Basty bet
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ МЕРЕКЕСІ
Бисмилләһир-рахмарин рахим. Баршамызды қасиетті Құрбан айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен мүбәрак Құрбан айттың келуімен құттықтаймын!
Құрбан айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын» айтысады. Өкінішке орай, карантинге байланысты құрбан айт мейрамын әркім өз үйінде өткізуге тура келеді. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, хабарласып, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, жанұясындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап, айт мейрамын онлайн түрде де ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау – қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылулықтары мен сыйластығын арттырады.
Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.
Карантиндегі құрбандық шалу
Діни басқарма ел мұсылмандарының өтінішін ескере отырып биылғы жылы алғаш рет Құрбан айт қарсаңында халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алды. Осы мақсатта qurban2020.kz сайтын бүгін толықтай іске қостық. Ал құрбандық шалуға онлайн тапсырыс 30 шілдеге дейін қабылданады. Кез-келген азамат онлайн түрде құрбан шалуға тапсырыс бере алады.
Діни басқарманың мақсаты – азаматтардың құрбандығын шалып беруді ұйымдастыру. Онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу кезінде үйреншікті болған малды өзіміз таңдау, қасапшының жанына барып өзіміз сою секілді жағдай болмайын деп тұр. Бұл жобаны карантин кезінде құрбан шалуға ниет еткен азаматтардың тілегін жүзеге асыруға мүмкіндік ретінде ұсынып отырмыз. Тағы бір ескеретін жағдай осы кезге дейін Құрбан шалған азаматтар етті үшке бөліп, бір бөлігін ағайын-туыс, көрші қолаңға арнап айттық дастарханын жаятын. Пандемия жағдайына байланысты сойылған ет биыл түгелдей әлеуметтік аз қамтылған жандарға, мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. Осы ретте азаматтарға айтарым. пендешілікке салынбай, мал бағасын көтеріп пайда табуды емес, сауапты іске атсалысайық.
Құрбан шалудың үкімі
Қадірі асқан құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында (шамасы жеткендерге ғана) уәжіп. Уәжіптігінің аят-хадистердегі дәлелдері төмендегідей: Алла Тағала Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» – деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған.
Құрбандық шалу кімдерге уәжіп?
Төмендегідей төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжіп:
1. Мұсылман болуы;
2. Ақылды және балиғат жасына толуы;
3. Құрбан айт уақтында жолаушы болмауы;
4. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы; (Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки соның құнына тең келетін ақша).
Пайғамбарымыз хадисінде: «Адам баласы құрбан айт күні (құрбан алып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар».
Алла Тағала разылығы үшін риясыз көңілмен сойылған құрбандық мал ақыретте қылдай жіңішке, қылыштай өткір қыл көпірден өтерде иесіне көп көмектеседі. Пайғамбарымыз бұл жайында өз хадисінде былай дейді: «Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткені ол – Қыл көпірден өтердегі өз көліктерің».
Шындығында, Алла Тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Бұл шындықты Құран Кәрім былай деп баяндайды: «Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Алла Тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді».
Әйел кісі құрбандық шала ала ма?
Құрбандық шалу – мүмкіндігі бар барлық адамға уәжіп. Ислам дінінде әйел экономикалық тұрғыдан дербес, өзіндік жауапкершілік иесі болып саналады. Сол себепті егер әйелдің меншіктік құқы өзіне ғана тиесілі байлығы нисап мөлшерінен асса, әйелдің жеке өзі құрбандық шалуы – уәжіп.
Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері қандай?
1. Қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдардың еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды. Ал, үйрек, қаз тауық, түйетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады.
2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.
3. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.
Құрбандық шалған кезде төмендегі жәйттарға да назар аударған жөн:
– Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу
– Құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апару
– Құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу
Құрбан шалу дұғасы: «Иә, Алла тағалам, досың Ибраһим, сүйіктің Мұхаммедтен (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) қабыл алғаныңдай менен де қабыл ала гөр!» «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп қоса айтқаны жөн. (Малды бауыздайтын кісі бауыздарда білетұра әдейі бисмиллаһ деп айтпаса Ханафи мәзхабы бойынша ол малдың еті желінбейді).
Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді.
Құрбандық мал қалай бөлінеді?
Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала- шағасына тиесілі. Дегенмен шалынған малдың етін түгелдей кедей- мұқтаждарға таратуға да болады.
Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қассаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Хазірет Әлидің былай дегені риуаят етілді: «Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз », – деді. Құрбандыққа шалынған малдың терісі кедейлерге, қайырымдылық қорларына беріледі.
Бірігіп құрбан шалуға бола ма?
Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шалады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбан шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.
Дүниеден озғандардың атынан құрбандық шалына ма?
Кез келген адамның дүниеден озған туысына немесе қадір тұтқан кісілеріне сауабын бағыштау ниетімен құрбандық мал шалуына болады. Бірақ мойнына құрбандық шалу уәжіп болған кісі ең әуелі өз атынан құрбандық шалуы тиіс. Бұл жерде мына мәселеге де басты мән беру керек: егер қайтыс болған кісі өз атынан арнайы құрбан шалуды өсиет етіп айтып кеткен болса, бұл құрбандық осы айт күндері шалынуы тиіс. Құрбандық шалған адам оның етін жей алмайды. Оның етін толығымен таратуы керек. Егер қайтыс болған кісі арнайы өсиет етпей, бірақ сөйте тұра оның артынан қалған дүние-мүліктен алынып құрбан шалынса да оның үкімі әлгіндей болады. Ал марқұм өсиет етпеген, бірақ сіз ізгі ниетпен өз қаражатыңызға мал сатып алсаңыз оны құрбан айт күні, немесе басқа кез келген уақытта шалуға болады. Мұндай құрбандықтың етін жоқ жітікке таратуға да өз отбасыңызға да қалдыруға болады.
Алла баршамыздың дұғаларымызды қабыл етсін!
Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы, «Һибатулла Тарази»
мешітінің бас имамы