Basty bet

Қолда барда алтынның қадірі жоқ

немесе тіршілікте бір-біріміздің қадірімізге жетіп жүрміз бе?

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ең алдымен ұлттық сананы жаңғыртуға баса көңіл бөлінгені көпшілікке белгілі. Онда Елбасы былай деп ой толғайды.

«Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек. ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысна сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында». Елбасы айтқандай, қазір әлемнің сәт санап, сағат санап өзгеріп жатқанын анық бағамдауға болады.
Өмір қашанда күрес. Адамның әр күні сынаққа толы. Тіршілікте көптеген қиындықтармен бетпе бет келесің. Мұның бәрі өмір заңдылығы. Адамзаттың басынан неше түрлі қиындықтар өткен. Әсіресе, биылғы жылы адамзат үшін өте сынақты жыл болып тұр. Жылдың басында Қытай Халық Республикасынан басталған коронавирустық инфекция аз уақыттың ішінде әлем елдерін шарпыды. Санамалып отырсақ, зардабы ауыр індеттен әлем бойынша қаншама адам ажал құшты. Көрсеткіш күн сайын өзгеріп отырады. Әлемде COVID-19 коронавирусы 24,3 миллион адамға жұқты. Қайтыс болғандар 830 мыңнан асқан. 16 миллионға жуық адам аталмыш аурудан жазылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты «пандемия» деп жариялағаны белгілі. Жалпы коронавирус жайлы ағымдағы жылдың қаңтар айының басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолдарын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбінесе егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.
Індетке байланысты Қазақстандағы жағдайды алып қарайтын болсақ, соңғы мәліметтерге сүйенсек, коронавирустық инфекция жұқтырғандардың саны 130 мыңнан асып жығылған. Оның ішінде клиникалық ем алып, жазылып жатқандары да, сонымен қатар аурудың зардабы қатты тиіп қайтыс болғандары да бар.
«Адамзат келер-кетер, жүзге келер,
Пендені үйде өлсе де түзге көмер.
Құдая иманымды саламат қыл,
Ағайын қайда бізді іздеп келер…» деп артында елдің есінде мәңгілік қалатын асыл сөз, жауһар жырлар қалдырған ақын Құлыншақ Кемелұлының осы бір шумақ өлеңінің ойымда жүргеніне біраз уақыт болды. Осы орайда тұтас адамзаттың өміріне қауіп төндіріп отырған қауіпті індеттен көз жұмғандардың иманын Құдай саламат етсін дейміз. Ажалдың адам таңдамайтыны сияқты жаман аурумен жас та, кәрі де ауыруда. Ауру да адам таңдап жатқан жоқ.
«Ауру кірді, әлек кірді» дейміз. Иә, ауру таралғалы бері халықтан маза кете бастады. Қазір адамдардың басында ойын-күлкі емес, қайғы-мұң басым. Жүректерде үміт пен күдік қатар арпалысып келеді. Дүниеде ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың, ізгілік пен зұлымдықтың, күн мен түннің қатарласып, алма-кезек жүріп отыратыны сияқты, осындай күрделі кезеңде адамдарда да екіұдай пікірдің болуы заңдылық сияқты. Қалай десек те, аурудың салдары қатты боп тұр.
Дана бабаларымыз бізге өсиет етіп қалдырғандай, адамға бір-ақ рет берілетін қамшының сабындай қысқа ғана өмірде сыйласқан дұрыс. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, кейде адамдар бір-бірінің қадірін білмей жатады. Жанымызда жүрген жақсы адамдардың бойындағы жақсы қасиеттерді көре тұра бағалай алмай жатамыз. Әйтеуір, таңның атысы, күннің батысы уақыт таппай немесе «қолымыз тимей» ит тірлікпен ары-бері шапқылап жүреміз. Уақыттың қадірін өтіп кеткен кезде, жақыныңның қадірін көзі жұмылғанда бір-ақ біліп жатамыз. Әрине, бұл өте өкінішті. Тіршілікте қадіріңнің жоғалмағанына не жетсін, шіркін!
«Уақыттан озған жүйрік жоқ, уақыттан асқан билік жоқ. Адамға Алла бұйыртқан, Уақыттан қымбат сыйлық жоқ» деген өлең жолдарын асыл дініміздің көрнекті өкілі болған, жақында ғана өмірден өткен Абдуғаппар Сманов жазып қалдырған екен. Алла тарапынан адамға берілген ең құнды сый уақытты да қадірлей білуіміз керек. Бұрынғылар бір күні босқа өтсе қатты қайғырады екен. Мұны біз қария кісілерден көп еститінбіз.
Жақында сыйласып, жақын араласып жүрген бір туысқан ағам кенеттен қайтыс болды. Күнделікті өмірде көңілді, орынды сөздерімен, ұтымды әзілдерімен жан-жағына жағымды көңіл-күй сыйлап жүретін асыл азаматтың мезгілсіз қазасы бауырларына, туған-туыстарына, жора-жолдас, достарының қабырғасына қатты батты. Тіршілікте оның жанына үңіліп көрдік пе, жақсы қасиеттерін бағалай алдық па деген ой мені қатты мазалады. Көп ретте асыл азаматты өмірден өткен соң ғана еске алып, өкініп жататынымыз бар. Уақыт бізді күтіп тұрмайды. Уақыттың ұршығы айналған сайын адамның да санаулы өмірі өте береді. Тіршілікте адамдар бір-бірін қадірлеп, уақытты пен бақытты бағалағанда ғана мұратына жетпек. Бір-бірімізді қадірлеп жүрейікші, ағайын!

Таңдаулы материалдар

Close