Basty bet

Әулеттің анасы

«Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» демекші, ел ішінде ақылымен, еңбегімен, аталық және аналық өнегелерімен өз әулетіне, ауыл-аймағына сыйлы кісілер болады. Олар ең алдымен әулет ішіндегі ынтымақ-бірлікті арттырып, ағайындық қарым-қатынасты реттеп отырады. Сондай ақылды жандар отбасының ұйытқысы бола отырып Отанның да игілігіне, оның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосады.

Еңбек майданында шыңдалып, қазіргі таңда бір әулеттің анасы болып отырған Қайрат ауылының байырғы тұрғыны Аманкүл Кәденқызының да есімін құрметпен атауға болады. Бүгінде 78 жасқа келіп отырған Аманкүл апа Қырғызстанға қарасты Маймақ өңіріндегі Жуантөбе аталатын елді мекенде туып-өскен екен. Өзінің айтуынша, ата-аналары мал бағып, егін салған шаруа кісілер болған көрінеді. Расында, соғыс кезінде туған балалар балалықтың бал дәмін сезіне алған жоқ. Қабырғасы қатпастан қол еңбегіне, одан қала берді, колхоз-совхоздардың жұмысына араласып кетті. Еңбек есейтіп, өмірдің өзі бойына күш-жігер берген бойжеткен Аманкүл 1960 жылы төртінші желтоқсанда Қайрат ауылының азаматы Қуантай Қалдарбекұлына тұрмысқа шығады. Содан көп өтпей-ақ жас отбасы шопанның ақ таяғын қолына алып, Ленин атындағы колхозда шопан болып еңбек етеді.
-Колхозда табан аудармастан 30 жыл қой бақтық. Қаратаудың етегінде, нақтырақ айтқанда, Күркіреусу аймағында колхоздың мал қыстауы болатын. Көбінесе сонда отырдық. Жазда Алатаудың етегіне көшеміз. 1968 жылы қыс қатты болды. Оны үлкен кіслер біледі. Онда Күркіреусудағы қыстауда отырғанбыз. Қардың қалың жауғаны соншалық, колхоз басшылығы малға шөп жеткізе алмады. Қалың қарға шыдас бермей, мал қоралардың шатырлары құлап, малдар аштан қырылды. Біздің қора колхоздың ең шеткі аймағында орналасқандықтан жем-шөп уақтысында келмей, біраз қойымыз өлді. Сол оқиға әлі есімнен кетпейді. Жақсылықты да, өмірдің қиыншылығын да көп көрдік. Қазір зейнеттемін. Балаларыма, немере-шөберелеріме өмірден көрген-түйгендерімді айтып отырамын. Қол еңбегінен әлі қол үзген жоқпын,- дейді Аманкүл апа.
Отағасы Қуантай ата малдың жайын жақсы білетін еңбекқор кісі болған екен. 2007 жылы 70 жасында дүниеден озған. Бұл отбасы балаларын жастайынан еңбекке баулып өсірді. Төрт ұл, үш қыздың бәрі қазір бір-бір үй болып отыр. Ұлдары Дүйсен, Сейсен, Сәкен Нұр-Сұлтан және Тараз қалаларында, Көлбастау ауылында тұрады. Қыздары Гүлмира, Лиза, Сәуле өз теңін тапқан бір-бір үйдің отанасы. Әулеттің Қайрат ауылындағы қара шаңырағына кенже ұл Қалижан мен келіні Тұрсынай иелік етіп отыр.
Еңбек ардагерлері Қуантай Қалдарбекұлы мен Аманкүл Кәденқызы бірқатар мерекелік медальдармен марапатталған. Аманкүл апа жеті баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелегені үшін «Алтын алқа» алқасының иегері. Апаның бір ерекшелігі, ол кісі нан пісіргенді ұнатады, оны күнделікті айналысатын кәсібі, сүйікті ісі десе де болады. Апаның қолынан шыққан ыстық таба нан сол күні аудандық аурухана маңындағы дүкендердің сөресіне қойылады. Апаның нанына сұраныс жақсы. Тұрақты тұтынушылар үйінен де келіп алып кетеді.
-1997 жылы колхоз біржолата тараған соң жұмыссыз қалдық. Содан нан пісіріп, дүкендерге өткізе бастадым. Сұраныс та артты. Қазірге дейін нан пісіремін. Қолдағы келінім Тұрсынай сүт өнімдерін жасаумен айналысады. Ауылдастардың сұранысымен сүттен май, ірімшік, құрт тағы басқа ұлттық тағамдар жасағанды ұнатады,- дейді апа.
Аманкүл апаның жеті баланы дүниеге әкеліп, азамат қатарына қосқанын жоғарыда айтқанбыз. Қолындағы кіші ұл Қалижанның да келіншегі жеті бала тапқан «Алтын алқалы» ана. Бір сөзбен айтқанда, бұл әулет көпбалалы әулет саналады. Аманкүл апа шаңырақ шуағын арттырып, ұрпақтарына ақылшы болып 28 немере, тоғыз шөбере сүйіп отырған бақытты ана. «Адам ұрпағымен мың жасайды» десек, мұндай мейірімді әжелері бар шуақты шаңырақтың шырағы сөнбек емес.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close