Basty bet

Еңбекпен есейген, егемендікпен бірге еңсе тіктеген

«Рауан» шаруа қожалығындағы оңды істер көңіл тоғайтады

Тәуелсіздік тағылымы туралы көп айтуға болады. Биыл еліміз тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын мемлекет дамуының игілікті нәтижелерімен қарсы алғалы отыр. Қазақстан Республикасы әлемдік өркениеттен ойып тұрып өз орнын алды. Өзгелермен бойымыз да, ойымыз да теңесті. Елбасының сөзімен айтқанда, «Халықаралық қоғамдастықтың белді әрі беделді мүшесі ретінде мәртебелі мінберлерден сөз ұстап, көзқарасымызды кеңінен танытуға қол жеткіздік. Мұның бәрі тарих үшін қас-қағым сәт саналатын ширек ғасырда жүзеге асырылды». Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Бұл – елдің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы белес.

Тәуелсіздік – халқымызға Тәңірдің берген тәтті сыйы. Тәуелсіздік – біздің қасиетті тұмарымыз. Әрине, егемендік бізге оңай жолмен келген жоқ. Тәуелсіздік біздің халқымызға көптеген игіліктерді сыйлады. Осы жылдар бедерінде мемлекет мерейінің өскені, экономикасының өрлегені, халық тұрмысының артып келе жатқаны бүгінде шыққан күндей шындық. Одан соң тұрғындардың өз алдына шаруа қожалықтарын ашып, дербес тірлік жасауына да мол мүмкіндіктер туды. Шынын айту керек, Кеңестік кезең тұсында жұрттың көбі колхоз-совхоздарда жұмыс істеді. Сөйтіп, отбасын асырады. Онда жеке адамдарға 10 қой, бір сиырдан артық мал ұстауға рұқсат етілмейтін. Міне, өткен кезеңдегі осындай олқылықтардың орны тәуелсіздік жылдарында қайта толығуда.
Қасиетті Жуалы ауданының ырыс қазанын тасытып еңбекпен есейген мұндай үлгілі отбасылар, тәуелсіздіктің аясында шаруашылығын шалқытып, еңсе тіктеген азаматтар арамызда жетерлік. «Бірлік қылмай ел оңбас, тірлік қылмай ер оңбас» деп бабаларымыз бірлік пен тірлік қағидаларын өсиет етіп қалдырғандай, адам қай қоғамда өмір сүрсе де оның толыққанды өмір сүруі үшін бекем бірлік пен берекелі тірліктің айнымас қағидалары ауадай қажет екені бесенеден белгілі.
Шаруасы шалқыған шаруа қожалықтары аудан орталығынан шалғайда жатқан Қошқарата ауылдық округінде де баршылық. Қошқарата ауылдық округі халық саны және елдімекен саны жағынан аудандағы шағын округтердің бірі саналады. Бұрыннан-ақ мал және егін шаруашылығы «құстың қос қанатындай» қатар дамып келе жатқан іргелі округтің тұрғындары кейінгі жылдары заманауи шаруашылық пен кәсіпкерлікке бет бұрып отыр. Округ шаруалары ақ егістің және мал азығына қажетті көпжылдық шөптің, сонымен бірге мақсары дақылының көлемін ұлғайтуда.
Сонымен қатар аталған саланы дамытуда 2019 жылы «Роман», «Мұрат» шаруа қожалықтары қомақты қаражатқа «Нива эффект»(гидроход) комбайнын сатып алса, «Ислам» ШҚ «МТЗ-852» тракторын, «Ақтасты» ШҚ КаМАЗ көлігін, 2020 жылы «Жұмажан», «Дархан» және «Құлынбай» шаруа қожалықтары «Нива эффект»(гидроход) комбайнын, ал «Азамат» шаруашылығы лизингке «Беларусь-12-21» тракторын алған. Бұл шағын бір округ үшін үлкен көрсеткіш. Округте егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығы саласы да тұрақты даму үстінде. Округ тұрғындарының көпшілігінің негізгі кәсібі мен табыс көзі мал шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан саланы дамыту ерекше маңызға ие.
«Еңбектің көзін тапқан байлықтың өзін табады» демекші, округке қарасты Ақтасты ауылындағы маңдайалды шаруашылықтардың бірі саналатын «Рауан» шаруа қожалығының жұмысы көпке үлгі боларлықтай. Аталған шаруашылық 2000-шы жылдардың басында құрылған. Қожалық жұмысын отағасы Қыдырбай Нұрпейісовпен қатар балалары да ұйымдасып атқарып отыр.
Шаруасы шалқыған шаруа қожалықтың басшысы Қыдырбай ағаның алғашқы еңбек жолы Қошқарата ауылындағы бұрынғы ХХІ партсъезд атындағы колхоздан басталған. Ол осында 1990 жылдан бастап, ұжымшар тарағанша, шопан таяғын қолына алып қой бағады. Мұнда ол еңбекқорлығының арқасында Шопан ата төлінің басын көбейтуге мол үлес қосады. Басында саулық қой бақса, кейінгі жылдары тоқты бағады. Колхоздың малы болсын, мейлі өз малың болсын оны бағып, қарау оңай шаруа емес екені белгілі.
-Кәсіп болмай, нәсіп болмайтынын бұрынғы ата-бабаларымыз айтып кеткен. Әсіресе, ауылдағы ағайын үшін атакәсіптің орны бөлек. Өйткені кішкентайымыздан ауылда өскен соң осы атакәсіп жанымызға жақын. Атакәсіптің дамуы да біз сияқты мал баққан ауылдағы қарапайым еңбек адамдарына тікелей байланысты. Мен де алғашында колхозда трактор жүргіздім, кейіннен шофер болып еңбек еттім. 1990 жылдан шопан боп қой бақтым. Көпшілікке белгілі, Кеңес Одағы ыдыраған соң ауылдағы ұжымшар қайта құрылды. «Ақтасты» болып құрылған шаруашылықтан 2001 жылы бөлініп шығып, отбасымызбен өз алдымызға шаруа қожалығын құрған болатынбыз.
Өмірде еңбексіз, қиыншылықтың жетістікке жете алмайтының анық. Өмір қиыншылықтарын еңбекпен еңсерген жайымыз бар. Мал да бақтық, шөп те шаптық дегендей… Малшының күнделікті өмірі мал баққан қазақтың қай баласына да таныс. Құдай қосқан жарым Айман екеуміз ынтымақтасып тірлік жасап, еңбек майданында кездескен қиыншылықтардың барлығын бірге еңсеріп келеміз. Құдайға шүкір, отбасында адал перзенттер тәрбиелеп өсірдік. Алдымызда әлі де қыруар жұмыстар бар. Еңбек етіп, мал баққаннан жаман болған жоқпыз. Шаруа қожалықтың иелігінде 150 гектардай егістік жеріміз бар. Оған малдың азығына арпа, бидай, жоңышқа егіледі. Былтыр арпа, бидайдың әр гектарынан 20 центнердің үстінде өнім алдық,- дейді шаруашылық басшысы.
Қандай бір істі бастау үшін, шаруашылық жұмысын жүргізу үшін мемлекеттің қолдауы аса қажет-ақ. Алайда бұрыннан малдың жайын біліп, кәсіптің көзін тапқан бұл отбасы үлкен сомада несие алмай-ақ шаруашылық жұмысын өз күштерімен жүргізіп отыр. Тек осыдан төрт жыл бұрын лизинг жүйесімен «Белорусь-952» маркалы трактор сатып алған екен. Одан бөлек, жеңілдетілген пайызбен төрт миллион теңге несие алып, оған сауынды сиырлар сатып алған. Техникадан шөп тайлағыш, дән сепкіш, соқа, тырма, сондай-ақ, «ГАЗ-53» жүк көлігі бар. Былтыр өз қаражаттарына шөп оратын техника «Германка» сатып алыпты. Шаруашылық үшін малға жем-шөп дайындау жұмысы да аса маңызға ие екені белгілі. Шаруашылық мал азығын да өз күштерімен дайындайды. Қолда бар осы техникамен-ақ науқан кезінде жұмыссыз ауылдастарын көмекке шақырып, малдың қыстық азығын дайындап алады.
Қыдырбай ағаның негізгі мамандығы жүргізуші. Алайда өмір жолы оны атакәсіпке қарай бұрды. Бұл да тағдырдың сыйы шығар. Еңбек ете жүріп отбасын құрды. Бүгінде бұл жанұя Ақтасты ауылындағы үлгілі отбасылардың бірі саналады. «Алған жарың жақсы болса, мың бақыт» демекші, ол Айман Пернебаева екеуі екі ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлдары Рауан әжесінің бауырында еркелеп өссе де, кейіннен әке-шешесінің жәрдемшісі болып, бүгінде шаруашылықтың жұмысын дөңгелетіп алып кетті. Шаңыраққа қашанда ұл ие деген осы да. Ал кіші ұлы Рахат университетте білімгер. Қазір қашықтан білім алып, ауылдағы ата-анасына шаруашылық жұмысына қолғабыс тигізуде.
-«Ұл – қоныс, қыз – өріс» деп бабаларымыздың тегіннен тегін айтпағанына енді көз жеткізгендейміз. Екі ұлым да ауыл шаруашылығына бейім болып өсті. Оған әрине, ата-ана ретінде біздің берген тәрбиеміз оң әсер еткен шығар. Үкілеп, мәпелеп өсірген қырмызы қызғалдақтарымыз – Самал, Назым, Арай, Надиралар да өмірден өз орындарын, теңін тапты. Бүгінде бәрі өз мамандықтарымен жұмыс істейді. Ұл-қыздарымыздың барлығына жақсы тәлім-тәрбие беріп, жоғары білім әпердік. Ең бастысы, оларды еңбекке тәрбиеледік.
Мұның бәрі төл тәуелсіздігіміз бен еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің арқасы. Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өткелі отыр. Бұл жөнінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында кеңінен ой толғағаны бәрімізге белгілі. Алда елімізді бұдан да жарқын болашақ күтіп тұрғанына бек сенімдімін. Ары қарай да ұлттық құндылықтарды сақтап, халық болып төл тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіте түсуіміз керек. Тұрақтылық болса еліміз ары қарай өсіп, өркендей беретініне кәміл сенемін,- дейді Қыдырбай аға бізбен әңгімелесінде.
«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін» деп Әйтеке би бабамыз өсиет еткендей, бүгінде Қошқарата жайлауында 600-ге жуық ақтылы қой өргізіп, ірі қара мен жылқы малын бордақылаумен тұрақты айналысып келе жатқан «Рауан» шаруа қожалығы ауылдық округтегі қайырымдылық шараларынан да тыс қалып көрген емес. Үш адамды қысы-жазы тұрақты жұмыспен де қамтып отыр. Мұндай игілікті, қайырымды жұмыстар қашанда көпшілікке үлгі-өнеге.
Тәуелсіздік тұғырын еңбекпен есейіп, егемендіктің арқасында еңсе тіктеген, шаруашылығын шалқытып, іргесін берік ұстап отырған өнегелі, еңбекқор отбасылар ғана тұғырлы етпек…

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close