Basty bet

Ауыл тазалығы әрбір ауладан басталады

Таза болса табиғат, аман болар адамзат. Қоршаған ортаны қорғау, оны аялау – адамзаттың парызы. Өйткені, табиғатсыз адамазаттың күні жоқ. Сондықтан Жаратқан Иенің адамға жасаған нығметінің бірі – табиғатты, қоршаған ортаны көздің қарашығындай сақтауымыз қажет.
Ауыл тазалығының әрбір ауладан басталатынын ескерсек, өзінің тұратын ауласын, үйінің айналасын және көшесін таза ұстап, оны көрші-қолаң, ауылдастарына үнемі насихаттап келе жатқан азаматтар арамызда онша көп емес. Айналаны таза ұстау, аулаға, үй іргелік жерге тал-дарақтармен қатар, жеміс ағаштарын егіп, гүл отырғызып, ауылға үлгі болып отырған азамат апта басында редакцияға арнайы келіп, өзінің ауылдың және қоршаған ортаның тазалығына үлес қосып отырған үлгісімен бөліскен еді.
Зейнеткер, еңбек ардагері Қайрат Сарыбаев Б.Момышұлы ауылының С.Бейбарыс көшесінің байырғы тұрғыны екен. Өзі өтініш жасаған соң, қарияның үйіне бардық. Жері небәрі жеті соттықтан тұратын шағын ғана үйдің ауласына раушан (роза) гүлдің бірнеше түрі егілген. Гүл аулаға, айналаға сән берумен қатар, жұпар шашады. Оны егіп, отырғызудан бастап, гүлге күтім жасауды да қарияның өзі атқарады.
Одан бөлек, үйінің батыс жағы шағын бақ. Онда жеміс ағаштарынан алманың «Бабушка», «Белый налив» және «Золотой превосход» т.б. сорттары және алмұрт, шие және алхоры, басқа да жеміс ағаштары жеміс салып тұр. Шарбақтың ортасындағы шағын ғана алаңқайға қызанақ көшеті және қияр егілген.
-Өзім Қайрат ауылының тумасымын. Осында тұрып жатқаныма жарты ғасырға жуық уақыт болды. Көршілерімнің барлығы жақсы отбасылар. Бау-бақша және гүл өсіру менің хоббиім. Бұл қасиетім менің табиғатты жақсы көргенімнен болар. Мысалы, гүлді алып қарайтын болсақ, ол да тірі организм. Оны еккеннен кейін аялап қарап, күтім жасап, жақсы көруің кеерк. Гүл барлығын түсінеді. Гүлдің тілін түсінсең, онымен сөйлесуге болады. Осында көшіп келгелі бері гүл егумен айналысып келемін. Бұл әрекетіме көрші-қолаңның барлығы қызығады. Кейбірі мереке кездерінде сұрап алып кетеді. Тұқымын алып, өз аулаларына егіп, көбейтіп жатқандары да бар. Өзім де аудан орталығындағы бірқатар мекемелердің және жекелеген тұрғындардың аулаларына гүл егіп беремін.
Кейбір адамдар гүл егуді еріккеннің ермегі деп ойлауы әбден мүмкін. Олай емес. Гүл ексең, айналаң сәнді әрі хош иісті болады. Әсіресе таңертең тұрғанда ауладағы гүлден өте керемет әсер аласың. Гүлді жақсы көрмесең, ол өспейді. Сондықтан мен гүл өсіру арқылы қоршаған ортаның қорғауға өз үлесімді қоссам,- дейді зейнеткер Қайрат Сарыбаев.
82 жасты алқымдаса да қол еңбегінен қол үзбеген Қайрат ақсақал әлі де тың. Саламатты өмір салтын ұстанып, көбінесе жаяу жүргенді әдетке айналдырған. Үй шаруасын және бау-бақшаға күтім жасау жұмыстарын өзі атқарады. Қарияның өмірден көпті көргендігі және еңбекқорлығы жастарға, әсіресе жас отбасыларға үлгі.
Қарияның өмір жолына аз-кем тоқталатын болсақ, Қайрат Сарыбаев өзінің саналы ғұмырын ауданның дамуына арнаған жан. Ол ұзақ жылдар автобазада, мал бордақылау базасында, «Казсельхозтехника» мекемесінде және жеміс-жидек базасында, т.б. ауданға қарасты ұжымшарларда механик-жүргізуші болып еңбек еткен. Зейнеттің алдындағы 16 жылында аудандық орталық ауруханада қарауыл болып, зейнеткерлікке шыққан.
Бір өкініштісі, 40 жылға жуық отандасқан жұбайы осыдан төрт-бес жыл бұрын дүниеден озыпты. Ол өмірінің соңғы жылдарында көзі көрмей, соқырлықтан біраз жыл зардап шекті. Оны атаның өзі қиналмай жетелеп, баратын жеріне апарып, алып келіп жүргенін де көзімізбен талай мәрте көргенбіз. Қайрат Сарыбаев марқұм жұбайы екеуі отбасында бір ұл тәрбиелеп өсіріп, үш немере сүйген қария.

Таңдаулы материалдар

Close