Basty bet

Рухты ел едік, рухымыз биік болсын!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын оқып отырып қатты тебірендім. Мүмкін  менің бұл сезімім кейбіреулер үшін күлкілі шығар. Бірақ, мен үшін олай емес.

Осы сәтте марқұм әкемнің әңгімесі есіме түсті. Анам екеуінің алғаш отау құрған кезі. Жалғыз төсеніш пен бір көрпе-жастығымен бөлек шыққан сәттері. Дастарқанда бары қара нан мен қара су. Басқалар жұмысқа түстенуге айран алып барады. Ал мен шәй құйып алып баратынмын. Оларға қарап көзім қызады, бірақ сұрап ішуге намысым жібермейді. Осы бай-қуатты күнімізге еңбектің арқасында жеттік деуші еді…

Біздің еліміз де тәуелсіздік алған алғашқы жылдары дәл осындай күйде еді. Елбасына үлкен жауапкершілік жүгі артылды. Күндіз-түні ойы мен жүрегінде тек елімді қайтсем қатарға қосам деген мақсат тұрды. Қаншама тер төкті. Елбасының мықты саясаткерлігі мен көрегендігінің арқасында, халықтың ауызбіршілігі мен қолдауымен, төзімділігінің, еңбекқорлығының арқасында осындай бақытты елге айналдық. Қазақ халқы текті, ынтымақшыл, сабырлы, бауырмал, рухы биік халық. Осы қасиеттерімізден айырылмайық. Себебі, бізге тәуелсіздік алып берген, бүгінгі мәртебелі, жарқын күнге жеткізген, әлі де бұдан да биікке жеткізетін осы қасиеттеріміз.

Шынында біз бақытты елміз! Мен үнемі тәуелсіз елімнің әрбір таңы үшін шүкіршілік етемін. Бардың   қадіріне жетуіміз керек. Оны түсінетін кез әбден жетті деп ойлаймын. Ең бастысы, елімізде бейбітшілік. Көңіліміз, ұйқымыз тыныш. Еңбек етсек, отбасымызға жағдай жасай аламыз. Балаларымыздың денсаулығын сақтауға, білім алуына бар жағдай жасалған. Кәсіпкерлерімізге жол ашық. Әрине, барлығы өзіміздің қабілетімізге, ынта-жігерімізге байланысты. Ең бастысы, қолымызда «қарамағымыз» бар.

2017 жылы ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесін көруге астанамызға барғанда қаланы тамашалап жүріп сезінген рухани қуанышты сөзбен жеткізе алмаймын. Қандай тамаша! Рухты, жаңашыл, мәдениетті, өркениетті қала. Астана жастардың рухын көтереді. Бұл өте үлкен еңбек кім үшін жасалды? Әрине, ел үшін, жастар үшін жасалған.

Әрбір отбасында бір жағдай туындаса, оның шешімін тапқанша сабыр сақтап, бір-бірімізге қолдау білдірмесек, ол мәселе ешқашан шешілмейді. Ол отбасының да болашағы болмайды. Кез келген ынтымағы жарасқан, еңбекқор отбасына қараңызшы, қандай сүйсінерлік! Сол сияқты, Елбасы да дәл бүгінгідей сындарлы уақытта халықты сабырға, тәртіпке шақырып отыр. Бұл індетті бәріміз бірге болып, сабырмен, тәртіппен ғана жеңе аламыз.

Елбасының еліміздің келешегі үшін алаңдамаған сәті болған емес. Халықтың қуанышы, елдің әрбір жетістігі ол кісі үшін бәрінен де қымбат, бағаға жетпес бақыт.  Елбасының бүгінгі мақаласы да ел үшін соққан жүректен туындап отыр.

Елбасының тәуелсіз еліміз туралы жазған кітаптарын, ондағы жүрек тебіренісін оқып отырып, көзіме еріксіз жас келді. Бір ғана мәселе, теңгенің дүниеге қандай жолмен, қандай қиындықпен, қандай мақсатпен келгенінің өзі сарабдал саясаткерлікті, қажырлы еңбекті  талап етеді.

Әрбір адамнан, әрбір басшыдан отбасының, бір ұжымның мәселесін шешудің өзі үлкен жауапкершілік пен еңбекті, саясаткерлікті талап етеді. Сондықтан Елбасының ел үшін еткен ерен еңбегі айтпаса да түсінікті.

Ұлы данышпан Абай атамыздың қырқыншы қара сөзінде «Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай кетпейтұғыны қалай?» дейді. Ұлы ойшылдың бұл сөзі қай заманда да құнын жоғалтқан емес. Дәл қазіргі уақытта да бізге керегі – пәлелі, өтірік сөзге ермей, әрбір қадамымызды саналылықпен, байыптылықпен жасау. Айтқан сөзге көз жеткізбей жатып, байбалам салып, дүрбелең тудыру – ақымақтың ісі. Әр сөзді терең ойланып, ой елегінен өткізіп, ақылға салайық.

Елбасы айтқандай, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бауырларының денсаулығын, өмірін ойлап, бір-біріне қамқор болып, ізет көрсетуі керек. Әлемде болып жатқан жағдайлардан сабақ алып, ауызбіршілікте болуымыз қажет.

Сөзімді Елбасының «Қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айырылмайық. Сонда ғана біз қастерлі тәуелсіздігімізді сақтап, Қазақстанды «Мәңгілік ел» болуға лайықты ете аламыз» деген сөзімен аяқтағым келеді.

Перизат Шымыртайқызы,

«Нұр Отан» партиясы Жуалы аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі

Таңдаулы материалдар

Close