Basty bet
Мемлекеттік рәміздер күніне арналды
Аудандық «Достық» мәдениет үйінде Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Рәміздерім – мақтанышым!» атты шара өтті.
Шара мәдениет үйі қызметкерлерінің патриоттық әндерден попурри шырқауымен басталды. Мерекелік кеште сахнаға Мемлекеттік Ту салтанатты түрде әкелініп, Әнұран шырқалды. Жиында сөз аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаевқа берілді.
-Құрметті жерлестер! Мың өліп, мың тірілген қазақ елі ХХ ғасырдың соңында тарих сахнасында тағы да бір жарқ етті. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізу жолында тарихтың бір тарауы ретінде төл рәміздерімізді бекітті. Мемлекеттік рәміздер Ту, Елтаңба және Әнұран – Қазақстан Республикасының дербестігі мен егемендігін бүкіл әлемге танытушы. Әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгінін және болашағының арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілерге айналды, – дей келе жиналған көпшілікті мерекелерімен құттықтады.
Келесі кезекте «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрдәулет Шырынбек сөз алды. Ол мемлекет үшін отаншылдық рухта тәбие беру – әрбір азаматтың елімізге, тарихына және алдағы болашағына өзінің қатысты екенін сезініп, еліміздің мұң-мұқтаждарын ойлауынан басталатынын баса айтты. Сонымен қатар ол: «Еліміз тәуелсіздікке аяқ басқан кезеңде төл рәміздері дүниеге келді. Тәуелсіз мемлекетіміздің рәміздерін жасау бүкілхалықтық сипат алып, көптің ісіне айналуы кездейсоқ емес. Халық жүрегін желпіген еркіндік самалы шығармашылық белсенділікке жол ашты. Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастар жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады» деп жастарға Мемлекеттік рәміздерді әрдайым құрметтеуге шақырды.
Кеш мәдениет үйінің көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Концертте «Қазағым», «Туған ел», «Қазақ елі», «Елге арнау» әндері әуелете шырқалып, кеш «Көк Тудың желбірегені» әнімен қорытындыланды.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»