Basty bet
Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы: бөлінген қаржы тиісті мақсатқа жұмсалуы қажет
Аптаның сейсенбі күні аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының «Жуалы ауданы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы» комиссияның бірлескен отырысы өткізілген болатын. Оған аталған комиссияның мүшелерімен қатар, аудан әкімдігінің бірқатар жауапты бөлім басшылары, ауылдық округтердің әкімдері, мекеме басшылары қатысты.
Отырысты «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ғалым Қасабай ашты. Күн тәртібі бекітіліп, онда «Жуалы ауданы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы» мәселе қаралатыны, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, атқарылып жатқан жұмыстарға талдау және зерделеудің қорытындысы жарияланатыны мәлім болды. Бірінші кезекте комиссия төрағасының орынбасары, талдау және зерделеу тобының жетекшісі Нұржан Тілепов зерделеу қорытындысын баяндады.
-Жалпы зерделеу барысында Жуалы ауданында мемлекеттік бағдарламалар аясында 2018-2020 жылдарға мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде ауданға бөлінген қаржы көлемі төмендегідей. Атап айтқанда, 2018 жылға 1 миллиард 484,7, 2019 жылға 6 млрд 332,0, ал 2020 жылға 4 миллиард 840,0 млн теңге бөлініп, жалпы қаражат 12 686,7 млн теңгенің бөлінгендігін көрсетіп отыр.
Бұл қомақты қаражатқа «Дипломмен-ауылға!», нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, «Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», «Бизнестің жол картасы-2020-2025», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары, жалпы аудан көлемінде 13 мемлекеттік бағдарлама аясында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Бағдарламалар аясында жұмыстардың қарқынды атқарылуына қарамастан Жуалы ауданы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы барысында бірқатар кемшіліктерге жол берілген. Атап айтсақ, 2018 жылы облыстық тексеру комиссиясы жүргізген аудит тексеріс нәтижесінде Жуалы ауданында 2018 жылға жергілікті бюджетті жоспарлау және 2017 жыл кезеңінде ауданды дамыту бағдарламасының іске асырылуына жүргізілген тиімділік аудитінің нәтижесінде жалпы сомасы 3000,0 мың теңгені құрайтын толығымен қалпына келтіруге жататын қаржылық заң бұзушылықтар сипаты анықталған. Аталған жайт бойынша кемшілікке жол бергені үшін бір қызметшіге тәртіптік жаза қолданылған, сонымен қатар, ауданда жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылығы және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттың пайдаланылуы бойынша аудит тексерісі жүргізілген. Жалпы сомасы 220 695,0 мың теңгенің қаржылық заң бұзушылықтары және тоғыз бірлік рәсімдік сипаттағы заң бұзушылықтары анықталды. Оның ішінде қалпына келтіруге және өтелуге жататын 219 981,0 мың теңге қаражат аудит барысында және аудиторлық іс-шарадан кейін қалпына келтірілген және өтелген. Қалпына келтіруге және өтелуге жатпайтын заң бұзушылықтар 714,0 мың теңгені құрайды.
Сондай-ақ, 2019 жылы ауданды дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасының іске асырылуына байланысты қаржылық тексеріс жүргізіліп, осы ттексерісте Жуалы ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі тиімділік аудитімен және сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі тексерумен қамтылған.
Ал 2020 жылы жетінші тамыздағы облыс әкімінің және облыстық құрылыс басқармасының тапсырмасына байланысты құрылыс бөлімі тарапынан Д.Пахомов атындағы орта мектепке жапсарлас салынған спортзалдың құрылысында заң бұзушылықтар анықталып, мердігерге, техникалық және авторлық қадағалаушыға айыппұл салынған. Сонымен қатар, аудан әкімдігінің жауапты бөлімдері тарапынан да аудан көлемінде жүргізіліп жатқан жұмыстардан өкінішке орай бірқатар кемшіліктер орын алғандығы анықталып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында көрсетілген міндеттер бойынша жұмыстарды жандандыру қажеттігі міндеттеліп отырғанын ескерсек, бұл бағыттағы тиісті жұмыстарды сапалы әрі заң бұзушылықсыз жүргізу қажет,- деді Н.Тілепов.
Келесі кезекте аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев Жуалы ауданында мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы, 2018-2019 жылдар мен 2020 жылдың 8 айында атқарылған жұмыстардың барысы туралы баяндады.
-Жуалы ауданына мемлекеттік бағдарламалар аясында 2018-2019 жылдар аралығында және 2020 жылдың 8 айында бөлінген қаражаттың көлемі мен игерілуі төмендегідей қалыптасып отыр.
2018-2020 жылдарға мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаралған қаржы көлемі 9 674,1 млн теңгені құрайды.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 204 038,0 мың теңге, аудандық бюджеттен 27168,0 мың теңге қаржы бөлініп 51 жас маман тұрғын үймен, 129 маман көтерме жәрдемақымен қамтылды. Атап айтсақ, 2018 жылға тұрғын үй сатып алу үшін республикалық бюджеттен 50 505,0 мың теңге, 14 маманға, біржолғы жәрдемақыға аудандық бюджеттен 5 555,5 мың теңге, 33 маманға берілген. 2019 жылға тұрғын үй сатып алу үшін РБ 66 050,3 мың теңге, 19 маманға, біржолғы жәрдемақыға аудандық бюджеттен 8 357,7 мың теңге, 46 маманға берілді.
2020 жылға тұрғын үй сатып алу РБ 87 483,0 мың теңге бөлініп, 22 маман ұсынылып отыр, біржолғы жәрдемақыға аудандық бюджеттен 50 маманға 13 255,0 мың теңге қаржы бөлінді. Өздеріңіз байқағандай, жыл сайын «Дипломмен-ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бөлініп отырған қаражаттың да көлемі ұлғайып отыр.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2018 жылы үш бағыты бойынша 221 млн 866 мың теңге бөлініп, 3187 адам жұмысқа тартылған. 2019 жылы үш бағыты бойынша 292 млн 773 мың теңге қаражат бөлінген. Жұмыспен қамтылғандар саны 3659 адамды құрайды. 2020 жылы үш бағыты бойынша 547 млн 775 мың теңге бөлінді. 2020 жылдың 8 айында 2333 адам жұмысқа тартылған.
«ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде «Сыбаға» бағдарламасымен 1394 МІҚ, «Алтын асық» бағдарламасымен 5194 қой алынып 2018 жылы алынған 343 бас асыл тұқымды МІҚ – ға 55 873 млн теңге 3058 бас асыл тұқымды қойға 39,6 млн теңге, 278 бас жылқыға 14,420 млн теңге, 15 655 тонна сүтке 21,342 млн теңге, 2362 бас қой етіне 3,543 млн теңге, 190 бас МІҚ етіне 8,6 млн теңге, селекцияға 9409 бас МІҚ малына 94,0 млн теңге және 57 985 бас қойға 96,5 млн теңге, мал шаруашылығы бойынша барлығы 333,9 млн теңге субсидия төленді.
Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасы шеңберінде өсімдік шаруашылығынан басым дақылдарға 23,472 млн теңге, тұқым шаруашылығын дамытуға 36,431 млн теңге, гербицидке 2,63 млн тенге, қант қызылшасына 20,924 млн теңге, жалпы өсімдік шаруашылығының барлығына 83,457 млн теңге субсидия төленді. Барлық субсидия 417,4 млн теңгені құрады. 2020 жылы Жамбыл облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Жуалы ауданында картоп өндірісін дамыту мақсатында «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 5% лизинг арқылы 13 шаруа қожалық құны 216,108 млн теңгеге, 50 дана ауыл шаруашылық техникаларын алды. Оның ішінде 15 дана Қазақстанда жиналған Lobol-904 және Lobol-1304 доңғалақты тракторы, 35 дана ауыл шаруашылығы тіркемелері (картоп сепкіш, дәрі сепкіш, культиватор, соқа т.б.) бар.
Ағымдағы жылы жоспарланған 159 дана техниканың 149 данасы 433,0 млн теңгеге, (93,7 пайыз) (20 МТЗ тракторы, бір жүктиегіш, екі астық оратын комбайн және 126 дана ауыл шаруашылығы тіркемелері) алынды.
Қарағанды облысынан жоғары репродукциялы картоп тұқымдарын алу үшін несие алуға 30 шаруашылықтың тізімі қалыптастырылып, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на өткізілді. Бүгінгі күнге Қарағанды облысы «Астра-Агро ЛТД» ЖШС-нан 1094 тонна элиталы және бірінші репродукциялы картоп тұқымдарын алуға 18 шаруа қожалықтың құжаттары тапсырылды. «Бизнестің жол картасы 2020-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2018 жыл 3 жеке кәсіпкер, 2 ЖШС және 1 ШҚ несие алған, барлық жоба құны 137,5 млн теңге,- деді Әбдікерім Құлтайұлы. Одан ары қарай өзге де мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын сөз етті.
Комиссияның бірлескен отырысында бірқатар комиссия мүшелері мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан кейбір құрылыста кеткен кемшіліктер, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының орындалуы, бағдарламалардың бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы туралы тиісті бөлім басшыларынан сұрады. Жиында аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сауырбаев, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков, білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетова, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сауытбек Махамбетов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков түсінік берді. Сонымен қатар, ауылдық округтердің әкімдерінің ішінен Б.Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралапов құрылыс жұмыстарын жүргізуде мердігерлердің кемшілігін, сондай-ақ, қажетті материалдардың жеткіліксіздігі қолбайлау болып отырғанын айтты.
Жиынды қорытқан комиссия төрағасы Ғалым Қасабай мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қомақты қаржылардың тиісті мақсатқа жұмсалуы қажеттігі маңызды екенін ескертті.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»