Basty bet
«Тектұрмас» тазалығы – тарихи мұраға құрмет
Тараз қаласындағы «Тектұрмас» этнотарихи кешенінде «Вандализмге жол жоқ» акциясы ұйымдастырылды. «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының Жастар қанаты өткізген іс-шараға 50-ге жуық жас қатысып, тарихи орынның аумағын тазалап, ескерткіштер мен қоршауларға жазылған 150-ге жуық граффити жазуын өшірді.
Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан «Тектұрмас» этнотарихи кешені – Тараз қаласының тарихын, түркі өркениетінің бай мұрасын танытатын маңызды нысандардың бірі. 24 гектар аумақты алып жатқан кешенге күн сайын қала тұрғындары мен қонақтары келіп, тарихи орынмен танысады. Сондықтан оның тазалығын сақтау және тарихи нысандарды бүлінуден қорғау – баршаға ортақ міндет.
Акцияның негізгі мақсаты – қоғамдық орындардағы тазалық мәдениетін қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраға ұқыпты қарауды насихаттау және жастар арасында вандализмнің алдын алу. Іс-шара барысында белсенді жастар кешен аумағын ретке келтіріп қана қоймай, ортақ мүлікке жауапкершілікпен қараудың маңызын көрсетті.
«Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Жастар қанаты төрағасының орынбасары Мерей Жолдасбектің айтуынша, тарихи орындарды қорғауда жастардың белсенділігімен қатар, әр азаматтың жеке жауапкершілігі де ерекше маңызға ие.
– Тарихи орындарға құрмет көрсету оларды бүлдірмеуден басталады. Біз кейде мұндай әрекеттердің салдарын ескере бермейміз. Бірақ ортақ мұраға келтірілген зиян бәрімізге қатысты. Ең бастысы, тарихи орындарды бүлдіргеннен кейін тазалауды емес, оларға бастапқыда зиян келтірмеуді үйренуіміз керек. Бұл – әр адамның өзінен басталатын жауапкершілік, – деді М. Жолдасбек.
Шынында да, тарихи нысандарды сақтау тек тазалық жұмыстарымен шектелмейді. Ескерткіштерге жазу жазбау, қоғамдық мүлікті бүлдірмеу және айналадағы ортаға ұқыпты қарау – әр азаматтың мәдениеті мен жауапкершілігін көрсететін әрекеттер.
«Вандализмге жол жоқ» акциясы жастардың қоғамдық іске белсенді араласуына және тарихи мұраны қорғау мәселесіне назар аударуға бағытталды. Осындай бастамалар арқылы өскелең ұрпаққа туған жердің тарихын құрметтеу, мәдени құндылықтарды сақтау және оларды келер ұрпаққа аман жеткізу қажеттігі насихатталады.
Тарихи мұра – өткеннің естелігі ғана емес, болашақ ұрпаққа қалатын ортақ құндылық. Оны сақтау тазалықтан, ұқыптылықтан және әр адамның өз ісіне жауапкершілікпен қарауынан басталады.