Basty bet

Жамбыл облысында 338 млрд теңгенің инвестициялық жобалары іске асырылды

Жамбыл облысында өндіріс көлемін ұлғайту, экономиканы әртараптандыру және жаңа кәсіпорындар ашу бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Өңірге тартылған инвестициялар нақты өндірістік жобаларға бағытталып, бірқатар нысан пайдалануға берілді. Бұл бастамалар облыстың өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға негіз болуда.

2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша облыста жалпы құны 338 млрд теңгені құрайтын 26 инвестициялық жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 21 жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл өңірде жаңа өндірістік бағыттарды дамытуға және кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Іске қосылған кәсіпорындардың қатарында химия, құрылыс материалдарын өндіру және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау салалары бар. Атап айтқанда, «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-нің күкірт қышқылы зауыты, «Alit Holding» ЖШС-нің құрғақ құрылыс қоспалары мен мәрмәр ұны өндірісі, сондай-ақ «TRZ Agro» ЖШС-нің көкөніс сақтау қоймасы пайдалануға берілді.

Өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруда Шу ауданындағы «Shengtai Biotech» ЖШС жобасының маңызы зор. Мұнда жүгеріні терең өңдеуге арналған өнеркәсіптік кешеннің бірінші кезеңі іске қосылды. Жоба ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу мүмкіндіктерін кеңейтіп, қосылған құны жоғары өнім өндіруге бағытталған.

Сонымен қатар облыста энергетика және қалдықтарды қайта өңдеу салаларында да ірі жобалар қолға алынуда. Францияның TotalEnergies компаниясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Masdar компаниясы жел электр станцияларын салу жобаларын жүзеге асыруды көздейді. Ал «For You Energy» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы электр энергиясын өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, «Gakku Qus» ЖШС-нің инкубациялық жұмыртқа өндіру кәсіпорнының құрылысы басталды.

Жаңа өндірістерді орналастыру үшін облыста арнайы инфрақұрылымдық алаңдар да қарастырылған. Бүгінде «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы мен «Тараз» индустриялық аймағы инвесторларға өндірістік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.

«Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында химия, металлургия, агроөнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі бағыттары бойынша жалпы құны 964 млрд теңгені құрайтын 25 қатысушының жобалары жүзеге асырылуда. Бұл кәсіпорындар өңірдің өндірістік құрылымын кеңейтіп, жаңа өнім түрлерін шығаруға бағытталған.

Жалпы, облыстың инвестициялық жобалар пулында 116 жоба бар. Олардың жалпы құны 5,6 трлн теңгені құрайды. Жобаларды толық іске асыру нәтижесінде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Өндірістік жобалардың кезең-кезеңімен іске асуы Жамбыл облысының экономикалық дамуына тың серпін бермек. Жаңа кәсіпорындар ашу, шикізатты өңдеу көлемін арттыру және энергетикалық әлеуетті дамыту өңір экономикасын әртараптандырудың маңызды бағыттарына айналып отыр.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close