Basty bet

Ауыл тазалығына бәріміз жауаптымыз

«Тазалық – денсаулық негізі» дейді дана халық. Көрікті мекеніміздің келбеті тек сәнді де сәулетті ғимараттармен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейтіні белгілі. Күн сайын кемел келешекке құлаш сермеп, көркейіп келе жатқан мекеніміздің ажары оның тазалығына да тікелей байланысты. Ал тазалық пен ұқыптылық әрбір адамның туған мекеніне деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Сондықтан да тазалық – қоғамдағы маңызы зор мәселе болып табылады. Себебі, қоршаған орта мен экологиялық тазалық – тұрғындар үшін аса қажетті құндылықтардың бірі. Қоршаған ортаны таза ұстаумен қоса, біз өзіміздің, балаларымыздың денсаулығы дұрыс болуына жағдай жасаймыз. Қоғам үшін пайдасы зор осынау істі әрбір жан азаматтық борышым деп санауы керек.

Қарасаз ауылдық округі кәсіпкерлігі дамыған аудан орталығына жақын елді мекеннің бірі. Бірлігі мен ынтымағы бекем елді мекеннің тұрғындары ауыл тазалығына жауапкершілікпен қарайды. Ауыл тазалығына біркісідей жауапты екендерін сезінеді. Осы ретте, Қарасаз ауылдық округінде көктемгі екі айлық абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары атқарылуда. Аудан әкімдігінің «Көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитариялық тазалық жұмыстарын өткізу туралы» 2020 жылғы 18 ақпандағы №94 қаулысы негізінде Қарасаз ауылдық округі әкімдігі тарапынан жұмыс жоспары дайындалып, елді мекен аумағында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Округтегі атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ауылдық округтің әкімі Бауыржан Тойшыбековтың мәліметінен хабардар болдық.
Округ әкімінің айтуынша, көктемгі екі айлық басталғалы бері ауылдық округте әкімшілік қызметкерлері, мекеме қызметкерлері, қоғамдық жұмысшылардың қатысуымен сенбіліктер ұйымдастырылуда екен. Сенбілік барысында мекемелер аумағы, ауылішілік көшелер, ескерткіштер аумағы күл-қоқыстардан тазартылған. Б.Момышұлы-Қызтоған бағытындағы облыстық мәндегі жол бойындағы және ауылдағы орталық саябақтағы тал-дарақтар бұталып, жол бойындағы қоқыстар жиналып, арнайы орындарға шығарылған. Дегенмен, көліктермен өтетін аудан тұрғындары қаптармен қоқыстарды жол бойына жиі тастап (шашып) кетуі орын алуда. Сол себепті осы бағытта жол жүруші тұрғындардан тазалықты сақтауды сұранып отыр.
-Ауылда тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару үшін әр жұма күні аптасына бір рет арнайы тасымал ұйымдастырылған. Ауыл тазалығына жауапкершілікпен қарап, аула сыртына қоқысты төкпеуге, бұл үшін айыппұл салынатындығын тұрғындарға ескертіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, елді мекен тазалығына үлестерін қосуға және аулаларындағы арық-атыздарын таза ұстауға кеңес берілді.
Сондай-ақ, биылғы жылы ауылдың тыныс-тіршілігіне байланысты бірқатар жұмыстар жоспарлануда. Мәселен, ауылдық округ әкімі аппараты ғимаратының сыртын ағымды жөндеу жұмыстары, Ақбастау ауылы Береке көшесінің екінші қиылысына жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Қарасаз ауылында Бейбітшілік көшесінің бойына арық (лоток) жүргізу, Қарасу ауылы Ақжол көшесін жарықтандыру және Ақбастау ауылына «Street workout» алаңшасын орнату жұмыстары атқарылатын болады.
Туған топырағымызды таза ұстап, абаттандырып, жасыл желекке малындырып отыру – баршамыздың басты борышымыз. Тазалық – біздің денсаулығымыз бен өміріміздің кепілі. Ендеше, аймағымыздың тазалығына жауапкершілікпен қарасақ, ауылымыздың көркі одан әрі арта түсетін болады, – дейді ауылдық округ әкімі Бауыржан Мырзайымұлы.

Таңдаулы материалдар

Close