Basty bet
Басты мақсат – тәуелсіздікті баянды ету
Кәсіподақ Пленумында бірқатар маңызды мәселелер талқыланды
Биыл тәу етер Тәуелсіздігіміздің тойы. Дәлірек айтсақ, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы. Ел өмірі мен халық тұрмысындағы осынау атаулы оқиғаға байланысты биыл ұйымдастырылған әрбір іс-шараның өн бойынан тәуелсіздіктің рухы, осы жылдар аралығында өмір сүрген рухы еркін халықтың тынысы айқын сезіліп тұратыны белгілі.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған іс-шаралар аясында «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіптік одағының» жұмыс жоспарына, кәсіподақ жарғысына сәйкес ағымдағы жылы қабылдаған қаулысын басшылыққа ала отырып, аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияда Жуалы аудандық кәсіподақ комитетінің салтанатты Пленумы өтті. Өткен аптаның жұма күні ұйымдастырылған маңызды шараға аудан мектептерінің басшылары және ондағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен БАҚ өкілдері шақырылды.
«Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің филиалы Жуалы аудандық комитетінің төрайымы Гүлнұр Қадырбек ашып, бұл басқосудың ел егемендігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отырғанын және оның ұстаздар, жалпы білім саласының қызметкерлері үшін маңыздылығын айта келе, сөзді «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Ерұлан Мағзымбековке берді.
Төраға Ерұлан Сәбенұлы өз сөзінде, жалпы пандемия жағдайында білім беру саласының қандай қиындықтарға тап келгенін, осындай қиын-қыстау кезеңде өңірдің білім беру саласында бірқатар өзгерістердің орын алғанын, алайда кездескен әрбір қиындықты жеңуде ұстаздар қауымының қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, білім беру саласындағы ең басты мәселелердің бірі – еңбек қатынастары екеніне тоқталып, осы орайда еңбек заңдылығында, салалық заңнамада қандай өзгерістер мен түйткілдер бар екеніне жиналғандардың назарын аудартты.
Сонымен қатар, «Жергілікті кәсіподақтың жарғылық міндеттерді жүзеге асыру барысы туралы» кіріспе баяндама жасап, саладағы бірқатар проблемалар мен жетістіктерді де сөз етті.
-Аймақтағы білім және ғылым салалық жергілікті кәсіподағының құрамында филиал мәртебесіндегі 13 құрылымдық бөлімшеге біріккен 796 бастауыш ұйым бар. Ондағы білім және ғылым саласының әр санаттағы 67 020 кәсіподақ мүшесіне қатысты жарғылық міндеттер жүзеге асырылады.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының аппараты, филиал мәртебесіндегі аудандық ұйымдар мен құқықтық еңбек инспекторлар санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, онлайн және офлайн режімінде жұмыс жүргізуде.
Салалық ұйымға Жарғылық міндетпен басымдық берілетін бірнеше жұмыс бағыты бар. Оның алғашқы әрі маңызды бір бағыты: Әлеуметтік әріптестік. Облыстық ұйым құрамында мүшелікпен қамтылған білім мекемелері мен ұйымдардың 95%-ті ұжымдық шарт жасаған.
Кәсіподақ ұйымдарын ашу мен тиісінше ұжымдық шарт жасау жұмысы жекеменшік-әлеуметтік серіктестік аясында ашылған балабақша, мектеп, қосымша білім беру ұйымдарында жүргізілуде. Ұжымдық шарттар арқылы сала қызметкерлерінің бірқатар әлеуметтік маңызды түйткілдерінің шешімі табылуда. Олардың қатарында жалақы есептеудегі заңдылықты қамтамасыз ету, жұмыс уақыты мен демалыс уақытын ұйымдастыру сұрақтарын оңтайлы шешу, еңбек қорғау мен қауіпсіздік шараларын нығайту, еңбек қатынастарында заңмен реттелмеген олқылықтардың орнын толтыру, кәсіподақ органдары қызметінің кепілдіктерін сақтауды атап өтуге болады.
Республика бойынша тек біздің облыста білім мекемелері мен ұйымдарындағы кітапхана қызметкерлерінің еңбекақысы 35%, медициналық қызметкерлердің еңбекақысы 15-50%, қаржы-экономикалық қызмет мамандарының жалақысы 50%-ға артуы әлеуметтік-әріптестік пен ұжымшарттық жұмыс арқылы жүзеге асып отырғанын айтқым келеді.
Келесі жұмыс бағытымыз еңбек заңдылығының орындалуына қоғамдық бақылау жүргізу немесе құқытық қорғау жұмысы. Осы ретте, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы дәнекер, мәмілегерлік жүргізудің бірден-бір жолы ретінде 2010 жылы эксперимент ретінде арнайы құқықтық қызмет жасақталды. Бүгінгі күні инспекцияда 14 білікті заңгер еңбек етеді. Жылына орта есеппен білім кәсіподағына 8000 мыңға жуық ауызша-жазбаша арыз-өтініштер түсетінін ескерсек, осы өтініштердің 95% әлеуметтік-әріптестік аясында келіссөз арқылы шешіледі. Еңбек дауларының да дені сотқа дейінгі келісу комиссиялары арқылы шешімін табуда.
Хат алмасу, әлеуметтік-әріптестік актілері, келісу комиссиялары арқылы кәсіподақ ұсынысымен білім және ғылым саласының әр санаттағы өкілдеріне кем төленген жалақыдағы айырма, өтелмеген іссапар шығындары, сауықтыру жәрдемақысындағы олқылықтар, ақылы еңбек демалыстары мен қосымша ақылы демалыстарды дұрыс рәсімдемеу, оқу жүктемелерін жөнсіз төмендету, ауылды жерде жұмыс атқарғаны үшін берілетін көтерме ақылар, айлық көтерілген кездегі арттыру коэффициенттерін ескермеу, аттестация жүргізудегі түйткілдер салдарынан бірқатар бюджеттік қаражат қайта есептеліп, сала қызметкерлерінің игіліне беріліп келеді.
Салалық ұйымның жұмыс бағытының бірі – кәсіподақ оқулары мен ақпараттық жұмыс. 2015 жылдан бастап кәсіподақтық оқу-әдістемелік орталығы жұмыс жасайды. Оның бастамасымен өңірлік, аймақаралық, республикалық, халықаралық кәсіподақ оқулары, көшпелі құқықтық семинарлар ұйымдастырылуда,- деді Ерұлан Сәбенұлы.
Ал келесі кезекте «2021-2023 жылдарға қабылданған әлеуметтік-әріптестік актілерінің нормалары мен ережелері және олардың қабылдануы» туралы төраға орынбасары-құқықтық қызмет басшысы Берік Баймағанбетов кең көлемде баяндама жасады. Ол өз сөзінде еңбек заңдылықтары мен еңбек кодексіне енген өзгерістер, кәсіподақтар жұмысын ілгерілетуде келісім коммисияларын құру мәселесі, орын алған еңбек дауларын шешу, жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімі, тәртіптік жазаларды қолдану тәртібі, педагогтардың қашықтан жұмыс істеу кезіндегі ережелері туралы жиналғандарға егжей-тегжейлі баяндады.
Кәсіподақ филиалының маманы Жанболат Орынбеков педагог қызметкерлерді аттестаттау ережесі мен тәртібінің түйткілдері мен оны шешу жолдары туралы жан-жақты түсінік берді. Ал семинардың келесі сұрақ-жауап бөлімінде қатысушылардан түскен сұрақтарға «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің басшылары мен өкілдері заң шеңберінде жауаптар берді.
Семинарды қорытқан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, бастауыш кәсіподақ ұйымдарында еңбек қатынастарын реттеу мәселелеріне баса мән беру керектігін атап өтіп, еңбек дауларының өте күрделі мәселе екеніне мекеме және бастауыш ұйым басшыларының назарын аударды. Сонымен қатар, білім саласы қызметкерлерінің ең басты міндеті – тәуелсіздікті баянды ету екенін тағы бір еске салды.
Жиын соңында бірқатар мектеп директорлары, бастауыш ұйым басшылары кәсіподақтың облыстық филиалының Құрмет грамоталарымен, тағы да басқа салалық медальдар мен марапаттарға ие болды. Марапаттарды облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Е.Мағзымбеков салтанатты жағдайда тапсырды.
Түскі үзілістен кейін жиын Пленум жұмысымен қайта жалғасты. Онда «Кәсіподақтың жарғылық талаптарды орындау жағдайы және қоғамдағы рөлін күшейту мен еңбекккерлердің сенімін нығайту міндеттері туралы», «Филиал комитетінің құрамындағы өзгерістер мен толықтырулар туралы», «Жергілікті кәсіподақ филиалының 2022 жылға арналған қаржылық кіріс және шығыс сметасын бекіту туралы», «Бастауыш кәсіподақ ұйымын құру және қызметін тоқтату туралы» мәселелер қаралып, пікірлер алмасылды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»