Basty bet
Отыз жыл оқушылар ортасында
Адам өміріне сәулелі сәт сыйлайтын, баланы балапан кезінен баулитын ұстаздың орны ерекше, әркез биікте. Елінің дамуына тамшыдай болса да үлесін қосып, өмір сүрген ортасына, балғын балауса бүлдіршіндерге білім беруде еңбек жолын бастаған, жанға жайлы сөзімен де, ісімен де талап биігінен шыға білген зиялы жандар аз емес. Міне, осындай жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде 30 жылға жуық ұстаздық қызмет еткен, абырой мен бедел биігінен көрініп, тағылымы мол, шәкірттерін адамгершілік қасиеттерге баулып жүрген ұлағатты ұстаздардың бірі – Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Тұрсынай Түгелбаева.
Тұрсынай Бегданқызы Жамбыл облысы Талас ауданы С.Шәкіров ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Анасы және бес бауыры бар. Барлығы жоғары білімді, өмірден өз жолдарын тапқан, балалы-шағалы бақытты жанұялардың қатарында.
Ол әр жылдары Жамбыл қаласы Абай атындағы педагогикалық училищесінің «Бастауыш сынып мұғалімі» факультетін, Алматы қаласындағы Қонаев атындағы Гуманитарлық Заң институтының «Заңгер» факультетін, сондай-ақ Орталық Азия университетінің «Педагогика және психология» факультетін аяқтаған.
Ең алғашқы еңбек жолын 1993 жылы Жамбыл қаласындағы №36 мектептен бастаған ол мектепте 3 жыл жұмыс жасап, Алматы қаласына әрі оқуға түсіп, әрі Алматы қаласы №148 мектеп-гимназиясында жұмыс істеп жүргенде Жамбыл облысының азаматына тұрмысқа шығады. Осы тұстары Тараз қаласы №42 мектепте жұмыс істеп, 2012 жылы жолдасының қызмет бабымен Жуалы ауданына көшіп келіп, қазіргі таңда №1 мектеп-гимназияда еңбек жолын жалғастырып келеді.
Саналы ғұмырын білім саласына, «Бастауыш сынып мұғалімі» қызметіне арнап келе жатқан ұстаз өзінің біліктілігімен, іскерлігімен, қай нәрсенің болсын шешімін елгезектігімен, қай мәселенің болсын тұйықтан шығар жолын бірден табар көрегендігімен көрініп, шеберлік қырынан танылуда. Ол өзінің еңбек жолында біршама жетістіктерге жетіп, мектепішілік, аудандық сайыстарда мектептің абыройын көтеріп жүрген ізденімпаз ұстаздардың қатарынан көрінуде. Тұрсынай Бегданқызы білім беру саласындағы айрықша еңбегімен көзге түсіп, Алматы қаласындағы Оқу-ағарту ісіндегі ерен еңбегі үшін Құрмет грамотасымен, Жамбыл облыстық мәслихатының Құрмет грамотасы және көптеген конкурстар мен олимпиадаға оқушыларды белсене қатыстырып дайындағаны үшін Құрмет грамоталарымен марапатталуы да оның еңбегінің бағаланғанын білдірсе керек. Қазіргі таңда ұстаздық қызметте жоғары «Педагог-шебер» деген санатты иеленіп, өзінен кейінгі жас мұғалімдерге үлгі-өнеге болуда.
Білікті ұстаз Тұрсынай Бегданқызына “өмірге деген көзқарасыңыз қандай?” деген сауал қойғанымызда, ол былай деп жауап берді:
«Өмірге деген көзқарас алуан түрлі болғандықтан, әр адам өзінше түсініп, өзінше жауап береді. Тек өмірдің бір-ақ рет берілетінін ұмытпау қажет. Өмірге он екі мүшең сау болып келгеніңнің өзі Алладан берілген үлкен сый, үлкен бақыт деп ойлаймын. Өмірді өзенге теңеу бекер емес. Өзен қалай тоқтаусыз ағып жатса, біздің де өміріміз дәл солай зымырап өтіп жатыр. Әкем марқұм «Өмір кірпіктен тамған жас секілді зыр ете қалады екен» деп айтушы еді! Біз өмірге келген қонақпыз, сондықтан артыңда із, жақсы іс қалдыру керек. Ізгі ниетпен жасалған әрбір қадамың артыңда қалған ізің, ал жан дүниеңмен, бұлақтай таза сезіммен өмірге ғашық көзбен қарауыңның өзі үлкен бақыт деп білемін. Көшбасшысы өзіміз болған кеменің басын қайда бұрсақ та, бастысы мағыналы игі істердің басы болсын.
Тұрмыстамын, жолдасым менің өмірдегі басты ұстазым, ақылшым. Ол кісі Мәскеудің мемлекеттік университетінде оқыған (МГУ), өте білімді, ақылды адам, мейірімді әке, бауырларына қамқоршы жан. Бір ұл, екі қызымыз бар. Ұлым Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқыған. Одан кейін Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия университетін бітіріп, қазіргі таңда Қазақ-Британ университетінің магистратурасында оқиды және қосымша «Каспий банкте» сарапшы болып жұмыс істейді. Қазіргі таңда кандидаттық жоба жазып жатыр. Үлкен қызым Алматы қаласындағы Абылайхан атындағы шет тілдері университетінде «Аудармашы» мамандығының 3-курсында білімін шыңдауда. Кіші қызымыз 8 сыныпта оқиды.
Осы 30 жылдан аса еңбек жолымда көптеген шәкірттерге білім беріп, болашаққа жол сілтеп келемін. Көптеген шәкірттерім мерекелерде, жай кездерде әлеуметтік желі арқылы үнемі құттықтап, хабарласып тұрады. Алғыстарын айтып жазады. 2021 жылы Алматыға журналист Аман Тасыған жүргізетін «Ең алғашқы» бағдарламасына Тәуекел Мүсілімнің алғашқы ұстазы ретінде шақырды. Елордамыз Астана, Алматы және Тараз қалаларынан көптеген шәкірттерім, тіпті кейбір шәкірттерімнің ата-аналары жазады. Барлығының жақсы алғыс-тілектерін оқып, естіп өз-өзіме «Тұрсынай сен босқа жұмыс істемеген екенсің, дұрыс жолды таңдаған екенсің, баланың болашағына дұрыс жол сілтей білген екенсің» деп риза боламын».
Осылайша жылдар жемісін беріп, ұстаздан тәлім алған шәкірттер білім ұясының абыройын асқақтатып, ұстаздың мерейін көтеріп келеді. Қазірдің өзінде Тұрсынай Бегданқызының шәкірттері әр салада маман иесі болып қызметтер атқаруда. Ол жай ғана ұстаз емес, өзінің саналы ғұмырын бастауыш сынып үшін, шәкірттері үшін еңбек етуге арнаған ұстаздардың ұстазы деп толық айтуға негіз бар.
Ұстаздық мол тәжірибесінде мыңдаған шәкіртті білім баспалдағымен шыңға өрлеткен парасатты педагог өзінің алтын ұясында аяулы жар, ардақты ана. Отбасының көркі мен ажары, анасы болып, берекесі мен бірлігін жарастыра білген жаны таза, кеңпейілді еңбекқор жан. Педагогикалық ғұмырын бала тәрбиелеу ісіне арнап, оқу мен тәрбиені бірдей ұштастыра білген, ақылшы да қамқоршы жан Тұрсынай Бегданқызы жыл басында 50 жасын толайым табыстармен атап өтіп, құрметке бөленді. Бұл мерейтойды ұлағатты ұстаздың өміріндегі жарқын белестердің бірі ретінде айтуымызға болады.
Адами қасиеті бөлек жанымызда жүрген жандарды құрметтеу, қадірлеу, еңбегін қоғамға танытудың өзі бүгінгі күннің сыйы екенін ұмытпағанымыз абзал!
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»