Basty bet

Жауапкершілікті терең сезіну қажет

Бала – адам өмірінің қызығы, ұрпағының жалғасы. Қазақ халқы баланы өмірдің мәніне балаған. Баланың бақытты болуы отбасындағы тәрбиеге, жылулыққа байланысты. «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, тәй-тәй басып, есі кіріп, тілі шыға бастағаннан-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған дұрыс. Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі. Дана халқымыз: «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болып өскенде оны түзете алмайсың» деп бекер айтпаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни адамгершілік секілді құнды қасиеттерді сіңірген дұрыс.
Баланың шаттық күлкісі мен мейірімді жүзі бар уайым-қайғыңды ұмыттырады. Міне, осындай адамға бақыт пен қуаныш сыйлатын балаға қоғамда қастық жасалып жатқаны белгілі. Әрине, бұл жағдайлар кез келген адамның жүрегіне бататын дүние. Кішкентай ғана тілі былдыраған баланың өмірін қалайша жамандыққа қиюға болатындығы кімге болса да түсініксіз. Мұндай жайсыз хабарлар бұқаралық ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден желдей есіп тарайды. Оны көрген ата-ана баласының өмірі мен қауіпсіздігіне алаңдайтыны жасырын емес. Сондықтан облыс басшысы Бердібек Сапарбаев баршамызға балаға ата-анамен қатар, қоғамда тікелей жауапты екенін айтып, мерзімді басылымдар арқылы үндеу жасап отыр. Үндеуде облыс әкімі Б.Сапарбаев Баланы қараусыз қалдырмай, оның өмірі мен қауіпсіздігіне жауапты болуға шақырды. Отбасы – қоғамның тірегі. Сондықтан жанұядағы ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Ұлтымыздың болашағы – тәрбиелі ұрпақтың қолында. Ұрпағымызды тәрбиелеу, олардың бақытты болуы үшін жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Балаларымыздың жүзінен шаттық күлкісі кетпей, әр бала бақытты болуы үшін жаралғандығын естен шығармаған жөн. Сол үшін әр жанұядағы ата-ана, қоғамдағы зиялы қауым өкілдері ұрпағымыздың тәрбиесіне атсалысып, ақ-қараны ажырата білуге үйреткені абзал. Баланың бос уақытын тиімді пайдаланып, түрлі рухани дүниелерді үйретіп, өзін-өзіне жауап бере алатын тұлға тәрбиелеуіміз керек. Әрбір ата-ана перзент алдындағы жауапкершілікті терең сезіне алса, балаларымыздың күлкісі жарқын болатынына сенім білдіремін.

Құрыш СЫДЫҒАЛИЕВ,
аудандық мәслихаттың депутаты

Таңдаулы материалдар

Close