Basty bet
Бала – бақыт, бала – шаттық, бала – нұр
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай аудан орталығында «Әрқашан күн сөнбесін!» атты мерекелік іс-шара өтті
«Бақытты басқадан іздеме, баладан ізде» – дейді дана халқымыз. Өмірдің жалғасы, елдің ертеңі, көз қуанышымыз балалардың жарқын күлкісінің өзі әлемді нұрландырып жібереді. Мереке күні орталық алаң көз тартарлықтай етіп әсем безендірілді.
Мерекеге жиналған балалар үшін түрлі тақырыпта түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, орталық алаңда №1 Балалар өнер мектебі мен аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен «Бұл – менің әлемім!» асфальтқа және мольбертке сурет салу байқауы өтті.
Ал, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Балалық шақ» атты кітап көрмесін және «Ертегілер еліне саяхат» бағдарламасын ұйымдастырды.
Сонымен қатар, «Балалардың қызықты ойындары» тақырыбында балаларға арналған спорттық ойындар да өтіп жатты.
Шарада ертегі кейіпкерлері кішкентай бүлдіршіндерді флешмоб билетіп, балалармен сергіту сәтін өткізді.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза балаларды мерекемен құттықтап, игі тілегін жеткізді.
Концерт барысында №1, №5 “Балдырған”, «Аягүл», «Шапағат», «Мөлдір бұлақ» бөбекжай-балабақшасы мен «Еркемай», «Әсем достар» жеке меншік балабақшаның бүлдіршіндері де өз өнерлерін көрсетті.
Әрі қарай шара аудандық білім бөлімінің ұйымдастырумен «Ән шуақ» қазақ тіліндегі балалар әндерінің республикалық фестивалінің гала-концертімен жалғасты.
Сондай-ақ, “Достық” мәдениет үйінің кіші залында аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік қызмет көрсету құрылымдық бөлімшесінің ұйымдастыруымен үйде арнаулы қызмет көрсету есебінде тұратын мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық және мерекелік шара өткізілді. Балалардың көңіл-күйін көтеру, қоғаммен қарым-қатынас жасауға тарту мақсатында өткізілген шараға 34 бала қамтылды.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды аудан әкімі Жалғас Мұртаза құттықтап, сыйлықтар тапсырды.
Балалардың ата-аналары бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлағаны үшін бөлім қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Іс-шара соңында орталық алаңда ұйымдастырылған сурет салу байқауының жеңімпаздары марапатталып, үздік өнерімен көзге түскен балаларға бағалы сыйлықтар табысталды.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»