Basty bet
Ақеркенің қызыл ірімшігі
Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында «Жас кәсіпкер» жобасының түлегі Ақерке Иланбайдың үй жағдайында ірімшік өндіріп жатқанын «Бастау-Бизнес» жобасының бизнес жаттықтырушысы Жазира Тоқабаеваның «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасынан оқып, танысқан едім. Енді, міне, жас кәсіпкердің өзімен кездесіп, одан өзі бастаған істің мән-жайын толық білудің сәті түсті.
Ақерке жобаны сәтті аяқтап, грант иегері атанғаннан кейін өз кәсібін алғашқылардың бірі болып бастапты. «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында атап көрсетілгендей, оның қолынан шыққан қызыл ірімшік өнімдері ауданда үлкен сұранысқа ие екен. Қазіргі таңда сапалы әрі дәмді қызыл ірімшіктердің дәмі тіл үйіреді. Ең бастысы, табиғи өнім.
Атап кетерлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жастар жылына орай «Жас кәсіпкер» пилоттық білім беру жобасын іске қосты. Мақсат – жұмыссыз жүрген немесе өз кәсібін бастағысы келген жастарға қолдау көрсету. Ауданда аталған жобаға қатысушы жастар көптеп ниет білдіріп, белсенділік танытуда.
«Жас кәсіпкер» – жобасы ел ауқымында тиімділігін көрсеткен, танымал «Бизнес-Бастау» бағдарламасы аясында іске асырылады. Тек айырмашылығы мұнда оқу курсы 15 күн және шынайы кеңестер мен үздік бизнес-жаттықтырушылар ұсынған шеберлік сабақтар өткізіледі. Бірегей жоба авторлары қайтарымсыз 505 мың теңге көлемінде грант алады.
Жобаны іске асыруға Ақерке Иланбайдың бойындағы ас әзірлеуге деген бейімділігі мен табандылығы кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге септігін тигізген. Жас кәсіпкер қызыл ірімшік шығаратын шағын цехты қолға алып, қайтарымсыз грантқа ие болған сәттен бастап ірімшік жасауға, сақтауға арналған қажетті тұрмыстық техникаларды, яғни, тоңазытқыш, газ плитасы және ваккумдық пакетті сатып алды.
– Мен алғаш рет қызыл ірімшіктің тіл үйірер тәтті дәмін жеңгем Нұржамалдың үйінен екінші ұлыма аяғым ауыр кезде таттым, – дейді Ақерке күліп. – Аяғы ауыр келіншектер өздеріңіз білетіндей, жегісі келген нәрсесін аңсап тұрады. Сол себепті, жеңгемнен жасалу жолдарын сұрап, үйде өзім дайындай бастадым. Ол үшін жеңгеме алғысым шексіз. Осылайша қызыл ірімшіктің жасалуының қыр-сырын үйренген соң, ауыл тұрғындарының тапсырысын қабылдай бастадым. Бірте-бірте сұраныс арта түсті. Кейіннен бұл істі меңгергенім, қызығушылығым маған табыс әкеле бастады.
«Жас кәсіпкер» жобасы ауданымызда өткізілетіндігін естіп, қатты қуандым. Бұл арманыма бастаған алғашқы қадамым болды. Бағымды сынап көруге бел будым. Жоба жайында таныстарымнан естіп, екі апта көлемінде оқу курсынан өттім. Бізді дайындап, өз тәжірибесімен бөліскен жаттықтырушы Жазира Тоқабаева кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретті. Қалай қаржыны тиімді жұмсау, бизнес жоспарды қалай құру, кәсіпті қалай ашу, неден бастау керектігін бүге-шІгесіне дейін түсіндіріп өтті. Алынған қаражатты өзге пайдаңа емес, кәсіп ашуға жұмсау керектігін жастар түсінсе деген ниетте талмай еңбек етті, – дейді жас кәсіпкер.
Жас кәсіпкер Ақеркенің қызыл ірімшігі денсаулыққа пайдалы екені сөзсіз. Себебі, сүттің құрамындағы пайдалы заттар оның бойында ұзаққа сақталады. Сарысуымен қайнатылғандықтан ірімшік темір дәруменіне өте бай. Оның негізінен төрт түрі, яғни домалақ пішінді, кепкен, кеппеген және ақ түсті кептірілген түрлері бар. Ал, Ақерке осының ішіндегі кеппеген қызыл ірімшікті шағын цехында әзірлейді. Күніне бизнес жоспары бойынша сегіз келі әзірлеуі керек. Алайда, қазіргі қыс мезгілінде сүттің азаюына байланысты екі күнде төрт келі дайындап отырған жайы бар. Алдағы уақытта сүт көбейсе қызыл ірімшіктің өзге де түрлерін жасап, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Өнімді жасау өз алдына бір бөлек, сату, өткізу бір бөлек. Еңбегімен дайындалған қызыл ірімшікті сатылымға шығару үшін Ақерке түрлі жарнамалар жасайды. Әрине, өз кәсібіңді таныстырымға шығармасаң, оның алға жылжуы екі талай дүние. Арнайы атауы мен заттаңбасы жазылған ваккумдық пакеттерге қызыл ірімшікті салып, әлеуметтік желілердегі парақшаларына жасаған өнімнің суреттерін салып отырады. Оның қызыл ірімшігіне тапсырыс өзіміздің облыс төңірегіндегі аймақтың тұрғындарынан көптеп түсуде. Яғни, ол әлеуметтік желіні пайдалы мақсатта қолданып отыр.
– Біздің отбасымызда жолдасымыз екеумізде кәсіпкерлікке бет бұрған жандармыз. Жолдасым Еламан 2017 жылы ауыл шаруашылығы бағыты бойынша ірі қара малын көбейту мақсатында несие алды. Қазіргі таңда үйде бірнеше сауынды сиыр бар. Маған бір тиімді тұсы, сүттің үйден шығатыны. Тек бұл ғана емес биылғы грант иегерлері үш жылға дейін салық төлеуден босатылдық. Бұл бізге берілген үлкен мүмкіндік. Аяғымыздан нық тұрып алғанымызша бізге барынша көмек-қолдаулар берілуде. Тек соны тиімді пайдалана алсақ болғаны. Мен осы жобаның жеңімпазы болғаныма өте қуаныштымын. Ауданымыздың көркейіп, дамуына атсалысамын деп ойлаймын, – дейді Ақерке Әкімжанқызы.
«Жас кәсіпкер» жобасының ауданымыздың көптеген жастарға жаңа өмірге жолдама бергендігі қуантады. Енді олардың болашағы өз қолдарында. Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері, қызыл ірімшік әзірлеуші Ақеркеге адал еңбегінің жемісін көруді Алла нәсіп етсін дейміз.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
«Жаңа өмір»