Basty bet
Бас жүлде және Бурабайға жолдама
Қазақ халқының мол қолөнер үлгілерімен таныстыра отырып, халық өнерін қастерлеуге, үлгі тұтуға үйрету. Оқушыларды әсемдікті тани білуге баули отырып, эстетикалық ой өрісін дамыту, адамгершілікке тәрбиелеу.
Өмірде екі байлық бар болса, олардың ең бастылары – білім мен өнер. Өнер туралы сөз ететін болсақ, алдымен халқымыздың дәстүрлі қолөнері ойға оралады. Әрине бұл айтпаса да түсінікті. Халқымыздың қолөнері ұлттық шығармаларымыздың ең жоғары формасы болып табылады.
Қазақ елі тәуелсіздігін алғалы, халқымыздың қолөнері қандай жетістікке жетіп отырғаны белгілі. Себебі, қазір біз ұмыт бола бастаған қолөнерді қайта жаңғырта бастадық.
Қолөнер – халқымыздың қасиетімен ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, тамырын тереңге жайып келе жатқан мұрасы.
Халық қолөнерін насихаттап, өзі кішкентай болса да жоғары орындардан көрініп жүрген Тасбастау ауылының тұрғыны, №45 Тасбастау бастауыш мектебінің 3 сынып оқушысы Әлихан Асқарұлын ерекше айтуымызға болады
Әлихан Берікбай көпбалалы отбасында туған. Ол кішкентайынан қолөнерге құмар болып өсті. Осы қызығушылығының арқасында жақында Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік тұғыры» тақырыбында ұйымдастырылған байқауда Бас жүлдені, оған қоса Бурабай қаласында өтетін суперфиналға сертификат және шет мемлекетте өтетін байқауға қатысатын жолдама алды.
Біз Әлихан туралы білу үшін оның анасы Айнұр Бақтиярқызымен сөйлескен едік.
-Әлихан кішкентайынан әкесіне өте жақын болып өсті. Әкесі Асқардың темірден, ағаштан жасаған әр заттарын жанында жүріп өзі картоннан, ағаш шыбықтарынан қайталап жасап жүретін. Өсе келе өзі картоннан үйшік, мылтық тағы да басқа заттар жасап үйде кішігірім көрме өткізетін.
Тасбастау бастауыш мектебінің директоры Мейрамгүл Сушина ата-аналарға Республикалық Атадан мұра қорының Тәуелсіздіктің 30 жылдығына «Тәуелсіздік тұғыры» тақырыбында байқау ұйымдастырылып жатқанның айтты. Осыны естіген балам үйге келіп «Анашым менің қандай өнерім бар, маған қатысуға болама» деп сұрады.
Мен баламның осы қызығушылығын пайдаланып, қолөнер байқауына қатысуына болатының айттым.
Әр ата-ана өз баласының неге икемі барын біледі деп ойлаймын. Мектептегі ұстазы Перизат Тоқтыбаева апайымен ақылдасып, байқауға дайындықты бастап кеттік.
Байқау Шымкент қаласындағы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда өтті. Байқауға республикадан жалпы 600 бала қатысты. Оған біздің мектептен 15 бала барды.
Қолөнер байқауы мен бейнелеу өнері бірге өтті. Жас ерекшеліктеріне қарап іріктеліп, байқаудағы ең жасы жағынан менің балам кішкентай болды,- дейді Әлиханның анасы.
Бұл байқудың мақсаты жас балаларды өнерге баулу. Алға тарту, балалардың өнерге деген қызығушылығын ояту, арттыру. Осы байқауға Әлихан өзінің жасаған асықтан домбыра, қиялдан туындаған сарқырамасын және бір реттік ас қасығынан жасалған гүлсауытын қолөнер көрмесіне ала барыпты. Қазылар алқасы көрмені аралап, оқушылардың жасаған туындыларына жоғары баға беріпті.
– Баласының жетістіктері үшін ананың қалай толқитынын өздеріңіз де білесіздер. Шешуші сәт жеткенше балама қолдау көрсетіп, оның еңбегін ескеріп, қазылар алқасының әділ шешім шығаратынына баламды сендіріп отырдым.
Шешуші сәт жақындап, 600 оқушының ішінен «Бас жүлде иегері Берікбай Әлихан Асқарұлы» деп шақырғанда төбем көкке жетті. Ұлымның алғаш рет сахнаға шығып, бас жүлде алғаны сондай керемет болды. Осы кезде еріксіз көзіме жас алдым. Енді баламның бар ойы алдағы ақтық сында жасайтын қолөнері болып жүр.
Оның осы байқаумен тоқтап қалмай өнерін әрі қарай дамытуына бар күш-жігерімді саламын. Әр- қашанда балама көмектесіп, қолдап отырамын. Мектеп ұжымына, апайларына үлкен алғыс айтқым келеді. Сол кісілердің арқасында балам осындай жетістікке жетіп отыр,-деп көпбалалы ана Айнұр Байдәулетова өзінің ішіндегі толғанысын жеткізді.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»