Basty bet

«Нарсад» такси паркінің операторы

Ауданда жолаушылар тасымалдаумен айналысатын бірнеше жекеменшік көлік компаниясы бар. Онда жүзден астам жүргізуші тіркелген. Қазір жұрттың көбі бір қадам артық жаяу жүрмейтін болды. Барар жері бір ауылдың ішінде болса да, такси қызметін пайдаланып, діттеген жеріне көлікпен барғанды қолай көреді.

Шәкизада Бейсембектің «Нарсад» жекеменшік такси паркінің операторы болып жұмыс істегеніне біраз жылдың жүзі болды. Жалпы бұл такси паркі аудан тұрғындарына 2014 жылдан бері тасымалдау қызметін ұсынып келеді. Осы жылы ауданда «Жуалы такси» деген атаумен пайда болған алғашқы тасымалдау компаниясы мен «Нарсад» такси паркі бірігіп, ортақ «Нарсад» такси паркі атауына ие болды. Компанияға содан бері Әбіл Қалтаев басшылық етіп келеді.
«Нарсад» такси паркі жолаушыларға тәулік бойы қызмет көрсетеді. Оператордың жұмысы – жолаушы мен тасымалдаушының арасын байланыстырып, жүргізушілердің компанияға қоңырау шалған клиенттер хабарлаған мекен-жайға барып, оларды қалаған жеріне жеткізіп салуына септігін тигізу.
Шәкизада хабарласқан клиенттерге үнемі жылы шырай танытып, тапсырмасына мұқият зер салып, көңілінен шығуға тырысуды, компания сервисі туралы жағымды пікір қалыптастыруды операторға тән басты қасиет деп есептейді. Өйткені, компанияға хабарласқан клиенттің алғашқы байланысатын тұлғасы оператор болғандықтан, ол компания мен оның сервисі туралы жағымды пікірдің осы тұстан басталатынын жақсы түсінуі тиіс.
– Такси паркінде тіркелген таксистердің дені жолаушыларға бірнеше жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан тәжірибелі жүргізушілер. Олар сервистің сапасын жақсарту, клиенттер тапсырмасын дер кезінде орындау мақсатында өз көліктерін сақадай-сай етіп, жолаушыларды межелі жеріне жайлы әрі қауіпсіз жеткізуге барын салып тырысады. Компания жүргізушілері корпоративтік байланыс жүйесін пайдаланады. Клиент ұялы телефон арқылы компанияға хабарласқанда, біз оның мұқтажын мұқият тыңдап, мерзімділігін анықтаймыз. Мәселен, клиентке науқас адамды шұғыл ауруханаға жеткізуге немесе өзге қалаға сапарға шығу үшін орталық базарға немесе үлкен жолдың бойына дейін көлік қажет болады. Мұндай сәтте біз қолданыстағы байланыс желісі арқылы клиенттің мекенжайы мен баратын межелі жерін хабарлап, оған жедел қызмет көрсету қажеттігін ескертеміз. Және ол солай болады да. Қолы босаған жүргізуші тапсырманы қабылдап, оны орындауға кіріседі, – дейді оператор.
Қазіргі таңда «Нарсад» такси паркінде 25-30 көлік бірлігі бар. Компанияға аудан орталығының әр тұсынан тәулігіне 300-350-ге жуық қоңырау шалынады. Осы қоңырауға қызмет ету үшін автокөлік жүргізушілері күндіз-түні уақытпен санаспай еңбек етуде. Мұнда оператордан бөлек, бір медбике жүргізушілердің денсаулығын қадағаласа, арнайы бекітілген механик көліктердің қауіпсіздігіне, түзіктігіне жауап береді.
«Нарсад» такси паркінің операторы Шәкизада Жарылқасынқызына өзінің жұмысы ұнайды. Ол қашанда өзінің ақ жарқын мінезімен клиенттердің бабын тауып, компанияның беделін арттырып, көпшіліктің арасында адал еңбегімен еленіп, халықтың алғысын алып жүргеніне дән риза.
Біз де оның осы жолда сарқылмас қайрат, риясыз көңіл-күй, бастысы, әйел, Ана бақытын тілейміз.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close