Basty bet

МЕН ҚАЛАЙ «БОСТАНДЫҚ» АЛДЫМ?

Бар мақсатты жақсылыққа арнаған,
Армандаудан жалықпадық, талмадық.
Көрген жоқпыз арамдықпен жан бағып,
Екеуміз де сөз өнерін таңдадық.
Бектұрсын Тұрлыбек

Менің тете өскен Бектан есімді жалғыз ағамның шын аты Бектұрсын. Әкем мен анамның айтуы бойынша, көптен перзенттері болмай Бектұрсын құдайдан жалынып-жалбарынып жүріп сұрап алған бала. Сондықтан да, біздің үйде ағамның үстіне ешкім шыбын қондырмайды, оның айтқаны – заң, айтқанына көнеміз, айдағанына жүреміз.
Тете інісі болған соң, қорлық, зорлық атаулыны көретін баяғы мен. Іштей қалап тұрмасам да, оның ескі киімдерін киемін. Үйдің еркесі болған соң, әкем базардан сатып әкелген киімді Бектан қалай болса солай киеді, әсіресе, сол кезде таптыра бермейтін бәтеңкенің өкшесін қисайтып, берекесін кетіреді.
– Бектан, – деймін мен оған жалына сөйлеп, аяғыңдағы бәтеңкеңді қисайтып кимеші, оны сенен кейін мен киемін ғой!
Әй, дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ ағатайым менің сөзімді құлағына да қыстырмайды, аяқ киімін одан бетер қисайтып, бір айдан соң: «Әй, малайым, мә, мынаны ки!» – деп лақтырып кеп жібереді. «Құлдың» қолынан не келеді, қарсыласуға болмайды, қисайып әбден бітуге айналған бәтеңкенің өкшесін қалпына келтіріп, майлап, аяғыма киіп аламын.
Небәрі қырық шақты үйі бар шағын ауылдағы балалардың атаманы да – Бектан. Өзінің шығармайтыны жоқ, атаманның бұйрығы бойынша, өз үйлерімізден апаларымыз жинап қойған құрт-ірімшіктерді ұрлаймыз. Күз болса, кезек-кезек өз бау-бақшаларымызға ұрлыққа түсіп, алма-өрік, қауын-қарбыз жейміз. Сұрағанымызды әке-шешелеріміз бермейді емес, береді, бірақ ұрлап жеген – тәтті.
Асық, ләңгі, футбол ойнауды да ұйымдастыратын Бектан ағам. Бұл ойындардан әбден жалыққан кезде бала біткен Төлбай жәкемнің ауылдағы жалғыз шатырлы үйінің жанында «кино» көреміз. Жайсан, Өлмес, Момынхан қолдарына кішкентай айналарын алып, күннің шағылысқан сәулесін үйдің көлеңкелі қабырғасына түсіріп, әрі-бері қуып, бала біткен көретін «киномыз» осы. «Кино» басталардың алдында мен міндетті түрде «мотор» болып дырылдаймын. Қашанғы дырылдап, екі бетім бүлк-бүлк етіп, «мотор» бола берейін, кейде болмаймын деп қиқаңдаймын.
– Әй, Котовксий, – дейді Бектан атаман тақыр басымнан бір шертіп – ауылға анда-санда келетін киношы ағай моторсыз кино көрсете ала ма? Көп қиқаңдама, мотор боласың!
Атаманның айтқанына көнбей қайда барасың, тағы да мотор болуға тура келеді.
Ауылдың аңқау балалары ол кезде реформа болып, ақшаның ауысып тұратындығын қайдан білсін. Ол кездерде бүгінгідей қаптап кеткен мейрамдар өте аз болатын. Оның есесіне Ынтымақ және Бейбітшілік мерекесі – 1 май мен Октябрь мерекесі – 7 ноябрьді қызыл туды алаулатып, айқай салып ұрандатып өткізуші едік. Осы мерекені Бектан екеуміз асыға күтеміз. Өйткені, әкем ағам екеумізге міндетті түрде әрқайсымызға үш сомнан беретін. Ол кезде үш сом дегенің мектеп оқушысы үшін үлкен байлық. Колхоз орталығындағы азық-түлік дүкеніне барып, пряник, кәмпит, лимонад алып, қарық болып қаласың.
1 – май мерекесін асыға күтіп жүрген бір күні Бектан маған тамаша бір ой айтты.
– Доқтырхан, – деді ол маған қулана қарап. – Сен 1949 жылы туғаныңды білесің бе?
– Иә, апам сөйдейді ғой.
– Ал, мен 1947 жылы туғанмын, – деді Бектан маған жақындай түсіп. – Мейрам күні тәтем екеумізге ақша береді емес пе, егер шыққан ақша 1949 жылғы болса мен саған беремін, ал, 1947 жылғы болып жатса маған бересің. Бұған қалай қарайсың?
Әкем беретін ақшаны мен түгел алатындай болып, келісе кеттім. Сағызша созылған мейрам да жетіп, тәтем екеумізге көптен күтіп жүрген ақшаны берді. Жап-жаңа үш сомдық қолымызға тиісімен, асыға-аптыға шыққан жылына қарадық. Менің де, Бектанның да ақшасы 1947 жылы шыққан болып шықты. Қолыма әрең түскен үш сомдықты қимай тұрсам да ағама бердім. Уәденің аты – уәде. Осы мерекеде орталықтағы дүкенге жүгіргенім жоқ, пряник, кәмпиттен қағылдым. Ендігі бар үмітім – 7 ноябрь мейрамы болатын. Бұл мейрам да жетті-ау! Тәтем ескі әдеті бойынша Бектан екеумізге ақша ұсынды. Бұл жолы да ағамның жолы болып, көрші ауылдағы дүкенге тұра жүгірді. Келесі жылы болатын май меркесін асыға күттім. Өкінішке орай, әкем берген екі-үш сомдық та 1947 жылы басылған болып шықты. Осымен үшінші рет мерекедегі бар қызықтан қағылып, үйдің жанындағы үлкен ағаштың жанында көңілсіз отыр едім, біреу арқамнан қақты. Жалт қарасам, Жамбыл қаласында оқитын Оңалбек көкем екен. Орнымнан тұрып, көңілсіз сәлем бердім.
– О, батыр, бұл не отырыс, бүгін мейрам емес пе? Бала біткен Петровкаға қарай жүгіріп барады. Саған не болған?
– Ақшам жоқ, – дедім міңгірлеп.
– Тұрлыбек жәкем саған ақша бермеді ме? – деді Оңалбек көкем жаныма отырып жатып.
– Тәтем беруін берді, бірақ, ол ақшаны мен уәде бойынша Бектанға ұсындым.
– Қандай уәде? – деді көкем таң қалып.
Мен болған жағдайды тәмпіштеп айтып берген кезде Оңалбектің ішек-сілесі қатып күліп, отырған орнынан құлап қала жаздады.
– Бектан сені аузыңды аңқитып, алдап жүр екен, – деді ол күлкісін әрең тиып, – Қожанасыр інім-ау, ақша деген жылда шыға бермейді. 1947 жылы шыққан ақшаның енді қашан ауысатындығын бір құдайдың өзі ғана біледі. Тез жүгір, Бектан үш сомыңды құртпай тұрғанда қайтарып ал.
– Ой, өтірікші! Саған алданғанды көрсетемін! – деп колхоз орталығына қарай тұра жүгірдім…
Небәрі қырық шақты шаңырағы бар кішкентай елді мекенде бірде-бір орыс тұрмаса да, ауылымыздың аты орысша – Красный пахарь. Шақпақ өзенінің жағасына орналасқан ауылда біз қатарлы оншақты бала бар, бәріміз бір-бірімізге жақын туыс болып келеміз. Бірақ, бала-балалығын қоя ма, кейде болмашы нәрсеге қораздарша шоқысып қалатынымыз бар. Балалардың ішіндегі ең күштісі – Өлмес. Бектан атаман көп жағдайда сонымен шатасып, төбелесе кетеді. Бойы қортық болса да, қарулы Өлмес оған көне қоймай, басымдылық танытып бара жатса, «соғысқа» мен де білек сыбана кірісіп кетемін. Сөйтіп, Өлместі ағайынды екеуміз жабылып жатып, төпеп тастаймыз.
Туған ағаң атаман болған соң қиын екен, маған үйде де тыныштық бермейді. Әкем мен апам жоқ болса, мені үйдің ауыр жұмысына салып қойып, өзі шырт түкіріп жатады. Бұл «құлдыққа» қашанғы шыдаймын, кейде қарсылық көрсетуге тура келеді, бірақ, Бектан үлкендігін көрсетіп, мені майлы құйрықтан тебетіні бар.
– Бектан, – деймін мұндайда ызаланып, – қарап тұр, сен ертең-ақ Өлмеспен төбелесесің. Бұдан былай саған болыссам, көзім шықсын. Өлмес сені өлтіре сабап жатса да, саусағымды қимылдатпаймын, соны біліп қой! Бірақ, бауырдың аты бауыр емес пе, айтқан сөзімді сол күні-ақ ұмытып кетемін. Бектан мен Өлмес ескі әдеттері бойынша болмашы нәрсеге келісе алмай, төбелесе кетсе, жұдырығымды түйіп, ағама жақтаса кеткенімді өзім де аңғармай қаламын. Ал, атаман ағам болса, бұл жақсылығымды ертесіне-ақ ұмытып, мені қайтадан «құлдыққа» салып қояды. Малдың тезегін мен тазалаймын, үйдің ауласын да мен сыпырамын. Ауылдың шетіндегі бастаудан су әкелетін де баяғы малай Доқтырхан.
Бірде үйдегі сиыр мен биенің жас тезегін тазартып жатыр едім, жаныма Оңалбек көкем келді. Қолында үлкен газет. Мені жанына шақырып, газеттің бірінші бетіне жарияланған суретті көрсетті. Қап-қара шойындай негр қолындағы кісенді быт-шыт етіп үзіп, қайсарлана қарайды. Әлгі суреттің астына үлкен әріптермен «Бостандық жасасын!» деген сөз жазылыпты.
– Доқтырхан, – деді немере ағам – көрдің бе, негрлер де бостандық алып жатыр. Сен мына Бектанға қашанғы құл болмақсың? Малайлықтың қамытын қашанғы киіп жүре бермексің?
– Кімнің құлдықтан құтылғысы келмейді ғой дейсің. Бірақ, Бектанға күшім жетпейді, кит етсем, сабап тастайды, – дедім қолыма қайтадан күрегімді алып.
– Мен ауылда бір айға жуық боламын. Егер қаласаң, саған төбелесуді үйретемін, бокс дегеннің не екенін білесің бе? – деді Оңалбек көкем газетін жинап жатып.
– Білемін, – дедім көңілсіз.
– Білсең, ертеңнен бастап шарбақтың артына кел. Жаттығуға кірісеміз. Бостандық алатын кез келді.
Үйдің жұмысынан қолым қалт етіп босай қалса, Төлбай жәкемнің үйінің артындағы шарбаққа қарай жүгіремін. Жарты айға жуық ішінде бокстің не екендігін кәдімгідей біліп қалдым. Қолыма қолғап киіп алып, Оңалбек көкемнің командасымен құм салынған қапшықты соққылаймын, секіремін, жүгіремін. Көкем екеуміз бокстасып, ұрымтал жерден соғудың небір тәсілдерін үйрендім. «Құлдықтан» бостандық алу үшін керек болып қалар деп студент туысқаным кәдімгі жабайы төбелестің бірнеше ұтымды айла-тәсілдерін үйретті.
– Бостандық алуыңа осы да жетеді, – деді Оңалбек көкем қалаға жүрер алдында, «құлдықтан» құтылам деп жүріп, Бектанды нокаутқа жіберіп жүрме, нокдаун да жетіп жатыр.
«Іздегенге сұраған» демекші, ертесіне атаман ағам айтқан тапсырмасын орындамағаным үшін, анығын айтқанда, жұмыстан оралатын әкем мен шешеме сары самаурынға шай қоймағаным үшін мені біраз төмпештеп алды. Мен қорғанысқа көштім. Өмірінде қарсылық көрмеген ағам жұдырығын ала жүгірді. Күнде рингке шығып жүрген боксерша «стойка» жасап, қарсыласымның иегінің астынан қатарынан екі қатты соққы жасадым. Жаңа ғана қоразданып тұрған Бектанның екі аяғы аспаннан келіп, өзі де құлады, су құйылған сары самаурын да құлап түсті. Ішімнен онға дейін санадым, Бектан орнынан тұрмады, бокс тілімен айтқанда нокаутқа кетті. Ол сәлден соң есін жинап, орнынан кирелеңдеп тұрып жатты. Қарсы жүріп жанына бардым.
– Ал, енді қанша ұрыссаң да өз еркің. Баяғы қоразданып тұратын ағам жоқ, жүні жығылып, кәдімгідей жасқанып қалыпты. «Мынаны жын ұрып кеткеннен сау ма?» дегендей, маған таңдана қарап қалыпты.
– Сен бұлаққа барып су әкел, ал, мен самаурын қайнататын, отын жарайын, тәтем мен апамның жұмыстан келетін уақыты болып қалды, тез қимылдайық.
Мен де Бектанға таңдана қарап қалыппын. Баяғы бұйыра сөйлеп, қоқаңдайтын ағам жоқ, дауысы біртүрлі бәсең. Қатты қол жұмсағаныма іштей өкініп, аяп кеттім. Сөзге келмей, екі шелекті қолыма алып, ауылдың шетіндегі бастауға қарай зыта жөнелдім.
Осы оқиғадан соң Бектан маған бекерден-бекер соқтықпайтын болды. Сол жылы бойым сорайып өсіп кетіп, ағамның ескі киімдері маған сыймай қалды… Күзге қарай әкем аудан орталығы – Бурное селосына алып барып, өмірімде бірінші рет судай жаңа костюм мен қара сүліктей әдемі бәтеңке сатып алып берді.
Осы кезде Бектан 15-ке, мен 13 жасқа толып, балалықпен мәңгілік қоштастық.
…Ұмытпасам, 1993 жылдың күзі болатын. Ол кезде Қазақ теледидары Бас директорының бірінші орынбасары болып қызмет атқарамын. Туған ағам Бектұрсын Тұрлыбек те Қазақ радиосының әлеуметтік зерттеу бөлімінде бас маман. Бектанның бір-екі кітабы шығып, ақын ретінде танылып қалған шағы. Журналистика мен жазушылықтың қос тізгінін қатар ұстап, менің де тасым жоғары дөңгелеп тұрған кезім. Ақын ғой, анда-санда ептеп жүз грамдатып алғанда, Бектұрсын сонау алыстап кеткен балалық шақтан сөйлейді. Бұл мені өзінше жақсы көргені, мақтан тұтқаны, арқа тұтқаны. Сау кезінде Бектаннан асқан момын жан жоқ.
Бірде жұмыс уақытының аяқталуына жақын қалғанда, жанына екі-үш таныс ақынды ерткен Бектұрсын кабинетіме баса-көктеп кіріп келді. Басқа біреу болса, ай-шай жоқ, кабинеттен қуып шығар едім, қанша дегенмен жалғыз ағам ғой, сондықтан да, оған кешіріммен қарамасқа шамам жоқ.
Бұл жолы да орнымнан ұшып тұрып, Бектұрсынмен және оның жолдастарымен жылы амандастым, хатшы қызды шақыртып, ыстық шай алдырдым.
– Көрдіңдер ме, – дейді Бектұрсын – інім менің алдымда құрдай жорғалайды. Әй, Доқтырхан, айтшы, бала кезіңде менің малайым болғаның рас қой?
– Рас, Бектан, – деймін күліп. – Шай алыңыздар. Қазір де құлың болып зыр жүгіруге дайынмын.
– Көрдіңдер ме? – дейді Бектұрсын масаттанып, ал, сендер менің сөзіме сенбейсіңдер.
– Әй, бастық! Шайдан басқа бірдеңең бар ма?
– Бар, көкесі, бар.
Үлкен шығармашылық ордасы болғандықтан, бізде тастай қатып қалған тәртіп бола бермейді, өзімізді еркіндеу сезінеміз. Оның үстіне Бектұрсын бастаған жігіттер жөн-жосықты білетін азаматтар. Демалыс бөлмесіне кіріп, елу-елу грамм коньяк іштік. Байқаймын, Бектұрсын мәз, достары да мәз-мәйрәм. Менің ізеттік жасап, сыйлап жатқаныма ағамның төбесі көкке сәл-ақ жетпей, достарына қоқилана қарап қояды.
…Өмірінде біреудің ала жібін аттамаған адал, аңғал, ақын ағам бұл дүниеден тым ерте озды. Бектұрсынның досы, қазақтың белгілі ақыны Болат Үсенбаевтың сөзімен айтқанда, мына жалған дүниеге ақ көйлекпен келіп, мәңгі дүниеге де кіршіксіз ақ жейдемен кетті. Осы күнге дейін бір жаңа киім алсам, оған көпке дейін үйрене алмай, өзімді біртүрлі ыңғайсыз сезінемін. Осындайда талай-талай қырдан асып, сағымдай бұлдырап, көрінбей кеткен балалық шағымды, Бектұрсын ағамның ескі киімдерін киген алаңсыз, балалық кезімді есіме аламын. Түсіме де сол күндер кіреді.

ТАУЫҚТЫҢ «КЛАССИГІ»

Алтыншы класта оқып жүргенімде аяқ астынан қағынып, ақын болғым келіп, «Мектебім», «Туған жер», «Көктем», «Дала» деген өлеңдерімді түйдек-түйдегімен Алматыдағы «Қазақстан пионері» газетіне жіберіп жаттым. Алғашқы өлеңдерімді жібергеніме үш күн өтпей жатып, ақсақ почташы Сейілбай әкеліп беретін газеттің төртінші бетіне жалма-жан үңіле қараймын. Бірақ, «мынауский» деп жазған өлеңдерім әлі басылмаған екен. Ертесіне газетке тағы шұқшидым, аты-жөнім де жоқ, өлеңдерім де жоқ. Өстіп дал болып жүргенімде бір күні менің атыма шекесінде «Қазақстан пионері» деген жазуы бар көк конвертті хат келді. Асығыс-аптыға хатты ашып, оқи бастадым.
«Құрметті Доқтырхан! – деп басталыпты хат. – Сенің өлеңдеріңді алдық. Бірақ, көркемдігі төмен болғандықтан, газетке басудың реті келмеді. Оның үстіне бұрын жазылған тақырыптарды көп қайталайды екенсің. Тың тақырыптарды жаз. Әрине, саған көп оқып, көп үйрену керек. Дегенмен, таудай талабың бар екен, хат жазып, хабарласып тұр».

Сәлеммен, әдебиет және өнер
бөлімінің меңгерушісі
Рза Қунақова.

Алғашқыда сәл ренжігенім рас, хаттың соңғы жолдарын оқығанда төбем көкке сәл-ақ жетпей қалды. Басыма Бекташ ағамның «Темірді қызған кезінде соқ» деген сөздері сап ете қалып, жазылмаған тың тақырыптарды жалма-жан іздей бастадым.
Наурыздың бас кезі болатын. Күн жылынғалы бері ауылдағы тауықтар қыт-қыт етіп, жұмыртқалай бастаған. Көзіме апам ерекше жақсы көретін қара тауық түсе кетті. Өзі де жақсы көретіндей тауық, күнде жұмыртқа табады, жұмыртқалары да жұп-жұмыр. «Міне, тың тақырып деген осы. Тез өлеңге қосу керек, тез. Мұндай тақырыпты бүгінге дейін бірде-бір ақын жазбаған шығар. Қатып кетті деген осы».
Үлкен олжа тапқандай қуанып кеттім. Құлшынып тұрған ақынға өлең деген сөз болып па?
Әп сәтте-ақ бір «туынды» дүниеге келді. Сондағы өлеңім мынау еді:
Қыт-қыт етесің,
Өзің бір пәле екенсің.
Күнде жүкті боласың,
Күнде тұқым табасың.
«Тауық» деп аталатын өлеңімді тез қағазға түсіріп, сол күні-ақ Алматыға салып жібердім. Өлеңді жазған оңай да, шығару қияметтің-қияметі екен. Күнде газет бетіне қараймын, бірақ шығатын түрі жоқ. Өзімнен де, өлеңімнен де түңіліп жүргенде, бір күні шекесінде «Қазақстан пионері» деген жазуы бар хат алдым. Көк конвертті асығыс ашып оқи бастадым. «Құрметті Доқтырхан!» «Тауық» деген өлеңіңді алдық. Мұндай ұятсыз өлең жазуға болмайды, поэзия кім көрінгеннің ойыншығы емес. Сәлеммен: әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Рза Қунақова», – деп жазылған хатты оқығанымда, басыма біреу балғамен соғып жібергендей болып, есеңгіреп қалдым.
Сөйтіп, осылайша поэзиядан жолым болмай, салым суға кетіп жүргенде, Бекташ ағам басқаратын тауық фермасына аудандық газеттің тілшісі келе қалмасы бар ма? Оның ауданның маңдайалды тауық фермасы туралы озат тәжірибе бетін жазу ойы бар екен. Тілші екі күн жатты. Әрине, ол кезде озат тәжірибенің не екенін білмеймін, ал, тілші мен Бекташ көкем екеуінің он тауық жеп, он бөтелке арақ ішкенін анық білемін.
Көп ұзамай-ақ Бекташ көкем мен оның тауықтары туралы жазылған үлкен мақала аудандық газеттің бір бетіне тұтас жарияланды. Бұдан кейін де тілші тауық фермасына жиі-жиі келіп тұратын болды. Бір келгенде тілші ағайға өзімнің өлеңдерімді оқыттым. Әсіресе, баяғы «Тауық» деп аталатын өлең тілшіге қатты ұнады. Көзінен жасы аққанша күліп, «Молодец, жарайсың!» – деп арқамнан қақты. Тілші газетке бастырамын деп бір топ өлеңдерімді ала кеткен, сөзінде тұра білді сабаз. Көп ұзамай-ақ екі-үш өлеңім жарқ етіп, ауылды бір шулаттым. Содан бастап бағым жанып кеп берсін. Аудандық, облыстық газеттерде, тіпті «Қазақстан пионерінің» өзі өлеңдерімді, мақалаларымды басып тұратын болды. Тоғызыншы класта оқып жүрген болатынмын. Жаңа оқу жылының басында Айнаш деген қыздың көрші ауылдан мен оқитын мектепке, оның ішінде 9 «Б» класына ауысып келмесі бар ма! Бекташ көкем айтатындай нағыз бет біткеннің сұлуы. Кластағы ұл біткеннің бәрі әлгі қызға ғашық болып қырылды да қалды. Мен де Айнашқа ғашық екенімді білдіріп, жата қалып өлеңдетіп хат жаздым.
Ғашықтық туралы хикаям:
Қиылған қасың,
Нешеде жасың?
Танысуға болар ма екен,
Бос болса басың, – деп шұбатылып кете береді. Бұл хатты кім көрінгеннің қолына беруге болмайды. Айнаштың өзіне тікелей тапсыру қажет. Алдын ала жасалған жоспар бойынша хатты әдебиет сабағы кезінде Айнаштың оқулығының арасына қыстырып салып жіберу керек болатын. Ғашықтық дерт бойымды өртеген мен сөйтуін сөйттім-ау, бірақ оны мұғалима Қатима байқап қалып, хатты қалтасына салып алады. Сол-ақ екен басым бәлеге қалды. Тай түгілі бас қайғы болып, ғашықтығым жайына қалды. «Өзі комсомол мүшесі, өзі мектептің қабырға газетінің редакторы бола тұрып, қыздарға ғашықтық туралы хат жазады. Бұл не деген масқара! – деп анаусы да, мынаусы да саусағымен нұқып, көзіме көк шыбын үймелетті дейсің. Ол аздай, ертең комсомол жиналысына салмақ. Бүйтіп тірідей күйік болғанша, тезірек көзімді құртайын деп көрші ауылдағы Күлпаш әпкемнің үйіне қашып кетейін деп жатқанымда, мұғалима Қатима мен оныншы кластың зіңгіттей-зіңгіттей төрт оқушысы жетіп келіп, мені дедектетіп, мектеп директорының кабинетінен бір-ақ шығарды. Бір аңғарғаным: директор онша ашулы емес, жанында отырған бейтаныс жігіт те жайдары.
– Міне, мектебіміздің маңдайалды оқушысының бірі, әрі қабырға газетінің редакторы Доқтырхан Тұрлыбековтың өзі де келді, – деді директор орнынан тұрып. – Доқтырхан, мына ағаңа жақсылап сәлем бер, ол аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. Сен Алматыда өтетін «Қазақстан пионері» газетінің мерекесіне баратын болдың. Базар ағаң сені өзі ертіп апарамын деп отыр. Сенер-сенбесімді білмедім. Бірақ, бәрі рас болып шықты. Сол-ақ екен, атағым бүкіл ауылға дүркіреп жүре берді.
– Ойпырмай, не дейсің Тұрлыбектің қалқан құлақ баласы Алматыға баратын болыпты!
– Иә, өңшең газет тілшілерінің үлкен жиналысына қатысады екен өзі.
– Анау-мынау емес, комсомолдың бірінші хатшысы алып барады екен Доқтырханды!
Алматыға жүргенше бүкіл ауылдың әңгімесі мен жайлы болды. Әрине, менің ғашықтығымды талқылайтын комсомол жиналысы болмай қалды. Ал, мұғалима Қатима болса, Доқтырхан ең үміт күтетін шәкіртімнің бірі деп, көкке сыйғызбай мақтайтынды шығарды. Бұрын мұрнын шүйіріп қарамайтын ең сұлу қыздардың өздері сыртымнан қызыға қарайтын болып жүр. Жолға жүрердің алдында айдай сұлу Айнаштың өзі: «Доқтырхан, екеуміз мәңгі-бақи дос болайық», – деп хат жазып, баяғы заманның бойжеткендеріндей кестелі орамал сыйлады маған. Бүкіл ауылды шулатып, астанаға шікірейіп, аттанып кеттім. Редакцияның кіре берісінде әдеміше келген, жылы жүзді әпкей қарсы алды. Мен қарап тұрамын ба, тақ-тақ етіп өзімді таныстырып жатырмын. Пәленше облысы, пәленше ауданындағы, пәленше атындағы мектептің 9 «Б» класс оқушысы Доқтырхан Тұрлыбековпын дегенде редакция қызметкері мырс етіп күліп жіберді.
– Ә, Доқтырхан сен бе едің, танимыз сені. «Тауық» деген өлеңнің авторы өзің емессің бе?
– Баяғы «Тауықтың» авторы осы бала екен ғой, молодец, – деп екінші редакция қызметкері менің арқамнан қағып қойды. Қалған қызметкерлер де мәз-мәйрам. Бәрі де бұрыннан білетін жандардай амандасып, жағдайымды сұрап жатыр. Кейін таныса келе олардың бәрі қазақтың мықты-мықты балалар ақындары болып шықты. Ал, мені қарсы алған әдеміше әпкей баяғы маған хат жазатын Рза Қунақова екен.
Алматыға барған бұл сапарымда мен осылайша тауықтың «классигі» атанып қайттым.

Таңдаулы материалдар

Close