Basty bet

Жуалылықтар көптен күткен маңызды жоба

аудан орталығындағы теміржоласты өткелінің құрылысы биыл аяқталады

Б.Момышұлы ауылындағы көптен күткен мәселенің бірі – теміржолдың төменгі бөлігіндегі жасанды өткелдің құрылысы бүгінде нақты жүзеге асырыла бастады. Ауыл тұрғындары бұл мәселені талай жылдан бері көтеріп, қауіпсіз жол және көлік қатынасы мәселесінің шешілуін сұрап келген болатын. Әсіресе, теміржол арқылы өту кезінде тұрғындар үшін үлкен қиындықтар туындап, көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі өзекті мәселеге айналған еді.

Аудан әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Айтбаевтың айтуынша, жасанды теміржоласты өткелі құрылысының негізгі мақсаты – көлік қозғалысын жеңілдету, жолдың өткізу қабілетін арттыру және көлік кептелісін азайту. Бұған дейін өткел арқылы тек бір автокөлік қана өте алатындықтан, қарсы бағыттағы көліктердің қозғалысына қиындық туындап, кептеліс жағдайлары жиі орын алған. Қазіргі жоба аясында екі бағыттағы көліктердің қауіпсіз әрі еркін қозғалуына барынша жағдай жасалуда.
Жоба іске асырылғаннан кейін аудан тұрғындарының жол қатынасы айтарлықтай жақсарады деп күтілуде. Көлік қозғалысы реттеліп, жолдағы уақыт шығыны азаяды. Сонымен қатар, өткелдің кеңейтілуі қарсы бағыттағы көліктердің еркін жүруіне мүмкіндік беріп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға да оң әсерін тигізеді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттырады.
– Құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау тұрақты түрде жүргізілуде. Нысанда авторлық және техникалық қадағалау қызметтері ұйымдастырылып, құрылыс жұмыстарының бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға және құрылыс талаптарына сәйкес орындалуы қадағалануда. Сонымен қатар, қолданылатын құрылыс материалдарының сапасы мен атқарылып жатқан жұмыстардың талапқа сәйкестігі тұрақты бақылауда ұсталады. Құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері назарға алынып, мүмкіндігінше ескерілді. Атап айтқанда, көлік қозғалысының ыңғайлылығы, қауіпсіздік мәселелері және жолдың өткізу қабілетін арттыруға қатысты ұсыныстар жобаның аясында қарастырылған, – дейді бөлім басшысы.
Б.Момышұлы ауылындағы автокөлік қозғалысына арналған жасанды теміржоласты өткелінің құрылысына жауапты мердігер – “Astana building energy company” ЖШС. Нысанның құрылысы 2025 жылы маусым айында басталып, биыл аяқталады деп күтілуде.
Бүгінде құрылыс жұмыстарының 50 пайызы аяқталған. Атап айтқанда, тірек орнату, хомуттау, топырақ қазу және жерді нығыздау жұмыстары жүргізілген. Алдағы уақытта бетондау кезеңіне көшу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда оған қажетті материалдар дайындалуда.
Құрылыс алаңында 17 адам жұмыс атқару үстінде. Нысанда жергілікті тұрғындар да жұмыспен қамтылған. Қазіргі таңда мұнда экскаватор, жүктиегіш, жүктөккіш көлік, жол нығыздағыш және топырақ нығыздағыш сияқты арнайы техникалар жұмыс істеуде. Жұмысшылар құрылыс алаңындағы қауіпсіздік ережелерімен толық таныстырылған. Әр ай сайын техника қауіпсіздігі бойынша нұсқаулық өткізіліп, арнайы тіркеу журналына белгіленеді.
Бүгінде теміржолдың 3 және 5-жолақтарында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс күн сайын таңертеңнен кешке дейін атқарылады. Осы уақыт аралығында пойыздар аталған аумақтан жылдамдықтарын төмендетіп өтуде. Нысандағы құрылыс жұмыстарына жауапты маман Мұсабек Рахимов өткелдің арғы бетінде құрылыс жұмыстарын жүргізу жеңіл болады деп болжауда. Өйткені, ол аумақта “Қазақтелеком”, “Транстелеком” және электр желілеріне тиесілі жерасты кабельдері жоқ. Ал, қазіргі құрылыс жүргізіліп жатқан бөлікте барлық кабельдер талапқа сай ауыстырылып, тиісті жұмыстар толық аяқталған. Ол: “Мұнда алдағы уақытта тағы да бірқатар жұмыстар атқарылады. Олардың барлығы бекітілген талаптар мен құрылыс нормаларына сәйкес орындалатын болады” дейді.
– Бізде жұмыс барысында айтарлықтай кедергілер болған жоқ. Дегенмен, биылғы көктемде жауын-шашынның көп болуы жұмыс барысына әсер етуде. Яғни, жауған жаңбыр құрылыс жұмыстарының уақытша кідіруіне себеп болды. Себебі, жер лайсаң болып жатқан кезде жұмысты сапалы атқару мүмкін емес. Сондықтан ауа райына қарай әрекет етеміз. Жұмысты сапасыз орындағанша, оны уақытша тоқтата тұрған дұрыс. Бұл теміржоласты жасанды өткелінің сапалы әрі ұзақ жылдар бойы қызмет етуі үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Барлық құрылыс технологияларын сақтай отырып жұмыс жүргізудеміз. Ертең тұрғындардың наразылығына тап болмау үшін сапаға ерекше мән береміз.
Тағы бір айта кетерлігі, мұндай теміржоласты өткелі елімізде алғаш рет салынуда. Сондықтан бұл нысанның құрылысын бүкіл республика бақылап отыр. Жұмыс барысында осы саланың білікті мамандарымен ақылдасып, тәжірибе алмасып келеміз. Себебі, бұл жобаның жауапкершілігі өте жоғары, – дейді мердігер компанияның жауапты маманы Мұсабек Рахимов.
Маманның айтуынша, құрылыс барысында заманауи технологиялар қолданылуда. Яғни, өткелге құйылатын бетон — заманауи талаптарға сай В-30 маркалы. Мұндай бетонды алыс жерден тасымалдауға болмайтындықтан, арнайы Б.Момышұлы ауылынан зауыт ашылып, бетон сол жерде өндірілуде.
Расында, бұл құрылыс нысанының маңызы зор. Сондықтан оның сапасы мен тұрғындар алдындағы жауапкершілігін мердігер мекеме терең түсінеді. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары толық аяқталып, нысан тұрғындардың игілігіне беріледі деп сенеміз! Себебі, бұл өткелді жуалылықтар ұзақ уақыттан бері күтіп келеді.

Таңдаулы материалдар

Close