Basty bet
Бәріміздің азаматтық борышымыз
Әлемді шарпыған коронавирус індеті біздің елімізді айналып өтпеді. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде төтенше жағдай жариялап, халықты сабыр сақтауға шақыруда.
Күн санап, індетке шалдыққандар қатары көбейіп келеді. Өңірлерде аурудың алдын алу үшін барынша сақтық шаралары мен шектеулер қойылуда. Бұл індетпен күресте медицина саласы мен құқық қорғау органдарының қызметкері, әскерилер де уақытпен санаспай еңбек етуде. Оларды бүгінгі күннің батырлары деп айтсақ та болады.
Ел басына күн туған шақта, сын сағатта елдің әрбір азаматы Отанының амандығы үшін, отандастарының да қауіпсіздігі үшін қызмет етуі керек. Сол себепті, біз Ауған соғысының ардагерлері Президенттің «Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы» Жарлығын бірауыздан қолдаймыз. Себебі, біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіз еліміздің тыныштығы мен жұртымыздың амандығы үшін үлес қосу әр азаматтың міндеті.
Бұл ретте, көп жауапкершілік ерікті азаматтарға жүктеліп отыр. Бұл шараларға, жиындарға әрбір саналы азамат өз еркімен мойынсұнып, қалыптасқан жағдайды еңсеруге атсалысуы керек деп есептеймін. Себебі, әр азамат әскер қатарында ғана емес, сонымен қатар, азаматтық борышын да орындауы керек. Әрбір саналы азамат Отан алдындағы парызын жете түсініп, өз үлестерін қосуы тиіс. Мұндай жиындарға белсендікпен қатысып, барлығын бірліктің, татулықтың арқасында еңсереміз. Өзім де елімнің патриот азаматы ретінде мұндай шараларға қатысуға дайын екенімді білдіргім келеді.
Мақсатбек Әбдібеков,
аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы