Basty bet
Жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауы ел дамуына, қоғамдағы тұрақтылық пен өркендеудің негізгі болып отырғаны белгілі. Жылдың бас құжатында тәуелсіз Қазақстанның өткені мен болашағы, алдағы уақытта атқарылар бағдарлы жұмыстар кеңінен көрініс тапқан. Онда «Заман талабына сай тиімді мемлекет» деп аталатын алғашқы бөлімінде: «Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын қағидатымыз. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналады. Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» делінген.
Күреңбел ауылдық округі әкімінің аппараты өздеріне бекітілген аумақтарда басқаруды ұйымдастыру жұмысын Президенттің берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша қабылданған облыс, аудандық әкімдіктің нормативтік құжаттары негізінде жүзеге асыруда. Сонымен қатар, жұмыс барысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы және Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалалары насихатталып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Ежелден ынтымағы жарасып, адал еңбекті ту еткен ауылдық округке қарасты Күреңбел және Қаратас ауылдарында 2350 адам тұрады. 2019 жылы 26 нәресте дүниеге келіп, сегіз кісі қайтыс болды. Екі елді мекенде күнделікті халық тұтынатын тауарлар сататын барлығы төрт дүкен қызмет көрсетуде. Бір ауыл шаруашылық тұқымдарын тазалайтын және бір ағаш тілетін қоңдырғы қызмет жасауда.
Ауылдық округ ауыл шаруашылығына бағытталған. Жалпы егістік жерлеріміз 7228,94 гектарды құрайды. Округ көлемінде тіркелген 190 шаруа қожалық егін және мал шаруашылығымен айналысады.
2019 жылы округ бойынша жаздық арпа 1790 га., күздік бидай 790 га. егіліп орташа өнімділік 24,4 ц/га құрады. Майлы дақылдар 1417 га. егіліп орташа өнімділік 8,4 ц/га құрады. 2019 жылы жоңышқа 309 га. егіліп, жалпы көлемі 2395 га. Құрайды. тиісінше, өткен жылға орташа өнімділік 26,4 ц/га.жетті. 2020 жылдың өнімі үшін егілген 12 шаруа қожалықтың 469 га. күздік бидай алқабы толықтай сақтандырылды. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарына жанар-жағармайға жеңілдетілген бағамен «Орсо энерджи» және «Ауыл мұнай» ЖШС-на округ шаруа қожалықтары 12,4 тоннаға сұраныс беріп 177 теңгеден 6,1 тонна алды. Округтегі егістік жерлердегі қауіпті зиянды организмдерді жою мақсатында бес шаруа қожалық 31 га. көпжылдық шөп егістігін залалсыздандырды.
«МинАгро» порталы бойынша округ шаруа қожалықтардың егістік жерлерін заңдастыру жалпы 7228,94 га. егістік жердің тек 6280 га. геопорталға тіркелді. Орындалу көрсеткіші 86 пайыз. Сондай-ақ, ШҚ-лардың пайдаланымындағы жайылым жерлердің жалпы 6059, 44 га. жерінің тек 4594 гектары ғана геопорталға тіркеліп, яғни орындалғаны 78 пайызды құрап отыр. Бұл жөнінде әкімшілік тарапынан жыл басынан және аптасына бірнеше рет шаруаларға ескертілген болатын.
Округте мүйізді ірі қара 2860, уақ малдың басы – 17194 бас, жылқы – 566, үй құстары – 2697 бас тіркеліп, компютерлік дерекқорға енгізілді. Малдардан қан алу, серологиялық тексеруден өткізу жұмыстары белгіленген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде. Мал азығын қамтамасыз ету мақсатында жалпы 2395 га. көп жылдық шөптен орташа өнімділік 26,4 ц/га айналып 815 тонна өнім жиналды. Пішеннен 9387 тонна және сабаннан 8500 тонна мал азығы дайындалды. Жалпы ет өндіру 946,6 (2018 жылы 924,8 тонна) тоннаны, сүт өндіру 541 (2018 жылы 9461 т.) тоннаны құрады. 2018 жылмен салыстырғанда біршама өсім бар. Бордақылау алаңдарына 167 бас бұқашық өткізілді. Қозы, сиыр етін экспорттау және «Сыбаға» бағдарламасы бойынша импорттан сиыр алу округ шаруа қожалықтары тарапынан ұсыныс пен қызығушылықтың болмауына байланысты орындалмады.
Шаруалар жаңа техника алу ісіне де белсенді қатысуда. Атап айтсақ, «ҚазагроҚаржы» корпорациясы арқылы «Іңкәр» ШҚ басшысы Е.Нағашбеков лизинг жүйесімен 8,7 млн. теңгеге «МТЗ-952.2» тракторлын алды және «Талғат» ШҚ басшысы Б.Сауранбаева лизингпен 7,4 млн. теңгеге «МТЗ-82.1» тракторларын алды. Округ бойынша 54 трактор, алты комбайн, 21 автомашина тіркелген.
Округ аумағында кәсіпкерліктің қалыптасып дамуына, жерді тиімді пайдалану, техниканы, тыңайтқыштарды, несиелерді қалай алу жолдары туралы тұрғындардың түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысу және шағын несиелерді алу туралы, егіндерді сақтандыру туралы, егін мен жерді әртүрлі зиянкестерден қорғау туралы және аурулардың алдын алу, емдеу туралы кездесулер тұрақты ұйымдастырылып отырады.
Округтегі аз қамтылған отбасыларды қолдау барысындағы іс-шараларға тоқталар болсам, «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын орындау мақсатында екінші бағытымен (Бизнес бастау жобасы аясында)19 азамат оқыды. Ауылдық округ бойынша 505,0 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты 19 азамат әртүрлі кәсіп түрінен жалпы сомасы 9342,5 мың теңге жеңіп алды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Диас» шаруа қожалығы мал басын асылдандыру мақсатында 269 бас қой алды. Одан бөлек, жеті азамат «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 24500,0 мың теңге несие алып, өз кәсіптерін жүргізіп отыр.
Бағдарламасының 3-ші бағыты шеңберінде қысқа мерзімді оқу бойынша округтен бес азамат оқып, сертификаттарын алды. 2019 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берген отбасылардың арасынан 52 отбасына көмек тағайындалып, 27 148,4 мың. теңге көлемінде төленді. Қоғамдық ақылы жұмысқа тоғыз адам, «Жастар практикасы» бағдарламасы негізінде төрт азамат жұмыспен қамтылды. Округте денсаулығына сәйкес мүгедектігі бар 79 адам тіркелген. Асыраушысы жоқ азаматшалар саны 14. Көпбалалы отбасылар – 22, бала саны -62. Аз қамтылған отбасы 9, бала саны-26.
Тазалық – саулықтың негізі. Осы орайда аудан әкімінің қаулысымен көктемгі және күзгі көріктендіру, көгеріштендіру тазалық айлығы жарияланып, округімізде жоспарлы түрде ауқымды жұмыстар атқарылды. Ұжым, мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, жалпы жұмысқа ауыл тұрғындарынан 500 адам және ақылы қоғамдық жұмысқа тоғыз адам тартылды. Ауыл ауыл іші, ауыл сыртындағы кездейсоқ қоқыстар тазаланып 13 тонна күл-қоқыс шығарылды. Арнаулы орындардың сызбалары жасалып, 1500 дана терек, 30 дана жеміс ағашы, қарағаш 300 дана егілді. «Жасыл белдеу» бойынша Батырбек датқа кесенесінің аумағына ауыл жастары тал-дарақтар екті. Әр аптаның жұма күндері мәліметтер аудан әкімдігінің ТКШ, ЖК және АЖ бөліміне жолданып отырды.
Бір ескерте кетерлігі, әлі де болса ауыл тұрғындары сай-салаларға қоқыстарды тастауын қояр емес. Бұл жөнінде тазалық талаптарын сақтамаған жағдайда айыппұл бар екендігі жөнінде ескертпе-тақтайшалар бірнеше жерге ілінген. Жеке тұлға Б.Надирбаев ауыл тұрғындарымен қоқыс шығару бойынша келісім-шартқа тұрып, аптасына бір рет шығару жұмыстары қолға алынды.
Күреңбел ауылын бақша суымен қамтасыз етіп отырған жалпы ұзындығы 16 шақырымды құрайтын Қарабастау-1, Қарабастау-2 аталатын екі канал бар. Аталған каналдарды жыл сайын ауыл тұрғындары өз күштерімен тазалап тұрады. Ауылдағы ауыз су жүйесі 1960 жылы пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда су құбырларының әбден тозығы жеткен.
Күреңбел ауылының ауыз су жүйесіне әзірленген ЖСҚ жинағы, сараптама алдындағы есептеу нәтижесі бойынша жерасты су қорының аздығына сәйкес жоба уақытша тоқтатылып, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасына «ЭЖКАЗНЕДРА» ҒЗО арқылы қайта бағалау жұмыстарын атқаруға тапсырыс берілді. Қазіргі уақытта су бұрғылау орны анықталып, жердің мемлекеттік актісі жасалуда.
Қаратас ауылында жерасты су қорын зерттеу, бұрғылау және барлау жұмыстарының облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасы екі жылдан кейін қорытынды нәтижесі береді.
2019 жылы салық төлемдері 138,2 пайызға орындалды. Қаржы игерілімі 99,9 пайызға игерілді.
2019 жылға «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасымен облыстық бюджеттен 2051,0 мың теңге бөлініп, Қаратас ауылының А.Байшаханов көшесіне жарық шамдары орнату жұмыстары жүргізілді. Үнемделген 210,0 мың теңгеге Күреңбел ауылы орталық саябақтың арық су жүретін құбыры ауыстырылды. Аудандық бюджеттен 4500,0 мың теңгеге Күреңбел ауылы Бейбітшілік көшесінің жолы орта жөндеуден өтіп, көпірі ауыстырылды. «Күреңбел» бөбекжай-балабақшасына аудандық бюджеттен бөлінген 3146,0 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізілді. «Алатау.com.kz» ЖШС ауылішілік жолдарын қардан тазалау жұмыстарын жүргізіп отыр.
Әскери міндет бойынша өткен жылы күзгі және көктемгі мерзімді әскери қызметке ауылдық округі бойынша әскер қатарына 15 азамат жіберілді.
Ауылдық округте іс-қағаздар толықтай қазақ тілінде жүргізіледі. 2019 жылы 23 шешім және 85 өкім шығарылды. Арыз-шағымдар мен өтініштерді қарау жұмысы ҚР Президентінің «Азаматтардың арыз-шағымдарын қарау туралы» Жарлығының талаптарына сәйкес жүргізілді. Округ әкімі аппаратының сенім телефоны және азаматтардың арыз-шағымдарына арналған жәшік тұрақты жұмыс жасауда, оларға бүгінгі күнге жемқорлық сипатындағы хабарламалар түскен жоқ. Мемлекеттік қызмет көрсету саласы бойынша 2019 жыл бойына 121 электронды және қағаз түрінде қызмет көрсетілді.
«Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларына ұсынылған аналардың саны- 52. «Алтын алқа» -30. «Күміс алқа» -22.
Күреңбел ауылдық округінде құқық қорғау қызметінде учаскелік инспектор, ПБ-ның полиция капитаны Е.Сыдығалиев қызмет атқарады. Толыққанды жұмыс істеуге барлық мүмкіншіліктер жасалған телефон, сейф, компьютер, қызметтік орынмен қамтамасыз етілген. 2019 жылы үш қылмыс оқиға тіркелді. Оның ішінде: 34 бас қой ұрлау оқиғасы орын алған.«Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалық жетекшілеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сақтық шараларын қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйесін орнатуды қолға алу керек.
Күреңбел ауылының тұрғыны Тайжан Қозыбеков және Бақыт Қыстаубаев жасөспірімдерді дзюдо, қазақша күреспен айналысуға тартып, олардың спортпен шұғылдануына ықпал етіп, саламаттылық тұрғысынан тәлім-тәрбие беруде. Күрес үйірмесіне барлығы 60 жасөспірім бала қатысады. Округ спортшылары көптеген аудандық, облыстық, тіпті, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.
Аудан көлемінде өткізілетін барлық мәдени іс-шаралардан біздің округіміз еш қалыс қалған емес. Жыл сайын Наурыз мейрамы мен Жаңа жыл мерекесі өз дәрежесінде өтіп келеді. Осынау тағылымды іс-шара барысында мекеме басшылары мен ұжымдар және ауыл жастарының демеушілігімен жалғызбасты, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға бір-бір қаптан ұн, күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлерін үлестіру дәстүрге айналған.
2020 жылдың бірінші жартыжылдығында да бірқатар жұмыстар атқарылып отыр. Атап айтқанда, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы шеңберінде Күреңбел ауылының Жуалы, Бейбітшілк және Қарабастау көшелеріне көше жарығы орнатылды. Аталған жұмыстар ағымдағы жылдың сәуір айында басталып, мамыр айында толығымен аяқталды. Аталған ауылдағы орталық саябақта орналасқан кіші футбол алаңшасына жасанды төсеніш төселініп, пайдалануға берілді. Қаратас ауылындағы бақша суғаратын арық су жүйесіне канал қазылып, шлюз орнатылды.
Округ тұрғындарының өтініш-тілектеріне байланысты Күреңбел ауылы және Қаратас ауылдарына ауыз су жүйесін жүргізу, Қаратас ауылының төменгі жақ көшесіне асфальт төсеу және жарықтандыру мәселесі, Күреңбел және Қаратас ауылдарына телефон байланыс жүйесін реттеу және қазіргі заман талабына сай 4 G интернет желісін орнату, Күреңбел ауылына апаратын аудандық мәндегі жолға және ауылішілік жолға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, Күреңбел ауылдық мәдениет үйіне трансформатор орнату, сонымен қатар, Күреңбел ауылы Қарабастау көшесінің басындағы су каналына көпір орнату мәселелері өз шешімін күтуде.
Алдағы уақытта да ауылдық округте тұрғындардың ынтымақ-бірлігімен атқарылатын жұмыстар орасан. Бақ қонып, Қыдыр дарыған қасиетті Жуалы ауданындағы іргелі елдімекендердің бірі саналатын Күреңбел ауылдық округінің өткен жылғы тыныс-тіршілігі міне осындай.
Бейбіт КЕНЖЕШ,
Күреңбел ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы