Basty bet
Алатаудың етегінде бір ауыл бар …
Қызыларық ауылдық округі ауданның күнгей бетінде орналасқан. Ол ресми түрде 2002 жылы Ақтөбе ауылдық округінен Ақтөбе, Сұрым, Теріс-Ащыбұлақ ауылдарын, Бурнооктябрь ауылдық округінен Алатау, Қызыларық ауылдарын бөліп, жаңадан құрылатын әкімшілік-аумақтық бірлікке қосу арқылы жасақталған. Округ солтүстік-батысында Нұрлыкент, теріскейінде Қызыларық, оңтүстік-батысында Мыңбұлақ, шығысында Ақтөбе ауылдық округтерімен, түстігінде Қырғыз Республикасымен шектеседі. Шекаралық аймақта қоныс тепкен ауылдық округтің орталығы Қызыларық ауылы аудан орталығынан 22 шақырым қашықтықта орналасқан.
Ауылдық округ әкімі аппаратының статистикалық мәліметтеріне қарағанда, аймақтың 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері былайша көрініс тапқан: жер көлемі – 16,0 мың гектар, жерінің басым бөлігін, 8,9 мың гектарын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер құрайды, соның ішінде 6,1 мың гектары – егістік жерлер.
Округтің құрамындағы Ақтөбе, Алатау, Қызыларық, Сұрым және Теріс-Ащыбұлақ елді мекендерінде 2 485 адамы бар 415 отбасы тұрады.
Аймақта сүт бағытындағы бір ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, 120 шаруа қожалығы, 30 жеке кәсіпкер тіркелген. Диқандар барлығы 707 гектар бидай, 1 727 гектар арпа, 120 гектар дәндік жүгері, 476 гектар картоп, 61 гектар көкөніс, 1 510 гектар майлы дақылдар отырғызып, алқаптардың өнімдері шашау шығарылмай, дер кезінде жинап алу жоспарланып отыр.
Ауылдық округке қарасты елді мекендер аудан орталығымен қоғамдық көлік қатынасымен қамтылмаған,тұрғындар жекеменшік көлік иелерінің қызметіне жүгінеді.
Округ аумағында үш орта, бір бастауыш мектеп, үш балабақша, бір ауылдық клуб, екі кітапхана, үш мешіт жұмыс істейді, жергілікті халық екі медпункттің, бір фельдшерлік пункттің, бір почта байланысы бөлімшесінің қызметін пайдаланады.
Өңірдегі құрылыс саласында соңғы жылдары едәуір ілгерілеуге қол жеткізілген. 2018 жылы Қызыларық ауылында 150 оқушыға арналған Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің құрылысы толығымен аяқталып, жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілуі. Заманауи үлгімен тұрғызылған келісті мектеп ғимараты ауылдың ажарына ажар қосып тұр. Мұнда білім алушыларға барынша қолайлы, жайлы жағдай жасалған. Одан бөлек, соңғы кездері аймақта жеке тұрғын үй салушылардың есебінен тұрғын үйлерді іске қосу көрсеткіші артып келеді. Округке қарасты елдімекендерде ауласын, қора-қопсысын көркейтіп, баспанасын жаңғыртып жатқан тұрғындардың үлесі басым. Бұл халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасының артқанын көрсетеді.
Жалпы, қызыларықтықтар дәмі тіл үйіретін, көздің жауын алар көрікті қызылды-жасылды алмасымен, баданадай ақ картобымен, алтын масақты бидайымен мақтанады. Аудандағы бүкіл алма бауының басым бөлігі осы ауылдық округтің еншісінде. Бүгінде мұнда алма өсірумен төрт шаруа қожалығы шұғылдануда, олардың иелігінде 90 гектар бау бар. Тек бір ғана «Дархан» шаруа қожалығына тиесілі бау 70 гектарды құрайды.
Бағбандар алманың бәсекеге қабілетті, ішкі нарықта сұранысқа ие, таулы аймаққа жақсы жерсінетін «Золотой превосход», «Айдоред», «Голден делишес» және т.т. заманауи сұрыптарын күтіп-баптауда. Алма бауларынан жылда тәуір өнім алып жүр. Ауылдық округте өсіріп-бапталған алмалардың өңірдегі азық-түлік бағасын реттеуде, тұрақтандыруда маңызы зор. «Дархан» ШҚ өнімдерінің тез бұзылатын бөлігін көршілес Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы жеміс-көкөніс зауытына өткеріп, бір бөлігін өз теңгеріміндегі 40 тонналық жертөледе сақтауда.
Ақ басты Алатаудың қойнауына сұғына енген Көксай тау шатқалы Қызыларық ауылдық округінің аумағында орналасқан. Бұл шатқалдың табиғаты мен жерінің орналасуы жағынан Алматының төңірегіндегі әйгілі Шарын шатқалына ұқсастығымен ерекшеленеді. Ол тек ауылдық округтің ғана емес, ауданның, облыстың көрікті жерлерінің біріне жатады. Табиғат бар әсемдігін жиып-теріп, әлдебір мүсіншінің қолымен осы қойнауға әкеп еппен қондыра салғандай. Шатқалдың көркем келбетіне әрі-бері өткен жан сұқтанып, таңдайын қақпай қоймайды. Адамға да, жан-жануарға да жайлы осынау саялы мекен жаз шыға, аудан аумағын былай қойғанда, алыс-жақыннан тыныстап кетуге келетіндердің демалыс орнына айналады. Төңіректің бәрі масатыдай құлпырып, иненің көзінен өткендей хас сұлудың кейпіне енеді.
Қысқасы, Көксай шатқалы туризмді дамытуға сұранып тұрған аймақ. Осыны мықтап ескерген Алатау ауылындағы «Алатау» шаруа қожалығы шатқал маңынан жерді ұзақ мерзімге жалға алып, онда демалыс және спорт объектілерін салуға ынта білдіріп отыр.
Тауында қарағайдың, самырсынның, шырша мен аршаның, қайыңның көптеген түрлері өседі, жұпар ауасы тыныстағанның тынысын кеңейтіп, танауын жарады. Бөктерінде жабайы аңдар тіршілік етеді, ал етегі мен жазығында шіл, кекілік, қырғауыл, бұлдырық секілді құстар жайшылықта жолай ұшырасқан аттылы-жаяулы адамның алдын кес-кестеп, жорғалап жүреді. Сайдың табанында арқырап ағып жатқан суының ағынына кез келген аттылы адам дес бере алмайды. Судың суық болғаны сондай, жаздың аптап ыстығында төбеңнен құйғанда, миыңнан өтіп, тұла бойың мен құйқаңды шымырлатып жібереді. Тіптен бәсқұмар адамның өзі суға түскенде бір минөттен артық шыдай алмайды.
Ауданның күнгей бөлігіндегі егіс алқаптарын суландырып жатқан аты әйгілі Көксай су арнасы осы қойнаудан бастау алады. Арнаның суы бүгінде мемлекеттік деңгейде стратегиялық маңызға ие. Бұрнағы жылдары жаз бойы диқандардың бас ауруына айналатын ағынсу проблемасы мемлекеттің орасан зор қаржылай қолдауымен Көксай арнасын Қырғыз Республикасының аумағынан бері қарай бұру арқылы шешімін тапты. Көксайдың сағасында отырған диқан қауым ағын судан енді таршылық көрмейтіні анық.
Көксай суының әлеуетін толық пайдалану мақсатында аңғардың бергі аузынан жергілікті мәндегі су электр станциясы салынуда. Бүгінде шағын су электр станциясының ғимараты тұрғызылып, электр тарату бағандары тартылып жатыр. Ертең іске қосылса, ауданның бір бөлігін электр қуатымен қамтамасыз етеді.
«Ауылын көріп, азаматын таны» деген халық мәтелін екіұдай мағынада қолдануға болады. Көрікті, ажарлы ауылды көргенде, айызың қанып, басшысы мен азаматтарына алғыс айтасың, ал керісінше, сүреңсіз, көшелері қиқы-жиқы, бей-берекет, кір-қоңыс пен қоқысқа батқан ажарсыз ауылдарды көргенде жиырылып, іштен тыжырына қаласың. Қызыларық ауылдық округіндегі елдімекендерді аралағанда алдыңғы күйді көбірек бастан кешіретініңіз анық.
Бауыржан Момышұлы-Бәйтерек бағытындағы автожолдың бойындағы әскери бөлімнің тұсында ауылдық округтің атауы мен паспорттық деректері жазылған темір қалқанша жазылған арка орнату жұмыстары жүріп жатыр.
Осы жолдың бойында Сұрым ауылының тұсында қатарлай салынған, кезінде әскери кеңшардың көкөніс қоймалары болған жертөлелер бар болатын. Шаруашылық ыдырап, бей-берекет кезең орнағанда, жертөлелер бұзылып, астаң-кестеңі шықты. Биыл Жуалы аудандық жер қатынастары бөліміне азық-түлік немесе картоп қоймасы етіп қайта қалпына келтіру үшін заң талаптарына сәйкес конкурсқа ұсынылды. Жеңімпаздар анықталған жағдайда қаңырап, ырсиып қалған қаңқалары қалпына келтіріліп, ел игілігіне жарар деген үміттеміз.
Қызыларық ауылындағы орталық ұзын көшенің бойына түскенде, бір керемет жағымды әсерде боласың. Ауыл көшесінде тіршілікке қажетті инфрақұрылымның бәрі бар: тақтайдай тегіс жол, қатар тартылған газ, су құбырлары, жарық, байланыс желілері бағандары. Халықтың өркениетті, бақуатты өмір сүруіне бұдан артық не қажет? Айналысатын тұрақты жұмысы бар болса, дені сау, баспанасы тұрмысқа жайлы болса, нағыз бақыт дегеніміз осы емес пе?!
Қызыларық ауылының халқы таза ауызсу мен көгілдір отынды бірнеше жылдан бері пайдаланып келеді. Жол демекші, ауылдық округ аумағынан өтіп жатқан облыстық мәндегі Теріс-Бәйтерек тасжолы былтырдан бері екі кезеңмен күрделі жөндеуден өтті. Одан бөлек, Ақтөбе ауылындағы екі көшеге, Талапты-Бауыржан Момышұлы шекара заставасы аралығындағы қара жолға асфальт жамылғысы төселген, көшелер жарықтандырылған. Алатау, Теріс-Ащыбұлақ, Сұрым ауылдарына таза ауызсу жүйесін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бір олқы соғып тұрған тұсы, округ орталығында мәдениет ошағының және күрделі спорт ғимаратының жоқтығы. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін ауыл билігі Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің босап қалған ғимаратының бір бөлігінен аула клубын не өнер мектебін ашу туралы ұсыныспен аудан басшылығына және тиісті органдарға жүгінген болатын. Құжаттары рәсімделіп, мемлекеттік тіркеуге ұсынылу үстінде. Құжаттарды рәсімдеу жұмыстары аяқталған бетте ескі мектептің бір бөлігінен мәдениет үйін ашу жоспарланып отыр. Ал бір бөлігінде бокс үйірмесі жүргізіліп отыр.
Қызыларық ауылдық округіне осы ауылда туып-өскен Марат Қасымбеков әкім болып келді. Бұған дейін аудандағы бірқатар ауылдық округтер мен мекемелерді басқарған Марат Сайлауұлы жергілікті жердің жағдайын жетік біледі, халықтың осал топтарының, қарттардың әлеуметтік тұрмысы мен мұң-мұқтажын жақсы түсінеді. Жергілікті қоғамдастықтың, ардагерлер кеңесінің мүшелерімен, округтегі сайланбалы органдардың өкілдерімен ұдайы кеңесе ақылдаса отырып, жүргізуді жұмыс тәжірибесіне айналдырған. Жергілікті мемлекеттік атқарушы органдардың жұмыс алгоритміне сай ауылдарда айтылған сын-ескертпелерді дұрыс қабылдайды, оларды түзету шараларын дер кезінде қолданады.
Білікті басшы қарамағындағы қызметкерлердің кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отыруды тұрақты бақылауға алған, оларды кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заман талабы үдесінен көріну жолында ортақ іске жұмылдырып келеді.
Ауылдық округте көптен бері көтеріліп келе жатқан проблемалардың бірі ағын судың жетіспеушілігі. Себебі, тұтынушылар Көксай су арнасының суын толық пайдалана алмай отыр. Оған себеп, арнадан алқаптарға тарайтын арықтардың сапасы сын көтермейді. Табанын ұйық пен шөп-шалам басқан су жүйелерінің бойында ағын су іркілуі салдарынан дақылдардың нағыз сусаған мезгілінде су діттеген жеріне дер кезінде әрі толық көлемде жетпейді.
– Осы проблемаларды шешу мақсатында, каналдарды іске қосу бойынша құқық беретін құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп, Көксай каналынан келетін бес каналды теңгерімге алу мақсатында округ аумағындағы жалпы «Көксай» каналынан келетін бес ішкі шаруашылық каналға мемлекеттік жер актісі жасалды. Бюджетке сұраныс жасалып, қолдау тапса округ әкімінің меншігіне алынатын болады, – дейді ауылдық округ әкімі Марат Қасымбеков.