Basty bet

Құрметті оқырман!

Сіз бүгін өзіңіздің рухани жансеріктеріңіздің бірі – төл басылымыңыз «Жаңа өмір» газетінің 2020 жылғы алғашқы нөмірін оқып отырсыз. Ел тыныс-тіршілігі мен өңір өмірінде өрнекті ізі бар Доңыз жылы да артта қалды. Отанымыз тәуелсіздік тұсындағы жаңа тарихының тағы бір асуынан табыспен өтті. Еліміздің еңсесі көтеріліп, халқымыздың әлеуеті арта түсті. Береке-бірлік пен тынымсыз тірлікті ұлықтаған еліміздің Тышқан жылында да жақсылықтар толы болсын!

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ қызметкерлері күніне орай сөйлеген сөзінде «Мемлекеттің әлеуетін нығайту, экономиканы дамыту, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру – бүгінде еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттер. Бұл міндеттерге жетуде журналистердің белсенді азаматтық ұстанымы, олардың кәсіби деңгейі және әділдігі – ақпараттық кеңістіктегі табысты жұмыстың негізгі шарттары» дей келіп, БАҚ-на ары қарай да қолдау көрсете беретіндігін айтқан болатын.
Бұқаралық ақпарат құралдары кез келген мемлекеттің дамуында айрықша орын алады.
Алаштың ардақтысы Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» дегенді айтқанда осыны меңзеген еді.
БАҚ тәуелсіз Қазақстанның ақпараттық кеңістігінің қалыптасуы мен нығаюына, еліміздің саяси тұрақтылығын, экономикалық жағынан шарықтап дамуын, әл-ауқатының айтарлықтай жақсаруын жан-жақты насихаттауға қосып отырған үлестері зор.
Аудандық «Жаңа өмір» газеті стилі, жалпы бет-бейнесі, бағыт-бағдары қалыптасқан басылым.
Иә, қандай баспасөз үшін де көп көңілінен шығып, «Ел газеті» атанудан асқан абырой жоқ. Өткен жылы «Жаңа өмірдің» елдігімізбен бірге есейіп, жұрттығымызбен бірге жетіліп келе жатқанына 85 жыл толды. Газеттің 1934 жылы алғашқы іргетасы қаланғаннан бергі саяси оқиғалар мен қоғамдық құбылыстарының шежіресі болып келе жатқан аудан газетінің мерейтойын ел болып, жұрт болып атап өттік. Мерейлі мереке басылымымыздың аудан өміріндегі өзіндік орны мен рөлін тағы бір нықтай түсті.
Аудандық басылым алдағы уақытта да өзіне жүктелген міндеттерді зор жауапкершілікпен атқара беретін болады.
Оқырманы көп басылым – ең бай басылым. Аудандық «Жаңа өмір» газетінің 2020 жылға таралымы 3015 дана болып отыр.
Газеттің жазылым науқанына барша аудан басшылары өз тараптарынан өзіндік үлестерін қосты. Осы тұста біз науқанға ерекше жауапкершілікпен қарап, белсене атсалысқан біраз ауылдық округтердің әкімдері мен мекеме басшыларына алғысымызды білдіреміз. Ең алдымен, 250 дана жазылған Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Нұржігіт Бөлекбаев пен 300 дана жазылған Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралапов пен аталған әкім аппараттарының қызметкерлеріне және ерекше ықыласпен атсалысқан Абай атындағы ОМ, Ы.Алтынсарин атындағы ОМ, Д.Қонаев атындағы МГ, т.б мектеп ұжымдарына, мекемелерден аудан әкімдігінің ішкі саясат, сәулет және құрылыс, экономика және бюджетті жоспарлау бөлімі, кәсіпкерлік бөлімі мен аудандық пошта байланыс торабы мекемесі, өрт сөндіру бөлімі, Ақсай су шаруашылығы, жер кадастры бөлімі, Жуалы ТК, «Жуалы су» мекемесі, «№16 Жуалы колледжі, №12 спорт мектебінің басшылары мен ұжымдарына ағысымыз шексіз.
Табалдырығымызды аттаған 2020 жыл еліміз үшін айтулы жылдардың бірі болмақ. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл, Абайдың туғанына 175 жыл толу мерейтойларын тойлау туралы жоспар бекітті. Бұл ретте газет бетінде «Абай жолы», «әл-Фараби әлемі» атты тұрақты айдарлар ашылып, ұлы ойшылдарымыздың рухани мұралары насихатталмақ. Сонымен бірге жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 110 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл, Қазақстан Республикасы Конституциясына 25 жыл, Алтын Орданың 750 жылдығы, тағы да басқа айтулы даталар бар. Аудандық басылым осы даталарға да тұрақты түрде оқырманға рухани азық, рухани олжа болар дүниелерді жариялайтын болады.
Сонымен бірге өздеріңіз асыға күтетін «Ақ шымылдық» қыз-келіншектер беті, «Жалын» жастар беті, «Тұлпар» әдебиет және өнер беті, Ардагерлер беті, Хаттар беті жалғасын табатын болады.
Газет – халықтың мінбері. Сондықтан барша оқырмандарымызды газет оқуға және газетке өздеріңіздің шығармаларыңыз бен халқымыздың рухани өсуіне, жас ұрпақ тәрбиесіне септігін тигізер ой-пікірлеріңізді, ұсыныс-тілектеріңізді жолдап тұруларыңызды сұранамыз.
«Сын түзелмей – мін түзелмейді» демекші, бір-бірімізге шын, достықпен, жанашырлықпен сын айтуды және сынды дұрыс қабылдауды үйренейік.
Біздің мақсатымыз – жасампаз бүгініміз бен кемел келешегіміз үшін белсене қызмет ету, халыққа шынайы ақпарат жеткізу. Алдағы уақытта да жақсылықтың жаршысы бола отырып, мемлекеттілігіміздің нық сенімін насихаттай беретін боламыз.
Құрметті оқырман, біз Сіздермен біргеміз!
Әр шаңыраққа амандық, шаттық, бақ-береке, ынтымақ, елімізге амандық, тыныштық тілейміз! Сіз бен біз болып, Тәуелсіз мемлекетіміздің мерейінің өсуіне аянбай еңбек ете берейік!
Әріптестеріме тілерім – әрдайым шығармашылық табыстың көкжиегінен көріне берулеріңізге тілектеспін!

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close