Basty bet
РЫСДӘУЛЕТ МАҚҰЛБЕК ҚАЙЫПБЕКҰЛЫ
Қалың елге қаламгерлігімен танылған қайраткер азамат, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Жуалы және Талас аудандарының Құрметті азаматы Мақұлбек Рысдәулет 71 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Мақұлбек Қайыпбекұлы 1949 жылы ауданға қарасты Бақалы ауылында туған. 1973 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіреді. Құдай қосқан жары, өмірден ертерек озған Дәметкен Ахметовамен бірге Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде алғашқы еңбек жолын бастаған қаламгер одан соң «Халық кеңесі», «Заң», «Егемен Қазақстан» республикалық газеттерінде қызмет етті. Сонымен бірге Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде редактор болып жемісті еңбек еткен.
Туған жердің қасиеті бойына дарыған біздің талантты жерлесіміз Мақұлбек Қайыпбекұлы қасиетті Жуалы жерінің тарихы, табиғаты, жер-су атаулары, осынау киелі өлкеден қанат қаққан танымал азаматтар, тағдырлы тұлғалар, батырлар жайында бірнеше кітап жазып, оқырманға сый ретінде ұсынғаны белгілі. Қаламгер азамат Мақұлбек Рысдәулеттің жүйрік қаламынан ауданға қатысты «Бақатерек», «Желсаз», «Көңіл құсы», «Құс жолы», «Мәңгілік ерлік» тағы да басқа кітаптар туған. Онда жазушы балалық шағындағы естеліктер арқылы туған жердің табиғатын, ауылдағы аңқылдақ ағайынның портретін шебер жасаған. Небір дарабоз қаламгерлер шоғырын тудырып, түлеткен жуалылық азаматтардың арасында Халық жазушысы Шерхан Мұртазадан кейін әдебиеттің әңгіме жанрына түрен салған Мақұлбек Рысдәулет екені дау тудырмайды. Оның өз балалық шағы туралы жазған «Жуалы-Мыңбұлақ» деп аталатын әңгімелер желісі Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» кітабындағы әңгімелермен үндес, сарындас.
Мақұлбек Қайыпбекұлын Талас ауданының жұртшылығы да қатты қадірлейді. Қаламгер «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етіп жүрген жылдары Талас жеріндегі Амангелді газы кен орнының облыс экономикасына тигізер орасан пайдасын газет бетінде нақты дәлелдермен көтере білді. Бұл да жуалылық азаматтың қайраткерлігі. Мақұлбек Рысдәулетке осынау еңбегі үшін Талас ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.
Мақұлбек Қайыпбекұлы облыстық мемлекеттік архивінде де жемісті жұмыс жасады. Қаламгер Жамбыл облысының 75 жылдығына орай «Жамбыл облысы: 1939 жыл» атты кітапты жарыққа шығарды. Одан бөлек, «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған құнды еңбекті құрастыруға да зор үлес қосты. 2018 жылы Жуалы ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай «Жуалы» деп аталатын құнды кітапты нақты деректермен құрастырып, мерейтойдың қарсаңында жерлестеріне тарту етті.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мақұлбек Рысдәулет 2002-2003 жылдары Жамбыл облысы әкімінің «Парасат», «Парыз» сыйлықтарының иегері атанды. Оның ең таңдаулы очерктері мен публицистикалық шығармалары онға жуық ұжымдық кітаптарға енген. «Құрмет» орденімен және бірқатар мерекелік медальдармен марапатталған.
Бір өкініштісі, осы жылдың мамыр айында 70 жылдық мерейтойын жерлестерімен бірге атап өткен жазушы Мақұлбек Рысдәулеттің еліне бергенінен берері мол болатын. Жазушының жарқын бейнесі жерлестерінің жадында ұзақ сақталады.
Аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың аппараттары, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы Саяси кеңесі, аудандық ардагерлер кеңесінің төралқасы, Көкбастау ауылдық округі әкімінің аппараты