Әжем сонда тұратын қазақ отбасының Мариям есімді қызын менің әкем Сауытқа айттырып алған. Әкем соғысқа барған жоқ. Өйткені, отбасында жалғыз бала болды. Сол себептен де болу керек, бармады. Әйтпесе, соғыстың соңғы жағына қатысатын еді. Содан әкем жас кезінен-ақ еңбекке ерте араласып, фермада сүт тасып, совхоздың басқа да жұмыстарын атқаратын. Кейіннен педагогикалық училищені бітіріп, ауылдағы Т.Тоқтаров атындағы мектепке мұғалім болып орналасты. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын сырттай оқып, бітіріп алды. Мамандығы химия-биология пәнінің мұғалімі еді. Өмір бойы ауыл мектебінде мұғалім, одан кейін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеп, шәкірттердің бірнеше буынын тәрбиелеп, оқу-ағарту саласына сүбелі үлес қосты деп айта аламын. Анам Мариям үй шаруасында болып, балаларды тәрбиелеп қатарға қосты,- дейді Сапарбек Сауытұлы.
«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, Сауыт қария ұл-қыздарының барлығын да оқытып, жоғары білім әперуге күш салыпты. Оның арманы – үлкен ұлы Сапарбекке инженер мамандығын әперу еді. Адамның айтқаны бола бермейді. Билікөл орта мектебін жақсы үлгеріммен бітірген бозбала Сапарбектің Алматы ауыл шаруашылығы институтына түссем деген арманы орындалмады. Есесіне Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына құжат тапсырып, емтиханнан сүрінбей өтеді.
-Аталған оқу орнының мал дәрігері факультетін 1971 жылы бітірдім. Содан институттың жолдамасымен төрт жігітті бұрынғы Торғай облысына жіберді. Орталығы Арқалық қаласы екен. Ұшақ қонатын жерден түскенде өзімізді айдалаға келгендей сезіндік. Бір дүңгіршек тұр, басқа ештеңе жоқ. Әбдіғаппар досым маған қайтайық дейді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына барып жолықтық. Басқарма басшысы Әбдіғаппарды Амангелді ауданына, мені Жангелді ауданына жіберді.
Мен барған «Қызыл әскер» совхозы Еділбай қойының тұқымын көбейтумен айналысатын үлкен ұжымшар болып шықты. 40 мыңдай қойдың басы бар. Мен сонда бас мал дәрігері болып бір жылдай жұмыс істедім. Анамды сонда көшіріп апардым. Анама ол жақтың ауа райы жақпады. Біздің совхозға қарасты жақын маңдағы Аралбай дейтін ауылдың қызы Жұмагүл Сүйінқарақызы екеуміздің дәм-тұзымыз жарасып, 1972 жылы шаңырақ көтердік. Осы жылдың желтоқсан айында туған ауданым Жуалыға қайта оралып, аудан орталығындағы мал бордақылау совхозына веттехник болып орналастым. Менің міндетім шошқа фермасындағы шошқаларға күтім жасау, уақтылы профилактикалық вакцина егу. Онда біздің совхозда аудандағы колхоз-совхоздардың малдарын қабылдап алатын пункт болатын. Біраз уақыт веттехник болып жұмыс істеген соң бас мал дәрігері болдым. Одан соң біздің шаруашылық пен тағы бір пункт біріктіріліп, «РСХО» болып қайта құрылды,- дейді ол.
Аз уақыттың ішінде білім-білігімен көзге түскен Сапарбек Байсеріков «РСХО»-ға қарасты мал бордақылау кешенінің меңгерушісі болып жоғарылатылады. Ол уақытта шаруашылыққа қарасты үш бірдей кешенде сегіз мың басқа дейін шошқа бордақыланатын. Оны Жамбылдағы ет комбинатына өткізеді. Кешенде 20-ға жуық жұмысшы бар. Бордақыға қойылған шошқалардың семіруі, жұмысшылардың жайы білікті маманның жіті бақылауында болады.
Сапарбек Байсеріков «РСХО» мекемесінде 1999 жылға дейін жұмыс істейді. Оның үстіне бұл мекеме дәл осы жылы таратылған болатын. Жаңа заманның тынысын дәл танып, шаруашылық ісінің жай-күйін жақсы білетін Сапарбек Сауытұлы 1999 жылы «Дәуір» шаруа қожалығын құрады. Алғашқыда қожалықтың құрамында 300 гектардай жер, 20 адамның егістік жерінің пай үлесі болған. Шаруашылық арпа-бидай егумен айналысқан. Кейіннен ауыл шаруашылығын ірілендіру мақсатымен аталған қожалық Шыңбұлақ ауылындағы «Темірбекова» шаруа қожалығының құрамына қосылды.
Сапарбек Байсеріков шаруашылықта жұмыс істей жүріп, ұрпақ тәрбиесін де ұмыт қалдырған жоқ. Отбасында асыл жары Жұмагүл Сүйінқарақызы екеуі Ардақ, Абзал, Арнұр, Салтанат есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Тұңғыш ұлдары Ардақ Алматы ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша бітірген. Алматыда жеке компанияларда жұмыс істеп, 38 жасында жол апатынан қайтыс болған. Абзал орта мектепті үздік бітіріп, Түркияның алдыңғы қатарлы оқу орны ОДТУ-ге оқуға түсіп, оны халықаралық қатынастар мамандығымен бітірген. Алғашқыда Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінде жұмыс істеген екен.
-Абзал балам жоғары оқу орнында Түркияда оқып, сонда жұмыс істейді. 2007 жылы Түркияға жолым түсті. Балам өзі оқыған оқу орны ОДТУ-ды аралатып көрсетті. Сол елдің алдыңғы қатарлы университеті болған соң ба, аталған оқу орнының жер көлемі өте үлкен екен. Бірнеше оқу корпустары, стадионы, бассейні, басқа да дүниелері бар. Бір ерекшелігі, оқу орнының оқытушылары сол жерде тұрып, жұмыс істейді. Абзал ұлым сонда алты жыл оқыды.
Осы сапарым барысында Түркияның тарихи орталығы Стамбул қаласында да болдым. Бір сөзбен айтқанда, түріктердің сәулет өнері, ежелгі қалалары мен тарихи ескерткіштері маған қатты ұнады. Әлемнің түкпір-түкпірінен туристер көп барады екен.
Ұлым Абзал Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды. Сонымен қатар, Қазақстанның Албания еліндегі елшісі қызметін де қоса атқарып жүр. Келінім Гүлбану Сырғабаева екеуі қазір Түркияның Анкара қаласында тұрады. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр,- дейді Сапарбек Сауытұлы.
Кенже ұл Арнұр жеке кәсіпкерлікпен айналысса, қыздары Салтанат АҚШ-тың Гарвард университетін бітіріп, қазіргі таңда сонда танымал компаниялардың бірінде экономист болып жұмыс істейді. Нью-Иорк қаласында тұрады.
Тағдырдың жазуы шығар, еңбек ардагері Сапарбек Сауытұлының асыл жары, ауданның оқу-ағарту, білім саласына елеулі еңбек сіңірген ұлағатты ұстаз Жұмагүл Сүйінқарақызы 1999 жылы мезгілсіз дүниеден өтеді. Босағаның беріктігін, шаңырақтың шаттығын сақтап қалуды ойлаған ол 2001 жылы педагог Пернекүл Әбдірәсілқызымен қайта шаңырақ көтереді.
Ауданның ветеринария саласына, мал шаруашылығын дамытуға саналы ғұмырының 40 жылын арнаған еңбек озаты Сапарбек Байсеріков 1980 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Қазақстан Компартиясының ХV съезінің делегаты. Бірнеше мәрте «Еңбек озаты», сондай-ақ, «Бүкілодақтық жарыстардың жеңімпазы» төсбелгілерін иеленген. Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Сегіз немеренің сүйікті атасы.
Еңбекпен есейіп, жан-жағына адалдық пен еңбектің құндылықтарын насихаттап жүретін Сапарбек Байсеріковпен сұхбаттасу барысында ардагер азамттың өмірлік қағидасын да сұраған едік.
–Әкем жарықтық барлық балаларын адамға жамандық жасама, өтірік айтпа, ешкімнің ала жібін аттама деген тәрбиемен өсірді. Өзім де отбасында балаларымды осы тәрбиемен өсірдім деп ойлаймын. Қариялық жасқа келгенде өмірден түйгенім, адам кешірімді болу керек екен. Сонда ғана оның жүрегіне өшпенділік ұяламайды. Шамамның келгенінше, балалардың білім алуына жағдай жасадым. Олар әкелік үмітімді ақтады. Құдайға шүкір, немерелерім бар. Өткен өміріме өкінбеймін. Өзіме сеніп тапсырылған жұмысыма, отбасыма адал болдым деп сеніммен айта аламын. Еңбектің арқасында көптеген марапаттарға ие болдым. Еңбекпен келген абырой-атақ маған қашанда қымбат,- дейді еңбек ардагері.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close