Basty bet
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен…»
дәрі-дәрмек таппай сенделген жұртты көргенде адамға осындай ой келеді екен
«Батпандап кірген ауру, мысқалдап шығады» немесе «Ауру кірді, әлек кірді» деп тектен-текке айтылмаса керек. Аты жаман ауру деп айтып жүргеніміздей, коронавирустық инфекция таралғалы бері әлем елдерінен маза қаша бастады. Шыны керек, әлем қазір дүрбелең. Ешкімге, ештеңеге де сеніп болмайды. Қазіргі таңда адамзат ақпарат тасқынының астында қалып отыр. Ақпараттың жылдам қарқынмен таралғаны соншалықты оның шынайылығына көз жеткізіп үлгере алмайсың. Індет жағдайында қандай да бір мәселе болсын, оның анық-қанығына, байыбына барып, шешім қабылдаған абзал болмақ.
Пандемияны ауыздықтауға мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданғанымен дерттің тоқтайтын түрі көрінбейді. Соңғы ақпараттарға қарағанда, Жамбыл облысында да қауіпті індетті жұқтырғандардың саны едәуір өскен. Осыған байланысты елімізде 7-19 шілде аралығында карантин режимі қайта күшіне енді. Карантиннің аты карантин. Енді не істемек керек? Сауда орындарының, қоғамдық көліктердің, басқа да белгілі қызметтердің жұмысына уақытша шектеу қойылды. Осы ретте аптаның орта тұсында аудан орталығындағы базарлар мен көтерме сауда орындарының жұмысына, азық-түлік және көкөніс бағасына зерделеу жасаған болатынбыз.
Сонымен зерделеу барысын «Жуалы – жер жәннаты» көкөніс базарынан бастадық. Сөреде көкөніс пен жеміс-жидектер самсап тұр. Ондағы саудагерлермен тілдестік. Аты-жөнін атап жазбауымызды өтінген саудагер әйел карантинге байланысты аптаның дүйсенбі, сейсенбі күндері көкөніс базарының жабық болғанын айтты. Базар тиісінше, сәрсенбі күні таңертең ашылған екен. Ол көкөністердің облыс орталығындағы «Ауыл береке» базарынан жеткізіліп жатқанын, тауарлардың жеткілікті екенін айтады. Атап айтар болсақ, мұнда тұрғындар күнделікті көп тұтынатын картоп 180, пияз 100, сәбіз 150, қызанақ пен қияр 200, болгар бұрышы мен баклажан 300, өрік 500, қырыққабаттың келісі 150, сондай-ақ, лимон мен сарымсақтың әр келісі 800 бен 1000 теңгенің аралығында саудаланып жатқанына көз жеткіздік. Мұндағы сауда жасаушылар карантин талаптарына сәйкес таңертең сағат 07-00-ден 15-00-ге жұмыс жасайды.
Келесі кезекте «Алтын ұн» ұн және жем сататын дүкенге бас сұқтық. Дүкеннің иесі, жеке кәсіпкер Оңласын Бүтінбаев жоғары сұрыпты ұнның 50 келі тартатын бір қабы 7000 мен 8000 теңгенің аралығында сатылатынын тілге тиек етті.
-Менің ұн саудасымен айналысып келе жатқаныма 20 жылдың жүзі болды. Мұнда көбінесе сапалы бидайдан дайындалған жоғары сұрыпты ұн сатылады. Тауарлар негізінен Қарағанды, Қостанай облыстарынан, сонымен қатар, Тараз қаласындағы «Ақсарай» диірменінен жеткізіледі. Қазіргі таңда ұн өнімдеріне тұрғындардың көптеп сұраныс беруіне байланысты тауарлардың қоры тұрақты жасалып отырады. Мәселен, қазір қоймада 40 тоннаға жуық жоғары сұрыпты ұн, 30 тонна кебек, 20 тоннаға жуық жем, қант сақтаулы тұр. Ал бағасына келер болсам, әр тауардың бағасы да әртүрлі. Тұрғындар керекті тауарларын алып жатыр. Тараздан шығарылатын құмшекердің келісі 200 теңгеден, сонда 25 келілік бір қап құмшекердің құны 5000 теңге.
Дәл қазіргі мынадай күрделі кезеңде кәсіпкерлерге қолдау қажет деп есептеймін. Мысалы айтар болсақ, халық ең бірінші кезекте ұнды көп тұтынады. Онсыз болмайды. Ұнға Үкімет тарапынан субсидия берілсе дейміз. Мемлекет кәсіпкерлердің көбісінің жоғары пайыздық несиеде отырғанын ескерсе екен. Әлбетте, жоғары бағамен жеткізілетін азық-түлік тауарларына қол жеткізу халыққа да оңай тимейтіні анық.
Ауданда егін орағы да басталып қалды. Қазірдің өзінде біз жергілікті шаруалардан арпаны 60, бидайды 85 теңгеден қабылдап алып жатырмыз. Бұл да қарапайым халыққа қолжетімсіз. Одан бөлек, аудан орталығында кішігірім базарлар салынуда. Бірақ сауда жасаушылар мен тұтынушыларға арналып бұл аймақта әжетхана қарастырылмаған. Ауданымыздың тиісті бөлімдері осы мәселеге де дер кезінде мән берсе деген тілегіміз бар,- дейді Оңласын Баймолдаұлы.
Зерделеу барысында ірі азық-түлік дүкендеріне кіріп, бағаның біршама өскенін байқадық. Дүкендердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты болғанымен тиісінше, өсімдік майы, шәй, шұжықтың аздап қымбаттағаны белгілі болды. Мұны дүкен сатушылары айтып отыр. Енді азық-түліктің мәселесінен дәрі-дәрмек мәселесіне қарай ойысайық.
Соңғы екі аптаның ішінде халықтың арасында белгісіз тұмаудың белсенді жүріп жатқаны белгілі. Тұрғындардың айтатыны: «Ауырып жатырмыз, тіпті отбасы мүшелерінің барлығы тұмауратып ауыруда. Емделейін десек, дәріханаларда дәрі тапшы. Болса да бағасы өте қымбат» деген орынды уәждерді көп еститін болдық. Сонымен мұның мәнісін білу үшін «Қасым-Фарм» деп аталатын дәріханалар желісіне қарасты дәріханаға бас сұқтық. Кірген мезетте Бағдат Жолдасбекова есімді тұтынушы бізге өз шағымын ашық жеткізді.
-Өзім Шыңбұлақ ауылында тұратын көпбалалы анамын. Керекті дәрілерді іздеп қазір ғана төртінші дәріханаға келіп кезекте тұрмын. Отбасымызбен тұмауратып жатырмыз. Үйде 76 жастағы апамыз бар. Ол кісінің де аяқ-қолы қақсап, әлсіреп ауыруда. Антибиотик дәрілердің бағасы өте қымбат. Төрт-бес түрлі дәрі алу үшін бас-аяғы 14 мың теңге шығындадым. Тапқан табысымызды азық-түлікке жұмсаймыз ба әлде аурумен күресуге жұмсаймыз ба, өзіміз түсінбей қалдық,- дейді ол.
Тұтынушылардың дәріхана басшыларына қаратып айтып жатқан уәждері өте орынды. Қазір дәріханаларда бірінші қажеттіліктегі ең көп тұтынылатын дәрілер өте тапшы. Оның үстіне қазір пандемия қатты дендеп тұр. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, бір жағынан қалың жұртшылықты аты жаман індет өз құрсауына алып жатса, бір жағынан азық-түлік пен дәрі-дәрмектердің бағасының шарықтап кетуі «жығылғанның үстіне жұдырық» болып тұр. Дәл осындай карантин жағдайында бағаның да құбылып шыға келетініне таңқалмасқа амалың жоқ. Әйтеуір адамдарға сана мен нысап, сабыр мен төзім берсе екен дейсің…
Аудан тұрғындарының назарына саларлық тағы бір мәселе, екі апта мерзімге жарияланған карантинге байланысты қалааралық қоғамдық көліктердің де қызметіне шектеу қойылып отыр. Аудан орталығында жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктердің де қарасы көрінбейді. Мұндайда такси жүргізушілерінің «айы оңынан туатыны» тағы белгілі. Халықты ары-бері тасып нәпақа тауып жүргеннен кейін олар да қарапайым тұрғындардың жағдайымен санасса нұр үстіне нұр болмақ!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ