Basty bet

Қоғамға еңбегі сіңген отбасы

Салыбай Ахметұлы Сарысу ауданында, Ақтоғай елді мекені, Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. Ол ең алғаш әскери борышын 1968 жылы Ресейдің Мурманск облысындағы, Борелия теңізінде теңізші болып, Отан алдынғы борышын өтеп қайтты. Еңбек жолын 1965 жылдардан бастады. Алғашқыда ауылда трактарист болып, колхоздың дамуына атсалысып, кейіннен 1969 жылы Түркістан педогогикалық институтына инженер механик мамандығына оқуға түсті. Алғашқыда ол Сарысу ауданында қойма меңгерушісі болса, бірінші хатшы шақыртып, милиция бөлімде қызмет етуге шақырту алып, алғашқы еңбек жолын бастады. Осылайша ол 1971 жылдары комиссия құрамынан өтіп, Сарысу ауданында учаскелік инспектор болып қызметке тұрды. Ол жердің өзінде жалпы 23 жыл еңбек еткен болатын.
1993 жылы Жуалы ауданындағы ішкі істер бөліміне учаскелік инспектор болып ауыстырылған. Одан Кәріқорған ауылына учаскелік полиция қызметіне ауыстырылды. 1997 жылы 25 жыл бойы еңбек етіп 50 жасында милиция майоры шенімен зейнеткерлікке шықты. Жақын досының арқасында осы жерде табысты еңбек етуіне жол ашылды.
Қызметтегі жетістіктері аудан әкімінен, Нұр Отан партиясынан, Жетітөбе ауылының Құрметті азаматы, облыстық, республикалық Алғысхат, дипломдармен марапатталған. Саладағы еңбегі осылайша өрби түсті. Қызмет барысында таныстығы достық қарым-қатынасқа ұласқан Рүстем Қожаназаров өмірдегі ең жақын досына айналған. Осындай азаматтар өзара түсінісіп, бір-бірімен ұғынысқандай қызметтерін абыроймен атқара жүрді. Ол досының бойынан жұмысқа деген жауапкершілігін, батырлығын, тындырымдылығын байқай отырып, осы саладағы жемісті еңбегінің кәуәсі де болды. Ол Жетітөбе ауылдық округінде жеті жылдай әскери есеп бөлімінде әскери есеп столының маманы ретінде де еңбек еткен болатын. Жауапты маман жұмысына әрдайым адал болуға тырысты. Кәріқорған ауылының бұл азаматқа деген сый-құрметі ерекше болды. Себебі, ол жұмысын мейлінше таза жоғары деңгейде атқаруға тырысты.
Саладағы жұмыс барысы өте күрделі болды. Масайған адамның қолындағы балтасынан зақым алып, дене жарақатымен қиналған кездері де болды. Қарулы қылмыскердің қолына ілініп, жараланған сәтінде де еш мойымады. Бұл сала мен үшін үлкен қиындықтарға бетпе-бет тұрып, оны еңсеруіме тура келген жауапты әрі абыройлы қызмет болды,- дейді ол.
-Өзім секілді көпке сыйлы, жауапты маман болу үшін болашақ жас ұрпаққа айтар ақыл-кеңесім – бұл жұмыстың бір жақсысы қоғамдағы қылмыстық оқиғалардың алдын алып, қылмысты болдырмау жағын ескеру. Күнделікті жұмыс барысында қылмыскерлердің де отбасымен тығыз байланыста жүрдік. Оларды түзу бағытқа, тыныш өмірге бейімдеу оңайға түспеді. Бұл мамандықты таңдау үшін адамның ішкі жан дүниесі таза болуы керек. Халықпен дұрыс сөйлесе алу керек. “Мына жастардан мықты азамат шығады, болашағынан үміт күттіреді”,- деп жас ұрпаққа сенім білдірудің де маңызы зор. Қылмысқа бармауын насихаттауға тырысады. Жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі мен үшін маңызды болды. Болашақ – жастардың қолында деген сөзбен толық қосыламын,- дейді кейіпкеріміз.
Салыбай Ахметұлы жары Сәрсенкүл Төлегенқызы екеуі екі ұл, бір қызы тәрбиелеген жандар. Бүгінде тұңғышы Айнаш Ахметова №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясында санатты ұстаз. Тұңғыш ұлы Манарбек Ахметов Қостанай мемлекеттік заң университитетін бітірген. Қазіргі таңда отставкадағы подполковник, жанұясы төрт перзентімен Тараз қаласында тұрады. Кенже ұлы Ертуған Ахметов Жуалы аудандық ішкі істер бөлімінде жауапты қызметтерді атқарған. Қазіргі таңда еңбек демалысына шықты.
Жары Сәрсенкүл Төлегенқызы Тасбастау ауылындағы төрт жылдық орта мектепте 14 жыл меңгеруші болып зейнетке шыққан болатын. Өмірінің 45 жылын мектепке, ұрпақ тәрбиесіне арнаған жан. Ерлі-зайыптылар бүгінде Алланың берген үш перзентінен 13 немересі, 8 шөбересін көрген бақытты жанұя. Бүгінде олардың татулығы мен бірлігі жарасқан көпке үлгілі отбасылар. Үлкен немересі әскери борышын өтеп, қазіргі таңда Тараз қалалық ішкі істер бөлімінде еңбек етеді.
Қарияларды ұрпақтары қолдан келгенше сый-құрмет жасап құттықтап отырады. Отбасылық бас қосулар да өте көп. Үйде ер азаматар қатары әскери, ішкі істер бөлімдерінде қызмет етсе, әйел азаматшалары ұстаздық жолда еңбек етуде. Немере-шөберелердің жеткен жетістіктеріне үнемі қуанып, қуаныштарын бірге бөлісіп отырады. Бүгінде жетпістің жетеуінде келіп, өмірден көп дүниелерді түсінген жан. Атадан екі ағайынды еді. Бауыры Қалыбай Ахметов аудандық қаржы бөлімінің бастығы қызметін абыроймен атқарған азамат. О бастан бойына ана сүтімен дарыған табандылық, еңбекқорлық, білімдарлық қасиеті өмірде түрлі жетістіктерге жетуіне, ақ жолдан айнымауына жол ашқаны белгілі. Осындай жауапты әрі маңызды қызметте еңбек еткен еңбек адамдарының өмір жолдары көптеген жас отбасыларға үлгі-өнеге!

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close