Basty bet

Ауылдықтардың тұрмыс сапасы арта түседі

Өңірімізде биыл көктемнен басталып, қара күзге дейін жалғасқан «Ауылым – ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламалары аясында бас-аяғы 38 инфрақұрылымдық жобаның іске асырылып жатқанынан аудан жұртшылығы толықтай хабардар. Қорадағы малы мен алқаптағы өнімін күзде түгендеуге дағдыланған қазақы есепке салып, жұмыс барысын тағы бір бағамдап көрсек. Сонымен бұл объектілерде не атқарылды, не атқарылмай жатыр?

Аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағының айтуынша, ауылдықтардың тұрмыс сапасының артуына септігін тигізетін бұл жобалар бүгінде 85-90 процентке орындалған. Олар мәресіне толық жеткенде ауыл-аймақтарда осыған дейін өзекті болып келген ауылдар арасындағы автожолдар мен көше жолдарын орта және ағымды жөндеу, ауызсу және газ құбырын тарту, білім ошақтарының ғимараттарын нығайту, әрлеу, кеңейту, ұйық басқан су тоғандары мен арналарын аршу және т.б. секілді проблемалар шешімін табатын болады.

Білім ордалары нығайтылып, ажарлана түсті
Бағдарлама аясында аудан орталығындағы №15 мектеп-лицей мен № 29 орта мектептің, Мыңбұлақ ауылдық округінің Талапты ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептер ғимаратының сырты қапталып, Күреңбел ауылдық округінің Күреңбел ауылындағы № 10 Күреңбел орта мектебінің шатыры күрделі жөндеуден өткізілсе, Жетітөбе ауылдық округінің Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов атындағы орта мектепке жапсарлас спорт зал мен алты оқу бөлмесінің құрылысы жүргізілді.
Алдыңғы төрт білім беру объектісіндегі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айының аяғында басталып, жаз айының ортасында, ал Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов атындағы орта мектепке жапсарлас құрылыстар қыркүйектің аяғында аяқталды.

Таза ауызсу тұтыну көрсеткіші жақсарады
«Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасымен ауданның тоғыз серпінді жобасына енген бес ауылда – Шақпақ ауылдық округінің Шақпақата, Тәттібай Дүйсебайұлы ауылдарында, Боралдай ауылдық округінің Ертай, Көлтоған ауылдарында және Қошқарата ауылдық округінің Қошқарата ауылдарында және одан бөлек «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасымен тағы 10 ауыл таза ауыз сумен қамтылмақ. Бұл – Көкбастау ауылдық округінің Теріс, Көктөбе, Қарасаз ауылдық округінің Ақбастау, Жұрымбай, Жетітөбе ауылдық округінің Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат, Қызыларық ауылдық округінің Алатау, Сұрым, Теріс-Ащыбұлақ, Шақпақ ауылдық округінің Ынтымақ ауылдары.
Жеті жоба бойынша жоғарыда аталған 10 ауылға ауызсу кіргізумен мердігер «Байсын-А» ЖШС шұғылдануда. Бүгінгі күнге мердігер ұйым жалпы жұмыс көлемінің 90-95% атқарған. ЖСҚ-ға сәйкес барлық объектілердегі су құбырының ұзындығы 100,62 шақырымды құрайды. Су тарту мұнарасы мен ұңғыманың, бактерицидті қондырғы ғимараты, электрмен жабдықтау желілері құрылысы аяқталуға жақын, бөлу құдықтары мен өрт сөндіру құдықтары жайластырылған. Жалпы құрылыс жұмыстары қараша айының 20-нда аяқталып, пайдалануға берілмек.
Көгілдір отын – ел игілігіне
Ауданда 2008 жылдан кейін үзіліп қалған елді мекендерді газдандыру жобасы өткен жылдан бері қайта жанданып, таулы өңірдегі ауылдарға газ құбыры тартылуда. Сонымен қат-қабат ауыл ішілік газ тарту жұмыстары да жүргізілді.
Шақпақ ауылдық округінің Шақпақ станциясында ауыл ішілік газ тарту жұмыстары аяқталып, тамыз айының соңында пайдалануға берілді. Жетітөбе ауылдық округінің Шыңбұлақ, Қоңыртөбе, Кәріқорған, Тасбастау, Күреңбел ауылдық округінің Күреңбел ауылдарына «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС, ал Жетітөбе ауылдық округінің қалған Майбұлақ, Қосмұрат ауылдарына табиғи газ тарту жұмыстарымен «KazCityPlat2010» шұғылдануда. Жоба толығымен аяқталғанда, өңіріміздегі 38 елдімекен табиғи газбен қамтылып, көгілдір отынмен қамтылу көрсетіші 77,55 пайызды, ал халық санына шаққанда, 47 084 адамды, яғни 89,56 пайызды құрайтын болады. Шыңбұлақ ауылында жұмыстар 75 пайызға, Кәріқорған, Майбұлақ және Қосмұрат ауылдарында толығымен, Тасбастау және Қоңыртөбе ауылдарында 98-99 пайызға орындалған.
ЖСҚ-ға сәйкес аталған елді мекендердегі газ құбырының ұзындығы 101,78 шақырымды құрайды. Бүгінгі күнге газ құбыры толығымен төселіп, ілеспе жүретін сым және сигналдық ленталары мен газдың шығу нүктелері орнатылған.

Жолдардың жағдайы айтарлықтай жақсарды
– Инфрақұрылымдық жобалардың ішінде маңыздысы ауылдар арасындағы және ауыл ішіндегі автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары екені даусыз. «Ауылым – Алтын бесігім» бағдарламасы аясында биыл жазда Нұрлыкент-Теріс ауылдары арасындағы 1,04 шақырымдық және Ақсай ауылдық округінің «Диқан ауылына кіреберістегі» 1,606 шақырымдық автомобиль жолдары мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасымен аудан орталығындағы 14 көше жолы орта жөндеуден өткізілді. Нәтижесінде өңірде ауыларалық және ауылішілік қатынас жолдарының сапасы айтарлықтай жақсарып, жарамды жолдардың үлесі 80 процентке жуықты құрап отыр, – дейді аудан әкімінің орынбасары Асхат Базарбайұлы.
Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 11 адам жоспарланған, бүгінгі күнге 11 адам жұмыспен қамтылды. Жібек жолы көшесі 2300 м. Көше ішінара фреза жасалынып және ішінара ескі асфальтың қабаты алынып, бүгінгі таңда облыс бойынша битум жетіспеушілігіне байланысты жаңа асфальт 97% төселді. Сонымен қатар Жібек жолы көшесі бойына жаяу жүргіншілер жолы салынды.

Сулы жер – нулы жер
Тұрғындардың үй іргесіндегі бау-бақшалық жерден және суғармалы алқаптардан мол өнім жинауда тіршілік нәрі – судың маңызы күн санап артып келеді. Осы мақсатта биыл алғаш рет өңірдегі каналдарды ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізуді көздейтін бес жобаға 177,7 млн теңге қаражат бөлініп, түрлі аймақтардағы бес арнаға жүргізілді. Атап айтқанда, Бауыржан Момышұлы ауылының қосалқы шаруашылық су бұру жүйесі, Нұрлыкент ауылдық округінің Нұрлыкент ауылындағы Еламан Байғазиев, Шақпақ ауылдық округінің Шақпақата ауылындағы Д.Пахомов көшелеріне суағар науалар орнату, Ақсай ауылдық округіндегі №3, №4 каналдарды аршу жұмыстары толығымен атқарылды. Одан бөлек, су тоғандарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін үш жобаға 96,0 млн теңге қаржы бөлініп, Қарасаз ауылдық округіндегі «Береке», Ақтөбе ауылдық округіндегі «Жарбұлақ» және Ақсай ауылдық округіндегі «Қайрат» су тоғандарындағы ағымды жөндеу жұмыстары аяқталды.
– Бағдарламалардың діттеген тағы бір мақсаты – құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындарды тартып, отбасы табысын арттыру болса, бағдарламалар аясында ауданның 453 тұрғыны жұмыспен қамтылды, – дейді аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close