Basty bet

Туған жердің табиғатын бейнелеген…

Мәдениет – адамзат әлемінің айнасы. Сала қызметкерлерінің қоғам дамуына қосып отырған үлестері қомақты. Ел өңірлерінде өткізіліп жатқан барлық көпшілік іс-шаралардың, сонымен қатар, халыққа мәдени тұрғыда қызмет көрсету ісінде сала қызметкерлерінің қолтаңбасы бар. Ауданның мәдениет саласында еңбек етіп жүрген білікті жас мамандардың арасында суретші Бауыржан Тәжімұратов та бар.

Бауыржан Тәжімұратов 1992 жылы туған. Тараз қаласындағы Тараз инновациялық- гуманитарлық университетінде «Бейнелеу өнері» мамандығын грантпен бітірген. Қазіргі таңда Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс орталығының «Мыңбұлақ» халықтық театрында қоюшы-суретші болып жемісті еңбек етіп келеді. Бауыржан Қойшыбайұлы мәдениет саласының көп қырлы дарынды қызметкері, өзінен кейінгі жастарға үлгілі азамат. 2010 жылы даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына орай өткен «Батырдың өшпес бейнесі» атты қылқалам шеберлерінің байқауында үздік өнері үшін Дипломмен марапатталады. 2014 жылы «Туы бірдің – түбі бір» атты суретшілер байқауында Алғысхат иеленсе, осы жылы талантты жастарды қолдау мақсатында өткізілген облыстық Х Жастар Дельфийлік ойындарында «бейнелеу өнері» аталымы бойынша І орын алды.
Ауданға белгілі суретші, ақын Қойшыбай Төремұратовтың жанұясында өнердің нәрімен еркін сусындап өскен Бауыржан да жастайынан бейнелеу өнеріне бейім болып өсті. Оның шығармашылығының негізгі арқауы – туған жер, Отан, қасиетті Жуалының табиғаты. 2015 жылы ел тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі болған Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының өтуіне атсалысқаны үшін Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының Алғысхатымен марапатталған. Бірер жыл бұрын Тараз қаласында «Жер жаннаты Жуалы» атты әкелі-балалы суретшілердің көрмесі өткізілді.
Бауыржан Қойшыбайұлы он саусағынан өнер тамған шеберлігімен қатар, сахналық қойылымдардың да декорацияларын шеберлікпен жасай біледі. Атап айтсақ, «Сабалақ – Абылай. Хан – Абылай», «Берекең кетсе…», «Тағдыр тақтасы», «Шатыр астындағы екеу» спектакльдерінің декорацияларын асқан шеберлікпен дайындап, қойылымның оң баға алуына өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз, Жаңа жыл мерекелеріне арналған көпшілік іс-шараларда кейіпкерлердің киімдері мен маскаларын шебер жасайды.
«Сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеу Бауыржан Қойшыбайұлына қаратып айтылғандай. Өйткені, Бауыржан суретшілігінен бөлек, аудан көлеміне өтетін іс-шараларды бейнетаспаға түсіріп, оны сапалы өңдеп, әлеуметтік желілерге салумен де айналысады. Туған жер, ауыл туралы мағыналы бейнероликтер дайындап, тұрғындардың рухани байлығын арттыруға да үлесін қосып келеді
Жастар жылы жас суретші Бауыржан Тәжімұратов үшін жетістікке толы жемісті жыл болды. «Nur Otan» партиясының бастамасымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында өткізілген «Арыңды таза ұста!» атты республикалық бейнероликтер байқауында облыста үздіктердің қатарынан көрінді. Талантты жастың мәдениет саласындағы үлгілі еңбегі ескеріліп, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында «Жуалы жайсаңдары» атты аудандық жастар сыйлығының лауреаты атанды. Ол «Үздік жас мәдениет қызметкері» аталымына лайық деп танылып, арнайы Диплом мен бағалы сыйлыққа ие болды.
-«Өткен жылға өкпем жоқ, келер жылдан үміт көп» демекші, биылғы жыл мен үшін сәтті жыл болды деуге болады. Осы жылы шығармашылығымда да, жеке өмірімде де елеулі өзгерістер болды. Алдағы уақытта да шығармашылығымды дамытып, талмай еңбек ете беремін.
Келер жылы сәтін салса Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық кодты сақтай отырып, ішкі туризмді дамыту жөнінде айтылған тапсырмасына сай қыш бұйымдарын жасауды қолға алсам деймін. Себебі, саз балшықтың адамның жүйке жүйесін тыныштандыратын қасиеті бар. Қыштан жасалатын ыдыстардың сүзгіштік қасиеті барын ғалымдар да растап отыр.
Осы ретте қасиетті Жуалы ауданының табиғатын сырт елдерге танытатын кәдесыйлар жасасам деген ойым бар. Қыштан жасалатын бұйым болған соң оған арнайы құрал-жабдықтар керек. Қолөнер бұйымы саналатын мұндай кәдесыйлар біздің ауданға таңсық дүние екені белгілі. Көмек-қолдаулар болып жатса, бұл жұмыстар өз жемісін береді деген сенімдемін,- дейді Бауыржан Қойшыбайұлы.
Біз де Бауыржанның алдағы уақытта да биік белестерден көрінетініне сенім білдіре отырып, шығармашылығына шалқар шабыт пен табыс тілейміз.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close