Basty bet
Аудан прокуроры азаматтарды қабылдады
Айгүл АМАНҚҰЛ,
«Жаңа өмір»
«Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Жуалы ауданының прокуроры Секер Бүркітбаев азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады.
Қабылдауға алғаш болып Көлбастау ауылының тұрғыны Бақыт Алланиязова кірді. Ол 2018 жылы үй сатып алған екен. Алайда үйдің құжаттарын белгілі себептермен өз атына аудара алмай жүргенін айтып, көмек сұрады. Өтініш иесінің мәселесін тыңдаған аудан прокуроры Секер Қасымбайұлы бұл мәселе азаматтық іске жататынын айта келе, Б.Алланиязоваға аудандық сотқа шағым түсіру керек екенін айтып, заң аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Қабылдауға екінші кезекте Қосбөлтек ауылының тұрғыны Шолпан Оразбаева кіріп, Ресей Федерациясының азаматы екенін және әлі Қазақстан Республикасының азаматтығын алмағанын айтты. Сонымен қатар, баласы да Ресей Федерациясында дүниеге келген, сол себепті баласының да құжаттары орыс тілінде және жеке сәйкестендіру нөмірі берілмеген екен. Қазіргі таңда баласы Көктөбе орта мектебінде 2 сыныпта оқитынын, мектеп әкімшілігі баланың құжаттарын түзеуді, ЖСН талап етіп отырғанын айта келе, РФ-на бармай-ақ құжаттарын рәсімдеп беруді сұрады. Аталған мәселе бойынша АХАЖ бөлімінің бас маманы Динара Қалдыбекова және аудандық көші-қон полициясының аға инспекторы Айдос Мықтыбеков, білім бөлімінің бас маманы Салтанат Каукаева жауап беріп, заң аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Аудан прокурорының қабылдауына Шақпақата ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты Жолдасбай Жұманиязов және Роза Реймова қатысып, 2008 жылдан бері Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алмай жүргенін, құжат рәсімдеу үшін қаражаттың да жоқ екенін айтып, көмек сұрады. Өтініш иесіне көші-қон полициясынының аға инспекторы Айдос Мықтыбеков жауап берді. Ол қазіргі таңда қолдарындағы көрші мемлекеттің паспорттарының мерзімі өтіп кеткенін, ҚР азаматтығын алу үшін бірінші ыхтиярхат алу керек екенін айтты. Сондай-ақ, құжаттарының мерзімі өтіп кеткендіктен Алматы қаласындағы елшілікке барып, арнайы белгіленген айыппұлды төлеп, содан кейін ғана құжаттарды тапсыруға болатындығын жеткізді. Қабылдауға келген өтініш иелерінің құжат рәсімдеуге қаражатының жоқтығы ескеріліп, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының тарапынан демеушілер тарту арқылы қаржылай көмек көрсетілетін болып шешілді.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ