Basty bet

Сапархан атаның сапарға толы өмір жолы

Қариялар халқымыздың қазынасы саналады. Үлкендердің, аға буынның өмір жолы жастарға қай кезеңде де үлгі-өнеге. Олардың айтар ақылдары кейінгі ұрпақтың адастырмас темірқазығы. «Елге бай құт емес, би құт» деген Әз Төле би бабамыздан қалған сөз бар. Сондықтан ақ сөйлеп, адал жүретін қариялардың ел тарихында, қала берді қоғамда алар орны бөлек. Қарап отырсаңыз, қазір біз қария, аға буын дейтін азаматтардың көбінің өмірі Ұлы Отан соғысы жылдарымен, одан кейінгі қиын жылдармен тұспа-тұс келген. Олар сол тұстағы қиыншылықтарды басынан өткеріп, өмірдің қатал сынынан өтіп, шыңдалғандар. Ел болашағын гүлдендіруге атсалысып, еңбек көшін алға сүйреген аға буын ардагерлерге қандай құрмет көрсетсек те жарасады.

Кезінде еңбек етіп, бүгінде ел құрметіне бөленіп отырған қарияның бірі Сапархан Заппаров Ақтөбе ауылдық округінің Жаңаталап ауылында тұрады. Сексеннің сеңгіріне аяқ басқан қарияның өмір жолы ұзақ сапарларға толы. Өмірдің қалтарыс-бұлтарысын көп көрген қарияның жас ұрпаққа айтары да көп. Сапархан Расылханұлы Жаңаталап ауылында туғанымен оның балалық шағы қазіргі Қошқарата өңіріндегі бұрынғы Кеңбұлақ ауылында өтеді.
-Нағашы жұртым Кеңбұлақ ауылында тұратын. Сонда туған нағашым Орынбай Сералиевтың қолында тәрбие алып, ержеттім. 1955 жылы Боралдайда шахта мектебін бітірдім. Кеңбұлақтың өзінде, одан кейін Талдыбұлақта мектеп болған. Кейін ол шахтаға көшірілді. Боралдай шахтасы туралы көп айтуға болады. Мен бала кезімде сонда моторшы болып жұмыс істедім. Шахта ашық әдіспен көмір өндіреді. Көмірді атпен тасып, далаға шығаратын. Оны кейін Түлкібасқа, басқа да өндіріс орындарына алып кетеді. 1958 жылы шахта жабылып қалды. Тауда өсетін рауғаш дейтін өсімдікті қазып алып, жинайтынбыз. Одан бояу алып, тонды бояйтын. Оны да қабылдайтын орын ашылып, рауғашты біраз уақыт күнкөріс көзіне айналдырдық.
Кейіннен Қаратау қаласына шахтаға жұмысқа орналастым. Онда «КШСУ» деп аталатын шахтада руда шығаратын. Одан фосфор, басқа да қоспалар алынатын. Екі жылдай осындағы шахтада жұмыс істеп, 1962 жылы әскер қатарына шақырылдым. Қаратауда жұмыс істей жүріп, жүргізушілікті оқып, куәлік алған болатынмын. Әскерде алғашқыда Белоруссияда, одан кейін Польша мемлекетінде болдым,- дейді Сапархан ата.
Сапархан Заппаровтың әскерден келгеннен кейінгі еңбек жолы №10 әскери совхозда жалғасады. Ол алғашқыда осында, одан кейін Шымкент қаласында бірер жыл жүргізуші болып еңбек етеді. Жуалы ауданына қайта оралып, аудан орталығындағы тұрмыстық бұйымдар шығаратын фабрикада біраз уақыт жүргізуші, сонымен қатар, тауар дайындаушы болып жемісті жұмыс жасайды.
-Жұмыс бабымен Ресейде, Қазақстанның бірқатар алыс облыстарында іссапармен болдым. Жүргізуші болған соң мекеме басшылығы қайда жұмсаса, сонда баратынбыз. Бір жолы аудан орталығы Бурныйдан жолға шығып, қазіргі Мойынқұм ауданына қарасты Ақбақай елдімекеніне бардық. Ауданға қарасты ауылдардың арасы кем дегенде 150-200 шақырымға дейін жетеді. Содан Ақбақайда сауда жасап тұрмыз. Екі жүк көлігімен төрт адам барғанбыз. Бір уақытта жұпыны киінген бір кісі келіп: -Бұл жерден кетіңдер. Әйтпесе жазым боласыңдар,- деді. Кейіннен білдік, бізге кетіңдер деп ескерткен адам милиция қызметкері екен. Көзге түспейін деген оймен үстіне әдейі ескі киімдер киіпті. Аса қауіпті қылмыскерлерді қолға түсіру үшін әдейі солай істеген. Тауар дайындаушы болған соң бізде қомақты ақша бар болатын. Қылмыскердің қолына түсіп, жазым болмай осылай бір қатерден аман қалдық.
Одан кейін бұрынғы Семей облысының Шұбартау ауылына бардық. Онда Комсомол бригадасы жаңадан құрылып жатқан уақыт болатын. Мұнда мал бағуға келген жастардың арасында да болып, ауданнан апарған тауарларымызды саудаладық. Одан бөлек, Шу, Новотройцк, Балқаш, Ақтоғай елдімекендеріне де тон, киім-кешек, түрлі тұрмыстық бұйымдар апарып, тауардың құнына қойдың биязы жүнін, қалғанына ақша алып қайттық. Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына бір мәрте тауар апардым. Қысқасы, көлік жүргізуші болып, Қазақстанның біраз өңірлерін аралап көрдім.
Өткен өміріме өкінбеймін. Қиыншылықты да, қуанышты сәттерді де көп көрдім. Өмірдің қиындығына ешқашан мойыған емеспін. Қиыншылық мені шыңдап, алға жетеледі. Жастарға айтарым, ешқашан еңбектен қашпаңдар, табанды, шыдамды болыңдар. Сонда ғана алға қойған мақсаттарыңа жетесіңдер,- дейді еңбек ардагері.
Сапархан Расылханұлы 1968 жылы Қазақстанмен шекаралас жатқан Қырғыз Республикасының қызы Сапаркүл Жееншораевамен шаңырақ көтеріп, Бақыт, Шыңғысхан, Венера, Индира, Гүлмира, Махмұтхан, Әділетхан есімді ұлағатты ұл-қыздар өсіріп, тәрбие берді. Еңбек озаттарының отбасында өскен балалардың барлығы белгілі бір мамандықтың иесі атанып, өмірден өз орындарын тауып отыр.
Отанасы Сапаркүл апа 20 жылдан астам уақыт бойы №10 әскери совхозда картоп суғарушы, звено жетекшісінің көмекшісі болып жұмыс істеген. «Алтын алқа» алқасының иегері. Ал еңбек ардагері Сапархан Расылханұлының жалпы еңбек өтілі 35 жылды құрайды. Бүгінде олар ұл-қыздарынан 19 немере, алты шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
Еңбек ардагерінің ауданға сіңірген еңбегі, сонымен қатар, жас ұрпаққа адал еңбекті насихаттаудағы тәжірибесі ескеріліп, 2010 жылы Жуалы ауданының сыйлы қарияларымен, Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен бірге елордаға сапарлап барып қайтты. Қария бізге елордадан ерекше әсермен оралғанын әңгімелеп, сөз реті келгенде аудан басшылығына, аудандық ардагерлер кеңесіне алғысын білдірді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close