Basty bet

БЕРЕКЕНІ КӨКТЕН ТІЛЕМЕ, БІРЛІГІ МОЛ КӨПТЕН ТІЛЕ

Қазақ елін алып бәйтерекке теңесек, еліміздің ырыс, ынтымағын арттырып отырған ауылдар мен аудандар сол бәйтеректің мәуелі бұтақтары іспетті. Қасиетті Жуалы жерінің де елдің ырысын еселеп, ынтымақ пен бірліктің ерен үлгісін көрсетіп келе жатқаны баршаға аян.

Қарасаз ауылдық округі халық саны және елдімекен саны жағынан аудандағы үлкен округтердің бірі саналады. Мал және егін шаруашылығы қатар дамып келе жатқан іргелі округтің тұрғындары кейінгі жылдары кәсіпкерлікке бет бұрып отыр. Соңғы бес жылдықтың өзінде ауылдық округтің орталығы саналатын Қарасаз ауылында мейрамхана, шағын маркет және супермаркет, жеке тіс емханасы, дәріхана, ветеринариялық дәріхана, құрылыс заттары дүкені, үш ағаш өңдеу цехы, жанар-жағармай құю және көлік жөндеу бекеттері, т.б. кәсіпкерлік нысандары салынып, іске қосылды. Округ шаруалары ақ егістің және бақша дақылдарының да егістік көлемін ұлғайтып отыр. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай.
Округ әкімі аппаратының бізге берген мәліметінше, бес елді мекенде 771 (2019 жылы-764) аула, 3484 (2019 жылы-3435) тұрғын, оның ішінде 15 ұлт өкілі бар. Сонымен қатар, екі орта мектеп, бір колледж, екі бөбекжай-балабақша, бір орталық мәдениет үйі және оның жанында кітапхана орналасқан. Округімізде бес елді мекен болса, барлығында бір-бірден фельдшерлік пункт бар. Сондай-ақ, округте екі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, бір ЖШС, 232 шаруа қожалық, 140 жеке кәсіпкер бар. Халыққа қызмет көрсетіп жатқан бір супермаркет, бір шағын маркет, 8сегіз азық-түлік, бір құрылыс, бір автобөлшектер дүкені, бір жанармай құю бекеті, бір шаштараз, бір ателье, бір дәріхана, бір ветеринариялық дәріхана, бір тіс емханасы, бір тойхана, екі ағылшын тілін окыту орталығы, бір жиһаз цехі, үш бірдей ағаш тілу станогы, бір наубайхана тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде біршама жұмыстар атқарылып келеді. Егін шаруашылығы саласына тоқталар болсақ, ауылдық округ бойынша егістік жер көлемі 11852,39 гектарды құрайды. Оның ішінде, 1007 гектар жер «Ақсанат» ЖШС-ның еншісінде. 200 гектар сараптау бөлімшесіне, ал, 56 гектар №16 Жуалы колледжіне қарасты жерлер. Ал шаруа қожалықтардың еншісіндегі жер көлемі 10 672 гектарды құрайды. Биылғы жылы оның 1116 гектарына күздік бидай, 3132 гектарына арпа, 3320 га мақсары, 60 га картоп, 20 га көкөніс егілген екен. 2433 гектары көпжылдық шөпке тиесілі. Көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес өз деңгейінде атқарылыпты.
Жалпы округ бойынша бес елді мекенде 771 аула бар, онда 107 гектар үй іргесіндегі жерлер. Осы жерді игеру мақсатында әр аулаға арық-атыздарды тазалау мақсатында арнайы хабарламалар таратылып, ауылға, көшеге келетін арықтар тазаланып, қазіргі таңда барлық аулаға су келетіндей жағдай жасалған.
Округ ауыл шаруашылығы саласына толықтай бейімделгендіктен жаңа техникалар алу жұмыстары аса маңызды саналады. Сонымен ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бойынша ағымдағы жылы «Ержан» шаруа қожалығының басшысы Серік Баетов «Беларусь-80,1» маркалы ауыл шаруашылығы техникасын 7 120 000 теңгеге сатып алып, округ техникасын жаңартуға өз үлестерін қосуда.
Ауылда тұрған соң мал ұстау да маңызға ие. Округте ірі қараның басы артқан. Таратып айтсақ, 2019 жылы МІҚ 3380 бас болса, 2020 жылы 3550 бас, яғни бес пайызға өсім бар, қой мен ешкі 2019 жылы 6564 бас болса, 2020 жылы 7686 бас, 17 пайызға артты, жылқы 2019 жылы 644 бас болса, 2020 жылы 578 бас болып, 11 пайызға кеміп отыр. Ал, құстар саны 2019 жылы 7077 болса, 2020 жылы 7239-ға жетіп, 2,3 пайызға артық.
«Ауылына қарап, азаматын таны» деген сөз бар. Осы ретте округтің тыныс-тіршілігі, ауыл азаматтарының атқарып отырған игілікті әрі сауапты істері туралы ауылдық округтің әкімі Бауыржан Тойшыбеков айтып берді.
– Бұрыннан ынтымағы мен бірлігі жарасым тауып, өзге ұлттардың да өкілдерімен бірге сыйластық, достық қарым-қатынаста тіршілік кешіп жатқан Қарасаз ауылдық округі бес елді мекеннен құралған. Мұндағы 472 аулада 3484 тұрғын бар. Округтің жер жағдайы мал және егін шаруашылығына бейімделгендіктен мұнда 232 шаруа қожалық тіркеліп өнімді жұмыс жасалуда. Биылғы жылы жаңадан алты шаруа қожалық, сегіз жеке кәсіпкерлік ашылды. Оның ішінде, Сейіт Жайықбаев және Әбілнұр Ахметов басшылық жасайтын «Жайық», «Ескендір», «Зеркүл», «Ханшайым» шаруа шаруа қожалықтарының, 1000 гектардан аса егістік жері бар «Ақсанат» ЖШС-ның еселі және өнімді еңбектерін ерекше атап өткім келеді.
Одан бөлек, ауыл тұрғындары көптен күткен ауыз су мәселесі өткен жылы шешіліп, ауылға таза ауыз су құбыры тартылды. Қарасу ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бес келушіге арналған медициналық пункт салынды. Сонымен бірге, Көктас ауылындағы Достық көшесіне асфальт төсеу және жарықтандыру жұмыстары толықтай атқарылды.
Қарасаз ауылдық округінде инфрақұрылым мәселесі жақсы дамыған деп айтсақ, артық айтпаймын. Олай дейтініміз, округке қарасты барлық елді мекенге табиғи газ тартылып, жарық орнатылған. Ал ауыз су мәселесі кезең-кезеңімен реттелуде. Өткен жылы Қарасаз ауылына су кіргізілсе, ағымдағы жылы Ақбастау және Жұрымбай елді мекендеріне ауыз су беріледі деп күтілуде.
Ауылішілік жолдардың мәселесі де кезең-кезеңімен атқарылуда. Қарасаз ауылдық округі бойынша бес елді мекенде 15 көше бар. Оның ішінде Ақбастау ауылы Қ.Рысқұлбеков, Қарасу ауылы Ақжол, Жұрымбай ауылы Жеңіс көшелерінің жолдары аудандық мәндегі жолдар. Ал Қарасаз ауылындағы Бірлік көшесі облыстық мәндегі жол. Ауылішілік жолдардың 11-інің сегізін орта жөндеуден өткізу бойынша жоба-сметалық құжаттамалары дайын. Қаржы бөлінген жағдайда ретімен жөнделеді.
Ауылдағы көше жарықтары туралы айтар болсам, Көктас ауылы Достық көшесіне жарық орнатылса, осы жылы Қарасу ауылының Ақжол көшесі толықтай жарықтандырылды. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жоспарлы түрде жалғасын табатын болады.
2020 жылдың бес айында атқарылған жұмыстарға тоқталар болсам, биылғы жылы Ақбастау ауылындағы Береке көшесінің екінші қиылысына жаяу жүргіншілерге арналған жол салынды. Аталған жұмысты «Алфавит» жеке кәсіпкерлігі жөндеу жұмыстарын 900,0 мың теңгеге атқарды. Одан бөлек, Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес, Қарасу ауылындағы Ақжол көшесіне 3 200,0 мың теңге қаражатқа «Алатау-Бәйтерек» ЖШС жарықтандыру жұмыстарын жүргізді.
Қазіргі таңда Қарасаз ауылы Бейбітшілік көшесіне арық (бетон лоток) орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар үстіміздегі жылдың қыркүйек айында аяқталады. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың ішінде Қарасаз ауылы Жамбыл көшесінің жолын орта жөндеуден өткізу жоспарлануда,- дейді Бауыржан Мырзайымұлы.
«Отанды сүю – иманнан» деген сөзді де халқымыз текке айтқан жоқ. Қарасаз ауылындағы жамағаты көп, алайда құлшылық ететін мешіттің тарлығы мен қолайсыздығы ауылдың иманы берік ақсақалдарының жанына батып жүретін. Ауылдың барлық тыныс-тіршілігі, ынтымағы мен бірлігі әлбетте, ең алдымен имандылықтан бастау алатыны сөзсіз. «Сабақты ине сәтімен» демекші, 2017 жылы ауылдың азаматы, кәсіпкер Әбен Жұмашевтың және ауыл тұрғындарының белсене атсалысуымен Алла үйі имандылықты басты шарт еткен жамағатқа есігін айқара ашты.
«Ауылыңда қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» деп дана бабаларымыз айтқандай, ауылдың ынтымақ, бірлігіне аузы дуалы, көкірегі қазына, жас ұрпаққа айтары бар қариялардың атсалысып отырғаны көңілімізге үлкен медеу. Атап айтар болсақ, Қарасаз ауылынан жергілікті қауымдастық төрағасы Сағындық Тоқбергенов, округтің төбе биі Нұртаза Омаров және Рысбек Қазақбаев, Ақбастау ауылынан Асан Борашев, Қарасудан Зебек Имантаев, Көктас және Жұрымбай ауылдарынан Саздыбек және Жоламан т.б. ақсақалдар мен аға буын өкілдерінің округтің көркеюіне қосып отырған үлестерін айта кеткен ләзім. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жерге туыңды тік!» деп аталатын жоба туралы кеңінен айтылған болатын. Осы ретте ауылдан шыққан белгілі кәсіпкерлер және жоғары басшылық қызметтерде отырған азаматтардың өз туған ауылдарына деген перзенттік көзқарастарын өте жақсы деп айтуға болады.
Қарасаз ауылында жыл сайын бүкіл ауыл болып жиналып құдайы тамақ тарату дәстүрге айналған. Одан бөлек, ауылдағы супермаркет, дүкен, ТЖО, жанар-жағармай құю бекетінің иелері қайырымдылық жасау ісінде іркілмейтін көрінеді. Олар өз кезегінде аз қамтылған, тұрмысы төмен, отбасыларға, жалғызбасты жандарға әрдайым көмек қолын созып келеді. Биылғы жылы елімізде коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты орын алған төтенше жағдай кезінде мұқтаж жандарға, Мақтаралда болған су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға да ауылдың қалталы азаматтары дер кезінде көмек көрсеткен екен.
«Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деп өсиет айтыпты бұрынғы дана бабаларымыз. Бірлігі мол елдің ырысы артып, қамбасы тоқ болады. Біз жоғарыда келтірген нақты мысалдардың барлығы тек ынтымақ пен бірліктің арқасында ғана мүмкін болған, жүзеге асқан жұмыстар. Аудандағы үлгілі елді мекендердің бірі саналатын Қарасаз ауылының ары қарай да өркендей беретініне күмән жоқ.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close