Жетітөбелік Мәулен Келдібектің ауылдағы жастар арасында «Ауылым – алтын бесігім» атты қайырымдылық қор құрып, қорға жиналған қаражатты ауыл жастары игі бастамаларға жұмсап, үлгі болып жүргендігі туралы бұған дейін жазған болатынбыз.
Жақында Мәуленнің тағы бір тамаша сауап ісі туралы естіп, сүйсіндік. Яғни, Мәулен отау құрып, тойында замандастары сияқты «Лимузинмен» қыдырмай, сол қыдыруға кететін қаражаттың орнына балалар үйіне барып, балаларға тамаша мереке ұйымдастырып беріпті.
Мән-жайды білу үшін өзіне хабарластық.
-Құран Кәрімде айтады ғой «Ішіңдер, жеңдер, бірақ рәсуа қылмаңдар» деп. Сондықтан заманауи көліктермен қыдырсақ кем дегенде 100 мың теңге кетеді. Дәл бүгінгі таңда «Лимузинмен» немесе басқа көлікпен қыдыру «престиж» емес. Оның орнына жастар қаржысын сауап, пайдалы іске жаратса, адамдарға қуаныш сыйласа, нұр үстіне нұр болар еді.
Өзім бұрыннан «Алла қаласа, тойымда қыдыруға ақшаны ысырап қылғанша, бір сауап іс істесем» деп ойлап жүретінмін. Келіншегім Гүлназ екеуміз отау құрған соң, оған «қаншама қаражатты жел ұшырып, қыдырғанша, жетімдер үйіне барып, балаларға қуаныш сыйлайық» деп ойымды жеткіздім. Ол да бірден қолдай кетті. Ойымды әрі қарай іске асуына себепші болды.
Тараз қаласындағы Сармолдаев атындағы балалар үйіне барып, директорына өз идеямызды жеткіздік. Ол кісі қуана келісті. Біз алдымен 50 балаға мерекелік дастарқан жаюға қажетті азық-түліктерді жеткізіп бердік. Өздері дайындады. Біз той күні үйден той киімдерімізді киіп, қонаққа бардық.
Балалар үйінің директоры: «балалар қуанышты жағдайды ести салып, қуанып, дастарқанды өздері дайындады»,- деді.
Бұған дейін ол жерде жас жұбайлар барып суретке түсіп қайтады екен. Біз ұйымдастырғандай мереке бірінші рет болыпты.
Мейірімге шөлдеген балалардың жүзіндегі шын қуанышты көріп, жүрегім езіліп кеткендей болды.
Балалармен бірге мерекелік дастарқанда отырып, тілек айттық. Дастарқан басында 1-11 сынып аралығындағы балалар болды. Небір талантты, жанып тұрған балалардың өнеріне тәнті болдық. Балалар ән айтып, поэзия оқыды, тілек айтты. Бірге билеп, суретке түстік. Кішкентай балаларды сайқымазақтар ойнатып, бір сәт болса да көңілдерін көтерді. Бізбен бірге «Жастар ресурстық орталағының» теолог маманы Құрбан Әбдір деген азамат та болып, ол жастарға үлгі-өнеге боларлық ақыл-кеңестерін айтты.
Кішкентай балалар үшін келіншек көру қашанда – бір қызық қой! Балалар келіншек көргеніне мәз болып, жанымыздан шықпай жүрді. Олардың қуанышын көріп көзіме жас келді. Балаларды шын қуантудың өзі қандай бақыт екенін сезіндік.
Қазір Аллаға шүкір халқымыздың жағдайы жаман емес. Барлық жағдай жасалған. Бірақ, рухани жағынан кедейленіп бара жатқандай көрінеді. Адамдардың бір-біріне деген мейірімі, кең пейілділік, бір-біріне деген сенім, қарапайымдылық, адалдық деген сияқты игі қасиеттер жетіспейді. Сондықтан өзім рухани қуанышқа кенелу арқылы басқаларға да үлгі болсам деген мақсатпен ұйымдастырдым. Құран Кәрімде «Жақсылықта жарысыңдар» дейді ғой. Мен жастарға дүние-мүлікпен, киіммен емес, жақсылық жасаудан жарысайық дегім келеді,- дейді Мәулен Рақатұлы.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы дәл бүгінгі қоғамда өте құнды дүние. Санамыздың рухани жаңғыратын кезі бізге әбден жетті. Шын мәнінде өмірді мәнді ететін адамдардың бір-біріне деген шын ықыласы, тілеулес, ниеттес пейілдері. Алайда, көреалмаушылықтан, немқұрайдылықтан, екіжүзділіктен, парақорлықтан арылмай, сана-сезіміміз көтерілмейді.
Үйлену тойда жастар шынында заманауи көліктермен қыдыруға қаншама қаржысын шашып жатады. Бас-аяғы 200-300 мыңға дейін қаржы жұмсайды. Кейбір жастар жағдайы көтермесе де қатарынан қалмауға тырысып, несие алып немесе қарыз алып қыдыруға шығады. Оның кімге пайдасы бар?! Өздері қарызға кіріп, қалталы азаматтарды одан сайын байыта түсеміз. Оның орнына жастарымыз Мәулен Рақатұлы айтқандай, жақсылық жасаудан жарысса…
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»