Basty bet
Арманы – спорт саласының дарабозы атану
Жұлдызы биік Жуалы жұртшылығы осынау қасиетті топырақтан түлеп-ұшқан аты әлемге әйгілі батырларымен және генералдарымен мақтанатыны белгілі. Біздің ауданның жұртшылығы спортта биік жетістіктерге жеткен даңқты ұл-қыздарымен және әлемдегі жоғары байрақты бәсекелерде елімізге олжа салып жүрген чемпиондарымен де мақтанатыны сөзсіз.
Спорт – денсаулық кепілі екеніне ешкім де қарсы дау айта алмасы анық. Спорт пен дене шынықтырудың адам денсаулығына тигізер пайдасынан бөлек, ол адамның ішкі рухын да қоса шыңдайтыны белгілі. Әлбетте, үлкен спорттың мемлекет мерейін де өсіретін жағымды жақтары бар.
Осы ретте біздің Жуалы ауданынан жастайынан спортты жанына серік етіп, қасиетті өлкенің даңқын асырап, сол арқылы өздері де құрметке бөленіп жүрген даңқты азаматтарымыз аз емес.
«Толқыннан толқын туады» демекші, Жуалыдай қасиетті топырақтан түлеп ұшқан даңқты спортшылардың жолын бүгінде кейінгі жас буындардың жалғастырып келе жатқаны бәріміздің көңілімізге қуаныш ұялатады. Қазіргі таңда үлкен спортта ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеткен жас буын спортшыларымыз жетерлік.
Байрақты бәсекелерде ел абыройын асқақтатып жүрген азулы спортшыларымыз баршылық. Соның бірі – самбодан Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы – Нұртілеу Талғат.
Самбо спорт түрі– олимпиадалық емес спорт түрі болып табылады. Бұл спорт түрі КСРО тұсында 1938 жылы 16 қарашадан бастап пайда болған.
Сол жылы дене шынықтыру саласының бүкіл одақтық комитеті самбоны бірауыздан спорттың бір түрі деп тіркеді. Самбо сөзі үш сөз тіркесінен тұрады. Талдап айтсақ, алғашқы тіркестен қарусыз қорғану деген сөз шығады. Бұл спорт адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады. Яғни күш жетілдіретін спорт түрі, сонымен қатар қорғанудың ұлттық өнері.
Бұл спорт түрі білек пен жүректің, ақыл мен айла, күш-жігер сыналған сәтте мықтының мықтысы, күштінің күштісі ғана жеңіске жетеді. Бүгінде белі мен білегі мықты жастар осы спорт түрін дамытып, талай жетістіктерге жетіп жүр. Сондай ¬жалынды спортшының бірі – Нұртілеу Талғат.
Болашағынан үлкен үміт күттіретін жуалылық самбодан спорт шебері Нұртілеу Талғат ауданға қарасты ерлік пен елдікті тең қойған Бауыржан Момышұлы ауылының тумасы. Жас өрен аудан орталығындағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясының табалдырығын 2008 жылы аттап, 2014 жылдан бастап Тараз қаласындағы дарынды балалар спорт мектеп-интернатында оқып бітіреді. Қазіргі таңда Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық-инновациялық университетінде дене шынықтыру пәні мамандығының 4 курс білімгері.
«Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысар» демекші, баласының тілеуін тілеп отыратын бірінші кезекте ата-ана. Әкесі Нұрлан Талғатұлы почтада инкасатор болып жұмыс істесе, анасы Айжан Спабекқызы №1 бөбекжай-балабақшасында аспазшы болып еңбек етеді. Отбасында үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отқан бақытты жандар. Нұртілеу үйдің тұла бойы тұңғыш ұлдары.
Нұртілеудің бала кезінен спорт үздігі болуды армандаған екен. Бала арманы мақсатқа айналып, 2013 жылдан бастап күреспен айналыса бастайды. «Бірінші байлық –денсаулық» нақыл сөздің салмағын жете түсінген жас спортшы дене бітімінің дұрыс қалыптасуына спортсыз елестете алмайтынын біледі. Яғни дені сау, білімді, білікті, жан-жақты қалыптасқан болашақ жастар еліміздің түп қазығы. Осылайша кіршіксіз арман өміріне жарық сәуле шашып, жол сілтеп үлкен спортқа алып келді. Баланың спортшы болу арманына жол ашқан оның қияға қанат қақтырған білікті жаттықтырушы Асқар Нұридинұлы болды. Нұртілеу Нұрланұлының арманы – спорт саласының дарабозы атану. Жас спортшының айтуынша, қай спорттың да қауіп-қатері қатар жүреді.
-«Күтпеген жағдай болуы мүмкін. Спорт – сонысымен спорт. Егер адам спорттың сол ауырлығын сезінбесе биік белестерді бағындыра алмайтыны анық. Жаттығулар оңай емес. Қиындықтар болады. Соның бәріне шыдай білу керек,- дейді жас чемпион Нұртілеу.
Кез келген жеңіс адамға оңайлықпен келмейді. Жетістік те, жеңіс те үлкен арманның, еңбектің нәтижесі. Еңбекпен келген жеңіс адамға бақыт сыйлайды.
Жуалы ауданында өткен «Жуалы барысы» жарысында І орын иеленді. Облыста өткен ересектер арасында чемпион атанды. Республикалық ересектер арасындағы жарыстарға қатысып, жүлделі орын иеленіп, жеңімпаз атанды. Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында қола жүлде, одан кейінгі әлем чемпионаттарында топ жарды. «Шынықсаң, шымыр боласың» демекші тынбай дайындық пен еңбектің арқасында Грецияда өткен Әлем чемпионатында үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтқан кезде, Жуалыдан барған спортшымыз жүлделі орын иеленіп қайтты. Әлемнің әр мемлекеті бақ сынаған додада самбо спорт түрінің биіктен көрінуі, біздегі бұл спортының жақсы дамығанын тағы бір қырынан көрсетіп берді. Алдағы жоспары әлемдік ареналарда күресіп, Қазақстанның көк байрағын желбіретіп, әлемге таныту.
«Талпынған жетер мұратқа» демекші жас чемпионның жеңісті жолы алда деп білеміз. Нұртілеудей жас өреннің арманның биік шыңына жететініне сенеміз.
Анар ТІЛЕНШИЕВА
«Жаңа өмір»