Basty bet
Шаруаларға 50 дана жаңа техника берілді
Сәрсенбінің сәтті күні шаруалар үшін мерекелі күн болды. Яғни, картоп өсірумен айналысатын 13 шаруа қожалыққа жаңа техникалар тапсыру салтанаты өтті. Бұл қуанышты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келіп қатысты.
Қосбөлтек ауылының оңтүстік шетіндегі алаңқайда өткен шара облыс басшысының тапсырмасымен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және облыстық кәсіпкерлер палатасының бірлесіп ұйымдастыруымен өтті. Облыста картоп шаруашылығын дамыту мақсатында картоп өсірумен айналысатын шаруаларға лизинг арқылы бес процентпен жалпы құны 216,1 миллион теңгені құрайтын 50 дана ауыл шаруашылығы техникасы берілді. Олар: 15 дана LOVOL-904 маркалы трактор, қалғаны қосалқы агрегаттар: жүк тиегіш, минералды тыңайтқыш сепкіш, картоп қазғыш, соқа, тағы да басқа.
– Елімізде кең тараған ауыл шаруашылығы дақылының бірі – картоп. Картоп ең маңызды тағамдық дақыл болғандықтан, оны «екінші нан» деп те атайды. Негізінен картоп жоғары рентабельді дақыл саналатындықтан, одан түсетін пайда да мол. Сондықтан облыс басшысы Бердібек Сапарбаев биыл өңірде картоп дақылының егістік көлемін арттыруды, картоп өсіруші шаруаларды қолдай отырып, өзімізде өндірілетін өніммен облыс тұрғындарын қамтамасыз етуді тапсырған болатын,-дейді «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарама басшысы Олжас Қаржауов. – Сол себептен бүгінгі жаңа техникаларды тапсыру рәсімі облыс басшысының тапсырмасына сәйкес болып отыр. Біз бұл шараны Жуалы – картоп өсіруші мекен болғандықтан осы ауданнан бастап отырмыз. Бүгінгі таңда 13 шаруа қожалықтың жетекшілері сұраныс жасады. Енді тағы да 10 шаруа қожалық техника алуға ниет білдіріп отыр.
Біз жобаның бірінші бағыты бойынша сұраныс білдірген шаруаларға жаңа техникалар табыстасақ, екінші бағытымыз – шаруаларды сапалы тұқыммен қамту. Бұл жұмысты Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстарындағы шаруалармен бірлесіп, тәжірибе алмаса отырып, іске асырудамыз. Яғни, «Тараз» ӘКК шаруаларға германиялық, голландиялық тұқымдар алуға қаржы береді. Германиялық, голландиялық картоп түрлерінің өнімділігі жоғары. Сондықтан картоптың осы сұрыптары таңдалған.
Үшінші бағытымыз – шаруалардың өнімдерін сақтайтын қоймаларын жөндеу, заманауи қондырғылар алуына көмектесу және өнімдерін өткізіп беруге көмектесу. Нақты айтқанда, егістіктен дүкен сөрелеріне дейін жеткізу, яғни тек базарларда ғана сатпай, дұрыс сақтап, жуып, қаптап дүкен сөрелерінде сатылуына көмектесу.
Сонымен бірге бір-екі ай көлемінде «АгромашХолдинг» компаниясымен бірлесіп техникаларды жөндеу, шаруалардың ескі техникаларын жаңа техникаға айырбастау мақсатында да жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бұл бағытта биыл 100 техника, келесі жылы 400-500 техниканы айырбастаймыз деп жоспарлаудамыз.
Жалпы, лизинг арқылы алынған техникалардың бағасы қолжетімді. Шаруалар осы алып отырған жаңа техникаларын кепілдікке қойып, бес жыл мерзімге алуда. Несие төлеуде бір жыл демалысы бар. Тракторлардың құны 10 миллион теңге. Бұл тракторды шаруалар өздері таңдады. Яғни, басқа шаруалардың техникаларын көріп, шетелдік техникаларды қарап, осы тракторға тоқтады.
Техниканың бағасы арзан әрі мүмкіндіктері жоғары. Техникаларды алып отырған шаруалар картоп өсіруде мол тәжірибелері бар,- дейді «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарама басшысы Олжас Қаржауов.
Иә, жалпы аграрлық секторда ғылымға жеткілікті дәрежеде негізделмей жүргізілген реформалар ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің құлдырауына алып келеді. Сондықтан сапалы, бәсекеге қабілетті тауар өндіріп, ел экономикасының дамуына үлес қосу үшін жаңа техника, сапалы тұқым, сапалы тұқымды талапқа сай өсіру маңызды. Сонда ғана еңбегіміз еш кетпейді. Сапалы әрі мол өнім аламыз. Оны бүгінгі таңда аудан шаруалары да дұрыс түсініп, жаңашылдықпен жұмыс істеуде.
Облыс басшысы Бердібек Машбекұлы ауыл шаруашылығы техникаларын аралап көріп шығып, шаруаларға деген жылы лебізін білдірді.
-Халықты сапалы азық-түлікпен қамту – қай кезде болмасын маңызды мәселенің бірі. Сондықтан картоп өсіруде де тұқымға мән беруіміз керек. Сонда ғана біз сұранысқа ие өнім өндіре аламыз.
Жуалының картобы сапасы, дәмі жағынан Қазақстанға белгілі. Өкінішке орай, бүгінгі таңда соншалықты мақтана алмаймыз. Сондықтан мұны қайта қолға алуымыз керек. Сонымен бірге көкөніс, дәнді дақылдарды да көбейтуіміз тиіс.
Егін шаруашылығында маңызды мәселелердің бірі – су мәселесі. Су мәселесі жөнінен біраз проблемалар бар. Оны шешу жолында үлкен жұмыстар атқарылуда. Дегенмен біз суды үнемдеу үшін тамшылатып суғару әдісін пайдалануымыз керек. Сондай-ақ, өзімізде бар суды, яғни айналамыздағы бұлақ суларын мейлінше тиімді пайдалануымыз қажет.
«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ғылыми зерттеу орталықтарымен байланыста жұмыс істеуде. Өздеріңіз білесіздер, саланы дамытуда көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бәрінің нәтижесі болуы керек.
Бүгінгі алып отырған техникаларыңыз құтты болсын! Сіздерге табыс әкелсін! Жақсылықтың нышаны болсын!- дей келіп облыс басшысы Бердібек Машбекұлы саладағы кемшіліктер бойынша ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасары Берік Нығмашевқа нақты тапсырмалар берді.
Шаруалардың атынан «Қуана бер» шаруа қожалығының жетекшісі Жарқын Қалтаев пен «Садирова» шаруа қожалығының жетекшісі Серік Садиров сөйлеп, облыс және аудан басшыларына алғысын білдірді.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»