Basty bet
Алдымызда қадау-қадау міндеттер тұр
Аудан әкімі Нарбай Ергебековтың тұрғындар алдындағы есептік жиыны апта ортасында Көкбастау, Нұрлыкент, Билікөл ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Сонымен, «әкімнің есебі болады» деген хабарды естіген округ тұрғындары Көктөбе ауылындағы Көктөбе орта мектебіне жиналды. Жиын жұмысына аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімдігінің сұраныс жасалған бөлім басшылары қатысты.
Есептік жиын барысында алдымен округтің учаскелік полиция инспекторы Диас Үсіпбаев өз жұмысын баяндады. Ол өткен жылы округте 10 қылмыс тіркеліп, оның бесеуі ашылғанын, сонымен қатар, «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасымен атқарылып жатқан жұмыстардың барысына тоқталды.
Келесі кезекте Көкбастау ауылдық округінің әкімі Ержан Серкебаев атқарылған жұмыстардың есебін берді. Атқарылған жұмыстармен қатар атқарылар тірліктер де сөз болды. Бұл туралы ауыл әкімдерінің есептік жиындарында толықтай қамтылып, газетте жарияланғандықтан ауылдық округтің жұмысына тоқталмаймыз. Одан соң баяндама жасау үшін сөз аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді.
-Құрметті жерлестер! Аудан экономикасы еліміздің біртұтас экономикалық кеңістігінің құрамдас бөлшегі болып табылады. Осы орайда ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне жылдан-жылға артығымен қол жеткізілуде.
Есепті мерзімде ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 29 млрд. 895,5 млн теңгені құрап, (2018 жылы 24 881,1 млн. теңге) өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, нақты көлем индексі 105,8 пайызды құрады.
Оның ішінде, өсімдік шаруашылығы 13 995,7 млн теңге, нақты көлем индексі 108,2 пайызды, мал шаруашылығы 15 895,6 млн. теңге, нақты көлем индексі 103,8 пайызды құрап отыр. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы жерлері 213 151 га, оның ішінде 97 315 га егістік жер, суармалысы 8377 га.
Масақты дәнді дақылдарды жинау барысы бойынша, орылғаны 35 524 га, әр гектардан орташа өнімділік әр гектарға 23,3 центнерді құрап, жалпы түсімі 82 770 тоннаны құрады. Күзгі дала жұмыстары бойынша 20 845 га майлы дақылдар орылып, әр гектардан орташа өнімділік 8,7 ц/га, жиналған өнім 18 131 тонна (100,0 пайыз). Картоп дақылының жиналғаны 2543 гектар, өнімділігі 240 ц/га, алынған өнім 61 032 тонна (100,0 пайыз).
Есепті мерзімге жалпы құны 469,164 млн теңгеге 69 ауыл шаруашылығы техникасы алынды, оның ішінде 37 дана жаңа МТЗ тракторы, 1дана тиегіш, 28 дана ауыл шаруашылығы тіркемесі, 2 дана астық жинайтын комбайн және 1 дана су шашатын қондырғы (жаңбырлатып суғару құрылғысы). 2019 жылдың басынан жеңілдетілген жанар-жағармай бойынша, барлығы 4358 тонна дизель отыны бөлініп, таратылды. Оның ішінде көктемгі дала жұмыстарына 2167 тонна, жазғы дала жұмыстарына 1191 тонна және күзгі дала жұмыстарына 1000 тонна бөлініп, агроқұрылымдар толығымен қаматамасыз етілді. 50 пайыздық жеңілдікпен барлығы 3010 тонна минералды тыңайтқыш алынып, масақты дәнді дақылдарға тұқымды егістік жерге сіңіру барысында берілсе, басым дақылдарға топырақты өндеу жұмыстары арқылы беріліп отырды. Бұл дақылдардан алынатын өнімділікті 4-5 цн/га көтеріп, топырақ құнарлығын сақтап, арттыруға өз септігін тигізуде.
Ауданымыз негізінен ауыл шаруашылығына бейімделгендіктен мал өнімдерін өндіру аса маңызға ие. Ет өндіру тірі салмақпен 13 863 тонна, сүт өндіру 43 577 тонна, жұмыртқа 8 006,6 мың дана өнім алынып, 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ет өнімі 4,3 пайызға, сүт өнімі 4,5 пайызға, жұмыртқа 2,0 пайызға артты.
Ауданда бірқатар өндіріс ошақтары жұмыс жасап, нәтижесінде өнеркәсіп өнімдерін шығарып отырған кәсіпорындар 2019 жылы 10 380,7 млн. теңгенің өнімдерін өндіріп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өндірілген өнімнің нақты көлем индексі 102,8 пайызды құрады. Есепті мерзімге аудан көлемінде статистикалық деректерге сәйкес, 4 792 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның ішінде 2 орта, 166 шағын кәсіпорын, 2176 жеке кәсіпкер, 2448 шаруа қожалық тіркелген. Осы кәсіпкерлік – шаруашылық субъектілерінде барлығы 9022 адам жұмыс атқаратын болса, соның ішінде 109 адам орта кәсіпорында, 679 адам шағын кәсіпорында, жеке кәсіпкерлікте 1867 адам, шаруа қожалықтарында 6367 адам жұмыс жасайды. 2019 жылы кәсіпкерлік субъектілері бюджетке 519 727,5 мың теңге салық түсірді.
Өткен жылы ауылдық округ тұрғындарының алдындағы есептік жиындар барысында барлығы нақты 20 сұрақ назарға алынып, оның 19-ы орындалып отырғанын баса айтқым келеді.
2020 жылы Қошқарата, Көлтоған, Ертай, Шақпақата, Т.Дүйсебайұлы ауылдарына ауыз су жүйесі тартылатын болады. Сонымен қатар, Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов атындағы орта мектепке қосымша спорт зал, Нұрлыкент ауылында көптен күткен мәдениет үйінің құрылысы басталады деп күтілуде. Биылғы жыл ел өмірінде мерейтойлы жыл болмақ. Атқарылатын жұмыстарды осы бастан жүйелеп алуымыз қажет,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Баяндамадан соң жарыссөз басталып, онда алғаш болып Көктөбе ауылының тұрғыны Оразалы Көпбаев сөйлеп, ауылдағы ауыз су жүйесінің әбден тозығы жеткенін айтып, мәселені шешіп беруді сұрады. Ал округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Болатбек Қайыпбеков ардагерлердің шипажайларда демалуына жағдай жасау, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында ақынның туған жері Шыңғыстауға барып-қайтуға қол ұшын беретін демеушілерді ұйымдастыру керектігіне тоқталды. Аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді. Ал Қосбөлтек ауылының тұрғыны Базарбек Сұлтанбеков ағын судың жеткіліксіздігін айта келе, таудағы мал қыстауларын тиімді пайдалануды ұсынды.
Нұрлыкентте мәдениет үйінің құрылысы басталады
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков тұрғындар алдында есеп беру мақсатында Нұрлыкент ауылына да барды. М.Ломоносов атындағы орта мектепке жиналған ауыл тұрғындарының қарасы мол. Алдымен учаскелік полиция инспекторының және Нұрлыкент ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақытжан Назардың баяндамасы тыңдалды. Келесі кезекте аудан басшысы Н.Ергебеков 2019 жылғы атқарылған жұмыстар мен 2020 жылға жоспарланған межелі міндеттер туралы тұрғындар алдында есептік баяндама жасады. Алда атқарылар шаруалардың жайына да кеңінен тоқталды.
Жарыссөзде алғаш болып ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Айдарбек Сейдалиев сөз алып, Нұрлыкент пен Теріс ауылдарының арасындағы жолды жөндеуге, үлкен жолдың бойынан мал айдап өтетін өткел салуға көмек сұрады. Ал Түктібай ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Батырхан Досыбаев аталған ауыл тұрғындарының көп жылдан бері ауыз суға жарымай отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, Аула клубын ашу мәселесін көтерді. Әкімнің есебін қанағаттарлық деп бағалады.
Газдандыру мәселесі бар
Билікөл ауылдық округінің тұрғындарын көгілдір отынның жайы алаңдатқанына да біраз жылдың жүзі болды. Оған аталған округте өтетін жиындар мен басқосулардан қанықпыз. Аудан әкімінің бұл жолғы есептік жиынында тұрғындар газ тарту мәселесін тағы да көтерді. Тұрғындар округтің учаскелік полиция инспекторы Бақыт Алмамбетовтың, ауылдық округ әкімі Талғат Әмірәлиевтың, аудан әкімі Нарбай Ергебековтың баяндамасынан соң мәселелерді ортаға салды. Жарыссөз барысында ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов сөйлеп, округке ауыз су тарту, ауыл тұрғындары мен бірқатар мемлекеттік мекемелер кең жолақты интернетке қол жеткізе алмай отырғанын жеткізіп, әкімнің есебін қанағаттанарлық деп бағалады. Ал Дарбаза ауылының тұрғыны Есенбай Шыңғысбаев газ тарту мәселесімен қатар, ауылдағы Дарбаза көшесін асфальттауды ұсынды. Одан кейін зейнеткерлер Мәдіхан Рахманқұлов, Асқар Тазабеков сөз алып, округте электр бағаналарын ауыстыру мәселесі өткір тұрғанын еске салды.
Округті газдандыру бойынша қойылған сұрақтарға жиын жұмысына қатысқан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының газдандыру және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бақтыбай Қырықбаев жауап берді. Ол Билікөлге газ тарту мақсатында АГРС құрылысына жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, күні кеше ғана елордадағы тиісті министрліктің қарауына жолданғанын қуанышпен жеткізді. Жиында қойылған басқа да сұрақтарға аудан әкімі Н.Ергебеков, аудандық әкімдіктің тиісті бөлім басшылары жауап берді.
Есептік жиын барысында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның несие бөлімінің басшысы Бауыржан Тәжібаев тұрғындарға несие алу жолдары мен кәсіп ашуға ақыл-кеңестер берді. Сонымен бірге, аудан көлемінде Б.Момышұлы ауылы және Шақпақ, Күреңбел, Жетітөбе ауылдық округтерінің тұрғындары несие алуда белсенділік танытып отырғанын айтып, бағдарламалардың шарттарын кеңінен түсіндіріп берді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»