Basty bet

Жылжымалы кинотеатр, фастфуд ашылды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен және қолдауымен жарияланған биылғы Жастар жылы аясында ел өңірлерінде қыруар шаруалар атқарылып жатқаны белгілі. Жастар арасында өткізіліп жатқан түрлі деңгейдегі іс шаралардан бөлек, қазіргі заманның ағымына сай жастар кәсіпкерлігіне де көптеп көңіл бөлінуде. Осыған сәйкес елімізде «Жас кәсіпкер», «Бастау Бизнес» жобалары қолға алынып, онда негізінен кәсіпке бейімі бар, жарқын идеяларын жүзеге асыруға ниетті жалынды жастар оқып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Жастар жылы аясында біздің ауданның өзінде 29 жасқа дейінгі жастардың елеулі бөлігі аталған жобаларға белсене қатысып, қайтарымсыз гранттар, сонымен қатар аз пайызды жеңілдетілген несиелерге қол жеткізіп отыр.

Жақында тәуелсіздік мерекесі қарсаңында аудан орталығында жылжымалы кинотеатр және жылдам қызмет көрсететін орынның ашылу салтанаты болды. Б.Момышұлы ауылындағы бұрынғы «Құлантау» кинотетры ғимаратының ішіндегі демалыс орнын жас кәсіпкер Хафиза Тұрдалы ашты. Ол бұл жұмыстарды «First» жеке кәсіпкерлігі арқылы жүргізуде.
Кәсіпкерлік нысанының салтанатты ашылуына аудан әкімі Нарбай Ергебеков қатысып, сөз сөйледі. – Кәсіпкерлік саласында жастардың үлесі зор. Биылғы Жастар жылында шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына мемлекет тарапынан көптеп көңіл бөлініп отыр. Ауданымызда кәсіпкер жастардың қатары арта берсін. Аудан тұрғындары үшін үлкен жаңалық болған осынау кәсіпкерлік нысанын ашып отырған жас кәсіпкер Хафиза Әжібекқызының алғашқы бастамасы сәтті болсын. Осында жастар көптеп келіп, демалады деген сенімдемін,- деді Нарбай Әбілқасымұлы. Аудан басшысы және ашылу салтанатына келген қонақтар кинотеатрдың ішін көріп, жылдам қызмет көрсететін орынның клиенттерге көрсететін қызметтерімен кеңінен танысты.
-Мен Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің туризм факультетін бітірдім. Аудан орталығынан шағын кәсіпкерлік нысанын ашсам деген ойым болды. Биылғы жылы сәті түсіп «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша оқып, нәтижесінде 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты ұтып алдым. Қаржыны алған соң бұрынғы «Құлантау» кинотетрының ғимаратын жалға алып жұмысымды бастап кеттім. Мұндағы жылдам қызмет көрсететін шағын орынға келген клиенттерге монотағамдардың бірнеше түрін ұсынамыз. Ал жылжымалы кинотеатр 52 орынға арналған. Сұраныс болып жатса басқа да елдімекендерге барып, қызмет көрсете береміз,- дейді Хафиза Әжібекқызы.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close