Basty bet

Кәсіпкердің адалдығы, ісінің берекетінен көрінеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының «Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау» деп аталатын алтыншы бөлімінде кәсіпкерлік саласы туралы кеңінен ой шертеді.
«Бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет.
Келесі мәселе. Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап.
Сонымен қатар, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады», деді ел Президенті.
Азық-түлік, тұрмыстық тауарлар мен киім-кешек. Мұның бәрін бір дүкен ішінен тапсаңыз, керемет емес пе?! Осыдан аз уақыт бұрын Қарасаз ауылдық округіне сапарлатып барған едік. Ауылдық округке қарасты Жұрымбай ауылындағы “Нұрсая” шағын маркетіне бас сұғып, сөрелерде тұрған заттарды көріп, таң-тамаша болғанымыз рас.
Апырмай-ау, аудан орталығынан іздеп таба алмайтын кей дүниелерді мұнан оп-оңай табуға болады дестік. Ауыл дүкені деген аты болмаса қаладағы дүкеннен кем түспейді.
Дүкеннің иесі, жеке кәсіпкер – Нағима Игісінова. Ол өз ісінің нағыз шебері десек те қателеспейміз.
Кейіпкеріміз қошқараталық Қадіровтар әулетіне 1985 жылы келін болып түседі. Кейіннен 1989 жылы отбасымен бірге Қарасаз ауылына көшіп келеді.
Кәсіпкер биылғы жылдың сәуір айында «Нұрсая» шағын маркетін ашты. Алдыңғы дүкендерге қарағанда аумағы кең әрі сыртқы көрінісі де әсем жасалған екен. Шағын маркеттің атын «Нұрсая» деп үлкен немересінің есімімен қойыпты.
«Маңдай термен тапқан нан тәтті» деген мақал кәсіптің адалдығын меңзесе керек. Тиянақты адамның еңбегі де көрікті. Дүкеннің сөрелерінде тұтынушыларға қажетті азық-түлік өнімдерімен қатар, күнделікті тұрмысқа қажетті заттар да молынан жайғастырылған. Олардың бағасы да қолжетімді.
– Еңбектенген адамға жаратушы иеміз бар жақсылығын береді. «Еңбектің наны тәтті» демекші, талай жылғы еңбегіміздің жемісін бүгінде көріп отырмыз. «Нұрсая» шағын маркетінің құрылысын екі жыл жүргіздік. Ендігі кезекте дүкенге жылу жүйесін кіргізу ғана қалды. Ал, дүкендегі тауарларды әр қаладан арнайы фирмалардың қызметкерлері алып келіп отырады. Сатып алып отырған тауардың сапасына әрі оған қойылған бағаға баса мән береміз, – дейді Нағима Шапайқызы.
Кәсіпкер ауылдағы тұрмысы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарға ылғи көмек көрсетіп отырады.
Кәсіпкерліктің көзін тапқан жан еңбексүйгіштігінің арқасында шаңырағының берекесін осылайша кіргізіп отыр. Өмірдің ыстық-суығын бірге көріп, отбасының тірегі болған жұбайы Нұрғали Қадіров та де еңбектің адамы. Ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі. Өзінің жеке шаруа қожалығы бар.
Екеуі төрт бала өсіріп, ұл-қыздарынан немере сүйіп отыр. Ұл-қыздарының барлығы жоғарғы оқу орындарын тамамдаған. Бүгінде бірі жеке кәсіпкер, бірі мұғалім, енді бірі Жұрымбай ауылдық медпункттінде фельдшер болып қызмет етсе, кіші қыздары Мәдина Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің төртінші курс білімгері.
Келіндері Баян үй шаруашылығымен айналысса, Мерей мұғалім.
Осындай адал кәсібінің нәсібін көріп отырған Нағима Игісінова сияқты кәсіпкерлерді көргенде еліміздің физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстан ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаевтың «Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!» деген сөздері еріксіз ойға оралады. Иә, расымен нағыз бақыт – ол адал істеген ісіңде.
Ал, қазақтың біртуар ақыны Ахмет Байтұрсынұлы «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деген екен.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close